МУЛЬТИКУЛЬТУРАЛИЗМ МІНБЕРІ

0 1  190

Өткелі отырған төртінші съезді алдыңғы кездесулерден ерекшелейтін тақырыптың бірі – дін мен мультикультурализм мәселесі. Дін кез-келген адам баласына тікелей немесе жанама әсер ететіндіктен, дін және оның функциялары туралы барлық қоғам мүшелері хабардар деуге болады. Ал, мультикультуарлизм терминін біреу естісе, біреу білмесі анық.

Мультикультурализм ХХ ғасырдың 60 жылдары Канадада елдегі этно-мәдени, нәсілдік, діни әртүрлілікті білдіру үшін пайда болды. 1971 жылы ресми мойындалған мультикультурализм Канадамен қатар АҚШ, Еуропа елдерінде де кең дамыды. Саяси, экономикалық мәселелерде ыңғайлы әрі демократияның бір көрінісі болып қабылданған бұл құбылыс, уақыт өте келе өз әлсіздігін дәлелдеп берді. Мысалға, қазіргі таңдағы алдыңғы қатарлы Еуропа елдері өздеріндегі мультикультурализм идеясының құрдымға кетуде екендігін ашық айтуда. Өйткені, кейбір елдерде тарихи төл мәдениет құлдырап, кірме мәдениеттердің гүлденуі байқалады. Өз кезегінде мемлекеттің ұлт құраушы халқының өз тарихи болмыс-бағдарынан айырылу қаупі туындауда.

Қазіргі таңда осы мәселе тек Америка немесе Еуропа елдерін ғана емес өзге де мемлекеттерді алаңдатуда. Сол себепті, әр діннің өкілі, әр елдің белгілі саясаткерлері қатысатын, әлем жұртшылығы назар аударатын мұндай шарада ұлтаралық, дінаралық түсіністік пен келісімді сақтай отырып мультикультурализм феноменін жан-жақты талқылау, мәдени ерекшеліктерді сақтау мен толеранттылықты нығайту жолдарын қарастыру аса маңызды жұмыс болып саналады.

Әр елдің болашағы жастар, олардың қандай құндылықтарды бойына сіңіріп өсуіне байланысты мемлекет, ұлт болашағы айқындалатыны анық. Жаһандық заман талаптарында жастар арасында түрлі келеңсіз оқиғалар көптеп орын алуда, олардың басым көпшілігі нашақорлық, өзін-өзі өлтіруге ұмтылушылық, түрлі заң бұзушылықтар екендігі әмбеге аян. Осыған қоса, заманымыздың рухани кеселіне айналып отырған жалған діни ағымдар мен экстремисттік топтар да өз назарларынан жастарымызды тыс қалдырмауда. Түрлі әлеуметтік желілер арқылы әр секундтарын жастарды өз қармағына түсіруге арнайтын мұндай жат пиғылдылардан жастарды қалай аман сақтауға болады? Жастар адамзат болашағы екендігін ескерсек, оларға қатысты мәселелердің жаһандық деңгейдегі проблемалар екендігі анықталады. Сол себепті де осы мәселелерді шешудегі діннің, діни тәрбиенің орнын анықтау, жастар құқығын қорғау, рухани құлдырауға апаратын зиянды құбылыстарды түбірімен жою жолдары және өзге де көптеген мәселелер дін лидерлерінің талқысына түспек.

Оның маңыздылығы жоғарыда келтірілген әлемнің тұрақты дамуы, дін мен мультикултурализм мәселелері, ел, ұлт болашағының негізі – әйел, жастарға қатысты мәселелерді әлемдік деңгейде талқылауға арналғандығында болып отыр.

Гүлнафиз ТОҚТАРОВА,
Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының ғылыми қызметкері

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

10 − 7 =