МҮЛІКТІ ЖАРИЯ ЕТУДІҢ ЖАЙ-ЖАПСАРЫ

0 82

Елімізде мүлікті жария ету науқаны жалғасып жатыр. Астанада аталған акцияның барысын әр ауданда құрылған комиссиялар бақылап отыр. Сарыарқа ауданы әкімінің орынбасары, аудандағы мүлікті жария ету науқанына жауапты Ришат Тұрдыбеков бізді аталмыш аумақта осы күндерге дейін атқарылған жұмыспен таныстырды.

Оның айтуынша, бүгінгі күнге дейін аудандағы мүліктің жария етілуін қарайтын комиссияға 5641 нысан бойынша 2087 арыз келіп түскен. Соның ішінде 5479 жылжымайтын мүлікке қатысты 2019 арыз қаралып, 2347 мүлік бойынша оң шешім шығарылды. Ұсынылған құжаттардың ҚР заңнамаларына сәйкес келмегендіктен және то­лық болмауынан 2735 нысан бойынша 1160 арыз кері қайтарылды.

«Осы ретте мынаны айта кетейін: мүліктерін жария еткісі келетін адамдар комиссияға сәйкес өтінішті, жеке басын куәландыратын құжаттың түп­нұсқасын көрсетіп, оның көшірмесін өткізуі керек. Сон­дай-ақ, ғимараттар мен құры­лыстардың құрылыс нор­малары мен ережелеріне сәй­кестігін техникалық тексеруді жүзеге асыратын аттестатталған са­рап­шының қорытындысы мен жылжымайтын мүліктің техникалық паспортын тапсыруы тиіс», деген Р. Тұрдыбеков кері қайтарылған құжаттарды толықтырып, қайта тапсыруға және комиссия шешіміне немесе мүлікті жария ету барысында туындаған дауларға қатысты ҚР заңнамаларына сәйкес сотқа шағымдануға болатынын айтты.

Аудандағы комиссия төраға­сының сөзінше, халық негізінен тұрғын үйлерді, тұрғын немесе тұрғын емес жайларды, шаруашылық құрылыстарды, гараждарды заңдастырғысы келеді. Келіп түскен арыздар көбінесі осы мүліктерге қатысты болған. Комиссия шешім қабылдарда ғимаратпен белгілі бір құрылыстың құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкестігіне, құрылыстың 2014 жылдың 1 қыркүйегіне дейін салынуына, сондай-ақ, мүлікті жария етуге арыз берген адамның иелігіндегі жер телімінің мақсатты пайдалануына ерекше назар аударады.

Мүлікті жария етуге қатысты арыздар мен сұрақтар Астана әкімдігі мен аудан әкімдігінің сайт­тарына, қала әкімдігінің кеңсесі арқылы да түсуде екен. Осындай жолмен 36 өтініш келіп түсіп, оларға тиісті жауаптар берілді.

Р. Тұрдыбеков аудан әкімдігі мүлікті (ақшадан өзге) жария ету бойынша арыздарды аталған науқан аяқталғанша, яғни биылғы жылдың 30 қарашасына дейін қабылдайтынын, сұрақтар туындайтын болса, 55-66-02 телефон нөмеріне хабарласуға болатынын айтады.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Материалды “Астана ақшамы” газетінің astana-akshamy.kz ресми сайтына сілтеме жасағанда ғана пайдалануға рұқсат етіледі.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 + two =