МҮЛІКТІ ЗАҢДАСТЫРУҒА МҮДДЕЛІЛЕР КӨП

0 156

5af7d8922dae05c7c627c6f7017

Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кіріс департаментінің мәліметінше, бүгінге дейін жергілікті атқару органдарында жалпы көлемі 103,8 млрд теңге болатын барлығы 7 867 өтініш келіп түскен. Бүгінге дейін бұл өтініштердің басым бөлігі қанағаттандырылып, қала бойынша жалпы құны 35 млрд теңге болатын 7 223 нысан заңдастырылды.

Бұл нысандардың 11-і – Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлердегі жылжымайтын мүлік. Бұ­лардың жалпы құны – 0,5 млрд теңге. Сондай-ақ, ел аумағынан тыс тағы жалпы құны 6,3 млн теңгенің үш бірдей заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесі заңдастырылып, құны 1,1 млрд теңге болатын 10 нысан бойынша бес арнайы декларация тапсырылған.

Қаржыны қалай заңдастыруға болады?

Қаржыны екі тәсілмен заңдастыруға болады. Ақша қаражатты банк шоттары арқылы рәсімдей аласыз. Бұл қаражатты азаматтар қалауынша бизнеске, жылжымайтын мүлік сатып алу секілді операцияларға жұмсай алады.
Бұл жағдайда ақшаның 10 пайызы алым ретінде алынады. Сонымен қатар, шетелде немесе қолма-қол айналымдағы ақшаны банк шоттарында көрсетпей, өтініш жазу арқылы жария етуге болады. Бұл ретте бюджетке 10 пайыздық алым төленеді. Ең дұрысы, ақша қаражатынан басқа мүлікті жергілікті атқарушы органның жанындағы комиссияға өтініш беру және тиісті құжаттарды беру арқылы заңдастыруға болады. Бұл ретте алым алынбайды. Тек мүлікті заңдастырған адам оны тіркеу, соның ішінде құжаттарды дайындау мен жасау бойынша шығындарын төлейді.

Қаржыны заңдастыру бойынша да жұмыс бел­сенді жүргізіліп жатыр. Бү­гінге дейін 458,2 млрд теңге көлемінде ақша заң­дастырылды. Тағы 1 439 670 мың теңгенің арнаулы есепте тұрған 18 нысаны ресми түрде тіркеліп, тізімге алынды. Соның ішінде шотқа енгізбей 82,5 млн теңге заң­дастырылды; 8,2 млн теңге мөл­­ше­рінде 10 пайыз алым төленген. Со­ны­мен қатар, 8,1 млн теңгені құрайтын құн­ды қағаздар заңдастырылыпты.

Ресми органдардың мәліметіне сүйенсек, әсіресе, соңғы уақыттарда еліміздің барлық өңірінде өтініш берушілердің саны күрт өсіп, көлеңкедегі қаржысын жарыққа шығарып, қол астындағы мүлкін тізімдетушілердің қатары көбейген. 21 қыркүйекке дейінгі есеп бойынша, Мемлекеттік кіріс органдары мен Мүлікті заңдастыру жөніндегі комиссияға барлығы 2 722,2 млрд теңге сомасында 109 803 өтініш келіп түскен. Бұлардың 105 835 -і ел аумағында тіркелген мүліктерге қатысты болса, 150-і – шет елде тіркелген нысандар. «Бүгінде бұлардың 100 мыңнан астамы заңды түрде тіркеуге алынды. Ақша, бағалы қағаз – барлығын қосқанда, 2,4 трлн теңгеден астам қаржы заңдастырылды. Оның 818,8 млрд теңгесі – қолма-қол ақша. Қалғаны – жылжымайтын мүлік, заңды тұлғалардың жарғылық капиталындағы қатысу үлесі және құнды қағаздар» делінген Қаржы министрлігінің мәліметінде.

Қандай құжаттар қажет?

Жылжымайтын мүлікті жария ету үшін салық органдарына (жеке тұлғалар тіркелген жері бойынша, заңды тұлғалар мемлекеттік тіркелуі бойынша) екі дана өтініш, алымның төленгенін растайтын және жеке басын куәландыратын құжат өткізесіз. Ал заңды тұлғаның өкілдері үшін заңды тұлғаның мемлекеттік тіркелу туралы куәлігі, салық төлеуші куәлігінің нотариатпен куәландырған көшірмелерін және олардың өкілеттігін растайтын құжаттар қажет.
Шет тілде ресімделген құжаттар мемлекеттік тілге немесе орыс тіліне нотариат куәландырған аудармасымен табыс етілуге тиіс.

Экономикалық зерттеулер институты сарапшылары елімізде осымен үшінші рет өткізіліп отырған заңдастыру науқанында 2,2 трлн теңге көлеміндегі мүлік жария етіледі деп болжам жасаған. Алайда, бүгінге дейін бұл көрсеткіш 2,4 трлн теңгеге жуықтап отыр. Ал науқанның аяқталуына әлі 3 айдан астам уақыт бар.

Бүркіт НҰРАСЫЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × one =