МҮЛІКТІ ЖАРИЯ ЕТУ ЖАЙЫ ҚАЛАЙ?

0 122

mortgage_strat

Мемлекет басшысы биыл 30 маусымда қол қойған «Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға және Қазақстан Рес­публикасында тұруға ықтиярхаты бар адамдарға олардың мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау туралы» заң 2014 жылдың 1 қыркүйегінен бастап күшіне енді. Осыған байланысты Астана қаласында да арнаулы комиссиялар құрылып, жұмыс істей бастады.

Жалпы, мүлікті жария ету акциясы әлем елдерінде бар тәжірибе. Франция, Португалия, Австралия, АҚШ сынды елдер мұндай науқанды бірнеше рет өткізген. Себебі, тасада жатқан мүлікті алып шығу – қай елде де өзекті мәселе. Қазақстан да бұл науқанды тиянақты түрде қолға алды. Оған «көлеңкелі» айналымда жүрген қомақты қаржы себеп болып отыр. Бұл, бір жағынан, ел экономикасына қаржы тартуды да көздейді. Сонымен, мүлікті жария ету дегеніміз, заң тілімен айтқанда, табыстарды жасыру мақсатында заңды экономикалық айналымнан шығарылған және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ресімделмеген немесе тиісті емес тұлғаға ресімделген мүлікке қатысты құқыларды мемлекеттің тану рәсімі. Биылғы қыркүйектен бастап қолданысқа енген заң бар мүлікті жария етіп, заңдастыруға мүмкіндік береді. Оған қазақстандық азаматтар, оралмандар мен елімізде тұруға ықтиярхаты бар адамдар қатысып, заңда белгіленген тәртіппен мүлкін жария ете алады. Сондай-ақ, азаматтар еліміздің аумағынан тыс жердегі мүлікті де жария ете алады.

Бұған дейін елімізде екі рет мүлікті заңдастыру шарасы өткені белгілі. Оның алғашқысы 2001 жылдың шілде-тамыз айында өтті. Онда еліміздің 3 мыңға жуық азаматы 480,0 миллионнан астам АҚШ долларын жария еткен.

Ал, екіншісі 2006-2007 жылдары аралығында ұйымдастырылды. Онда тек капитал ғана емес, жылжымалы және жылжымайтын мүлік те заңдастырылды. Соның нәтижесінде республикалық бюджетке шамамен 60 млрд теңгенің жария ету алымы түскен.

Биылғы мүлікті заңдастыру шарасы да ел экономикасын дамытуға айтарлықтай үлес қоспақшы.

Сонымен, 1 қыркүйектен бастап Астана қаласының барлық аудан әкімдіктері жанынан мүлікті жария етуге қатысты арнаулы комиссиялар жұмыс істей бастады. Әркім өзінің аудандық әкімдігі ғимаратына барып, мүлікті заңдастыру төңірегіндегі кез келген сауалына жауап алып, тиісті құжаттарын тапсыра алады.

Алматы ауданы бойынша мүлікті жария ету бойынша комиссия науқан басталған алғашқы күні 70 адамды қабылдап үлгерді. Мұнда мүлікті заңдастыруға қатысты келген адамдарды қарсы алып, комиссия хатшысы мен заңгер отырған кабинетке ертіп баратын қоғамдық қызметкерлер тағайындалыпты. Комиссия хатшысы Гүлбаршын Оразбекованың айтуынша, мүлікті заңдастыруға байланысты жұмыстар ауқымды әрі жауапты. Сондықтан, мұндай азаматтардың көмегі оларға аса маңызды.

– Әзірше біздің қабылдағандардың көпшілігі қажетті құжаттар тізімін алуға, қатысу шарттарын білуге келіп жатыр. Алғашқы күні келген 70 адамның 24-і ғимараттар мен құрылыстарға техникалық тексеру жүргізетін сарапшының қорытындысын алуға өтініш жазды. Оларға сарапшылардың байланыс телефондарын бердік. Енді қайсы сарапшының көмегіне жүгінетінін өздері шешеді,– дейді комиссия хатшысы.

Мұнда келгендердің құжаттары қабылданғаннан кейін оларға кезек нөмірі белгіленіп, арнаулы журналға тіркеледі екен. Содан кейін құжаттар комиссия қарауына жіберіледі. Заң бойынша комиссия жария етуге өтініш пен тиісті құжаттар келіп түскен күннен бастап оларды 30 күннен аспайтын мерзімде қарап, тиісті шешім қабылдауға тиіс.

Аудан әкімінің орынбасары Әлихан Қуатбеков төрағалық ететін Алматы аудандық мүлікті жария ету бойынша комиссия бүгінге дейін 122 адамды қабылдап, тиісті мәліметтер берген.

Ал Сарыарқа ауданы мүлікті жария ету бойынша комиссияның төрағасы, аудан әкімінің орынбасары Ришат Тұрдыбековтің айтуынша, алғашқы күні түске дейін осында 65 адам кеңес алуға келген. Жалпы, сол күні Сарыарқа аудандық комиссиясы барлығы 90 адамды қабылдапты. «Мүлікті заңдастыруға байланысты жұртшылықты толғандырған мәселелер баршылық екен. Кейбіреулер заң аясында жекеменшік пәтерін қайта жобалауға бола ма деп те сұрап жатыр. Мүлікті жария ету туралы заң шеңберіне жатпайтын мұндай сауалдарға да жауап беріп, онымен айналысатын тиісті мекемеге жібердік. Бағалы қағаздарды заңдастыру мәселесімен келгендер де болды. Біз оларға аудандық комиссия тек жылжымайтын мүлікті заңдастырумен айналысатынын түсіндірдік. Жалпы, жұртшылықтың көбі үйінің қасында салынған монша, гараж сынды қосалқы ғимараттарды заңдастыру мәселесімен келіп жатыр» дейді комиссия төрағасы.

Есіл ауданы әкімдігінде құрылған комиссия да жұмысқа кірісіп, 2 қыркүйекте (алғашқы күні) – 37, ертеңінде 25 адамды қабылдаған. «Мүлікті жария етудің алғашқы күндері азаматтарға заңның шарттары жөнінде кеңес берілгендіктен, бірде-бір құжат тіркелген жоқ. Бұған кейбір адамдардың тиісті құжаттарының түгел болмауы да себеп болды» дейді Есіл аудандық комиссиясының хатшысы, аудан әкімінің кеңесшісі – ішкі бақылау жөніндегі бас инспекторы Дәурен Мәделханов.

Қымбат НҰРҒАЛИ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

9 + 14 =