МҮЛІКТІ ЗАҢДАСТЫРУШЫЛАР КӨБЕЙДІ

0 97

Елімізде мүлікті заңдастыру акциясы биылғы жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзартылғаны белгілі. Дәл қазіргі уақытта Астана қаласының жергілікті атқарушы органдары жанындағы комиссияға сәуір айының 11-не дейін 6 197 өтініш келіп түскен екен.

image107211

Осы көрсеткішті елордадағы аудандарға бөліп қарайтын болсақ, Алматы ауданы бойынша үш мыңға жуық өтініш тіркелгенін көреміз. Заңдастырылуы тиіс нысандардың жалпы құны 47,0 млрд теңгені құрайды. Осының ішінде 26,3 млрд теңгеге бағаланған мүлік тұрғын үй нысандары болса, тұрғын үйге жатпайтын нысандар құны 20,2 млрд теңге. Коммерциялық нысандар 13,4 млрд теңге шамасында. Қалғандары заңды тұлғалардың үлесіне тиесілі мүліктер.
Есіл ауданынан мыңнан астам өтініш түскен. Яғни, азаматтар жалпы құны 22,1 млрд теңгеден асатын мүлікті заңдас­тыруды өтінеді. Оның 16 млрд теңгеден астамы тұрғын үй нысандары, 6,1 млрд теңгесі тұрғын үй болып саналмайтын нысандар. Қалғаны коммерциялық жылжымайтын мүліктер болып танылған.
Сарыарқа ауданынан есепке алынған өтініш – 2 265. Заңдастырылуға ұсынылған нысандардың жалпы құны бұл ауданда 14 млрд теңгеге жуықтайды. Оның 8 млрд теңгесі тұрғын үй нысандары саналса, 6 млрд теңгеге жуық бағаланған нысандар тұрғын жайларға жатпайды. Бұл ауданда заңдастыру көзделген коммерциялық нысандардың құны 5 млрд теңге көлемінде.

Бүгінде арнайы комиссия үш мыңға жуық өтінішті қарап, мақұлдаған. Соның нәти­жесінде 5 663 нысан заңдастырылған. Олардың жалпы құны 26,4 млрд теңге болады. Сондай-ақ, қаражаттарды заңдастыру нәтижесінде акция басталған уақыттан бері 128,0 млрд теңге жарыққа шыққан. Ал заңдастырылған құнды қағаз 8 млрд теңгеден асады. Мұның бәрі 63 арнайы декларация арқылы жүзеге асқан.

Орайы келгенде айта кетейік, жыл басынан арнайы заңға өзгеріс енгізу нәтижесінде бүгінде ақшалай қаражаттарды заңдастыру тәртібі біршама жеңілдеген. Мамандардың айтуына қарағанда, қар­жысын немесе мүлкін заңдастыру ар­қылы азаматтар, бірінші қылмыстық қудалаудан сақтандырылады, екінші әкімшілік жауапкершіліктен құтылып, салық төлеуден босатылады. Біле білгенге бұл – үлкен жеңілдік. Сондай-ақ, құзырлы органдар мүлкін заңдастырушы азамат жайлы ақпараттардың құпиялығын да қамтамасыз етуге кепілдік береді. Сондықтан мұндай мүмкіндікті жіберіп алмаған абзал.

Меңдолла  ШАМҰРАТОВ 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 + 6 =