МУЛЬТИМЕДИЯЛЫҚ САБАҚ

0 193

сабақЕл тәуелсіздігінің 22 жылдығы қарсаңында Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасында интерактивті оқыту технологиясы бойынша «Қазақ елі» атты мультимедиялық сабақ өтті.

Астанадағы №54 мектеп-лицейдің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің бірінші санатты мұғалімі Фатима Жақаева жүргізген ашық сабаққа осы мектептің 5 «а» сыныбында оқитын он алты оқушы белсене қатысты.

Алдымен залдағы қонақтармен, сосын бір-бірлерімен жылы амандасқан балалар ерекше сабақты еліміздің әнұранымен бастады. Одан соң Елбасының: «Біз тәуел­сіз­дікке аңсап, зарығып жеттік. Енді сол тәуелсіздіктің қасиетті белгілерін де ерекше қадірлеуіміз, қастерлеуіміз керек. Әрбір азамат Қазақстанның Туын, Елтаңбасын, Әнұранын тұмардай қасиет тұтуы қажет. Елдігіміздің сыналатын бір тұсы осы» деген сөздерін еске салған мұғалім үй тапсырмасын пысықтауға кірісті. «Барыс» және «Сұңқар» тобына бөлінген балалар Қазақстан және тәуелсіздік туралы толғамды ойлар мен қанатты сөздерді жазып, атақты ақындардың және өздерінің жанынан шығарған өлең-жырларын жатқа оқыды. Тақырыпқа байланысты үйден салып әкелген суреттерінен олардың туған елдің тау-тасы мен өзен-көлін сүйетіндіктері, батырларын мақтан ететіндіктері және бейбітшілікті жақтайтындары айқын аңғарылып тұрды.

Балалар мемлекеттік Ту, Елтаңба, Әнұран туралы білетіндерін ортаға салып, тудың түсі неге көгілдір екенін, Елтаңбадағы шаңырақ, бес бұрышты жұлдыз және қос пырақ нені білдіретінін айтып, Ту мен Елтаңбаның авторларын атағаннан кейін ұстаздары жасырған сөзжұмбақтарды жарыса шешті.

Интерактивті тақта арқылы «Көшпенділер» фильмі­нен үзінді көріп, соның төңірегінде ой өрбітті. Әсіресе, үзін­діде келтірілген «ұланғайыр», «әмір ету», «ізгілік», «боздақ», «атырап», «құрбан болу», «ата қоныс» деген сөздердің мағынасын ашуда Томирис, Айдана есімді оқушылар алдарына жан салмады.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one × three =