Мультфильм саласы малтығып қалмасын

1 298

Мультфильм рухани тәрбиелік рөлімен қатар әлемдік экономиканың тиімді бір бөлшегі болып саналады. Бұған мысалдар келтірудің қажеті жоқ. Мультфильмнің қаржылық айналымы әлемде жүздеген миллиард АҚШ долларын асып триллиондық көрсеткішке бара жатыр. Ақпараттық технологиялар бизнесі космостық жылдамдықпен дамып жатқан сала десек, мультфильм бизнесі де көз ілеспестей жылдамдықта дамуда. Яғни, мультфильм – қазіргі таңдағы әлемдік нарықтағы орасан зор пайдалы бизнес көзі.Мультфильмді дамытуда Орта Азия мемлекеттерінің жағдайы біз қатарлы немесе төмен. Ал Ресей мен Қытай әлемдік нарықта алдыңғы орын аламыз деп мультфильмді дамытуда сан тәсілді қолдануда. Ол тәсілдер нәтижесін беруде. Біз де өз жолымызды іздеп келеміз.
Меніңше, біз әлі сол бір орында тұрмыз. Мемлекет мультфильм дамысын, көп жасалсын деп қаржы бөлуде. Бұлай көңіл бөлуі ерекше қуантады. Бүлдіршіндер қуансын, балалық шағы бақытты болсын деп қамқорлық жасауда. Өкініштісі, бұл мультфильм саласының аяғынан тік тұруына жасалынып жатқан үлкен мүмкіндік екенін түсінбей келеміз. Анимация бизнестің бір бөлшегі екенін ұғынуымыз керек, нарықтың «ақша-тауар-ақша», «тауар-ақша-тауар» деген принциптерін ескеруіміз тиіс. Ал қазір мемлекет берген қаржы құмға құйылған су секілді жоқ болып кетуде. Ол қаржының халықтың қаржысы екенін сезінуден қалып барамыз. Патриоттық тәрбие береміз деп шектен тыс фанатизмге кетіп қалудамыз. Бұл – бөлек әңгіме. Дегенмен, мұндай мультфильмдер мультфильм бизнесін қалыптастыра ала ма? Жаһандану дәуірінде нарықты игерген салалар ғана аяғынан тік тұра алатынын экономистер айтып келеді. Яғни мұны түсінген салалар нарыққа бейімделуде. Ал біздің елдегі мультфильм саласы осы нарыққа бейімделді ме? Әрине, жоқ. Оның тағы бір себебі «өз сиырына жем-шөп тауып, бағып, күтіп сауудан көрі өкіметті сауған әлдеқайда арзан әрі тиімді» екенін біліп «мультфильмді бизнеске айналдыруға болмайды, бұл мүмкін емес… Сапасыз дүние пайда болады, ұрпақ санасын бұзамыз» деген псевдопатриоттық сөздермен шыр-пыр болуда. Әркімнің өз пікірін айтуға құқы бар. Қарапайым математикамен санап көрейікші, Үкімет соңғы 5 жылда мультфильмге қанша қаржы құйылды? Сол қаржы қанша қайтарым берді? Нақты қанша қаржы кеткенін айта алмаймын, өйткені мен сұрағанда бюджеті құпия екенін айтты. Бірақ ізденістерім аз да болса нәтижесін берді. Яғни, бір он минуттық мультфильмге 15-25 миллион теңге бөлінеді екен. Жылына сондай мультфильмнің бесеуі шығады дейікші. Және толықметражды бір мультфильм (кейде екі) жасайды дейік. 5 мультфильмді 10 минутқа және оны ең аз деген 15 миллион теңгеге көбейтейік, сонда 75 миллион теңге жұмсалды. Енді толықметражды мультфильмнің бюджетін анықтайық. Орта есеппен 90 минуттық мультфильмге 135 миллион теңге бөлінді. Екеуін қоссақ, 210 миллион теңге шықты. Бұл – бір жылдағы бюджеті. Оны бес жылға көбейтсек, 1 миллиард 50 миллион теңгені құрайды. Сұрақ? Осы миллиардтар қанша қайтарым берді?
0, 001% бар ма? Егер бар болса, онда бұқаралық ақпарат құралдары көзден таса қалдырмас еді. Ал «Балапан» телеарнасы мультсериалдар шығарады. Бюджеті әлдеқайда аз. Саны бар. Телеарна жұмсалған қаржыны кері қайтара алды ма? Бұл сұраққа өздері жауап бергені дұрыс. Сырттан тон пішу емес, осы мультфильм саласында жүрген соң, көп жылдан бері мультфильмді қалай дамыту керек деген ізденісімнің нәтижесін баян етіп отырмын.Айтқанның аузы жаман, жылағанның көзі жаман

Мультфильммен нарыққа қорықпай кіруіміз керек, оған мүмкіндік бар. Жағдай да жасалуда. Мәдениет және спорт министрлігі, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мультфильмнің дамуына қол ұшын беруде. Бірақ нарыққа бейімделуге сала мамандары қарсы секілді. Себебін жоғарыда айтып кеттім. Мультфильмге бөлінетін қаржының бюджетке қайтуын және пайдамен қайту жолын қарастыратын уақыт жетті.
Осы уақытқа дейін құмға сіңген су секілді жоқ болған қайтарымы жоқ мультфильмге (жалпы өнерге де) бөлініп келген қаржыны енді болашағы бар, бәсекеге қабілетті персонаждар мен сценарийлердің қаржылық пайда әкелетін туынды екеніне көз жеткізіп барып бөлу міндеттелуі керек. Ол үшін қаржы салатын инвесторларды тарту қажет. Яғни, мультфильмге инвестицияның тартылуы сұранып тұр. Үкімет бұл жерде автор мен инвестор арасындағы құқықтық, экономикалық және тағы бір екі сұрақтар бойынша гарант қызметін атқарады әрі қадағалаушы болады. Инвестор қаржы салатын болғандықтан өздері арнайы эксперттік комиссия құрып, солардың шешімі арқылы қаржылық пайда әкелетін жобаларды анықтайды да іске кіріседі. Сонда барлық мультфильм мамандары, студиялары және кез келен азамат тең құқықты, таза бәсекелестікті сезініп бүкіл қабілетін көрсетері анық.

Инвестор тарту – бәсекеге жол

Мультфильм өнімі әлем нарығында 250 миллиард АҚШ долларын құраса, көрші Ресейдің үлесі 1%, яғни 2,5 миллиард АҚШ доллар екен. Көршілеріміз мультфильм шығаруды 2022 жылға дейін 3 есе көбейтеміз деп отыр. Біздің елде кино саласына мысалы, 2021 жылға бөлінген қаржы 1 миллиард теңгеден аса шамасында болса, оның қаншасы мультфильмге бөлінетіні белгісіз бестен бірі болуы мүмкін. Бұл жерде басқа инвесторлар секілді мемлекет те инвестордың рөлін атқару керек.
Әлемдік нарық елдің жер аумағына, халқының санына қарамайтынын ескеріп бүкіл потенциалымызды пайдалансақ қана сол салада жетістікке жете аламыз. Халқының саны біздің елмен бірдей Нидерланды елі әлемде «Қызғалдақ елі» ретінде танымал. Жер көлемі бірнеше есе кем. Егер Қазақстан бойынша мультфильм саласына мыңдаған маман даярлап жұмыс істесек, онда әлемде Қазақ елі «Мультфильм еліне» айнала алады. Сонда мемлекет, инвестор салған қаржылар еселеп қайтатыны ақиқат. Көп адам жұмыспен қамтамасыз етіледі. Және маркетингтік саласы артып мыңдаған адам жаңа кәсіп үйреніп, олар да жұмыспен қамтылатыны айдан анық. Әлемдік нарыққа шығып пайдаға кенелсек, жұмыс орны пайда болады. Бұл жерде бренд мультфильмдердің маркетингі қоса айтылып отыр. Ойыншық шағаратын зауыттар, киім тігетін фабрикалар және жалпы жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары, ойын-сауық алаңдары мен мекемелері, франчейзингі бар, интернеттегі қосымшалар, әлеуметтік желілердегі бизнес көздері іске қосылатыны тағы бар. Кіші және орта бизнес өркендейді. Мәдени ошақтар жүздеп ашылады. Ұлттық құндылықтар өркендейді. Халықаралық туризмнің дамуына орасан ықпалын тигізетіні ақиқат. Әлеуметтік саланың хал-ахуалының көтерілуіне орасан зор пайда тигізеді.
Мультфильммен айналысатын мемлекеттік мекемелерде ұзақ мерзімді өндіріспен айналысудың стратегиялық бағдарламасы әлемдік тәжірибе негізінде ғылыми ұйымдастырылмаған. Ең маңыздысы, пайда табудың жоспары қаралмаған. Мемлекеттік бюджеттің осы салаға кеткен қаржысының қайтарымы туралы ойластырылмаған.
Инвесторлармен жұмысты мемлекет өз қолына алғаны абзал. Өйткені мемлекет ел беделі үшін инвестор алдында гарант бола алады. Инвесторларға да сол тиімді. Жемқорлыққа жол тарылып мультфильмнің саны да, сапасы да артады. Инвестор құйылған қаржыны пайдамен көру үшін жұмыс жоспарын құрады. Сан рет есептейді. Мұндай кезде жемқорлықтың болуы мүмкін бе? Жоқ! Ол үшін не істеу керек?
Тағы да айтамын: Инвестиция тартылу керек! Мультфильмнің болашағы тек инвестицияда екеніне толық сенімдімін!

Инвестиция салуға дайын жобалар

Бос әңгімеден не пайда демеңіздер, енді нақты ұсыныстарымды айтайын:
1. «Бәйтерек қасиеті» мультфильмі 2011 жылы Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына арнап шығарылған болатын. Бұл туындының ерекшелігі болашақтағы 2221 Тәуелсіздігіміздің 230 жылдығын тойлап жатқан уақытты баяндайды. Нұр-Сұлтан қаласы жап-жасыл таза, көліктер ұшып жүреді, жер тек демалыс орындарына ғана арналған. Көліктер биік ғимараттағы әр пәтерге қонады. Қайсар есімді жасөспірім өзінің Жігер есімді интеллектуалды робот машинасымен сабақтан тыс кезде қауіпсіздік отрядына көмектеседі. Жалғыз ғана қауіп – астеороид пен басқа планетаның қарақшылары. Негізгі жұмысы – адамдарға көмектесу. Келер жылы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай көрермен ықыласына бөленіп Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің «Алғыс хатына» алған «Бәйтерек қасиеті» (0+, 3D) мультфильмін сериалға ұластырса. Біріншіден, елордамыздың болашағы туралы туынды көрерменге мотивация береді. Балаларды білімге баулиды. 2221 жылдардағы Қазақстанды көргісі келетіні анық. Осы туынды арқылы Нұр-Сұлтан қаласына арналған брендтік маркетингтік қадамдар қарастырылған. Салынған инвестиция 3 жылдан соң жемісін бере бастайды.
2. «Төбетай» (6-, 2 D) мультсериалы – әлемге әйгілі «Үш мысық», «Пеппи торай» сериалының қазақстандық бренд үлгісі. Мақсаты – отбасы, қоғам құндылығын қастерлеу. Уақыт талабына сай, нарықта өз орнын алатын замануи жоба. Салынған инвестиция 2 жылдан соң жемісін бере бастайды. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына арнап 30 серия қарастырылған.
3. «Ақбөкендер» (0+, 3D) мультфильм мақсаты – «Уақыт машинасымен» өткен тарихқа және болашақ өмірге баруы туралы фантастикалық саяхаты арқылы «Қызыл кітап»-қа енген дала еркесі ақбөкендерді әлемге таныту және қорғау. «Ақбөкен» брендін жасау. Туризмнің дамуына ықпалы орасан зор. Салынған инвестиция 3 жылдан соң жемісін бере бастайды.

Әбдіқадыр САБЫР,
Мультфильм сценарисі,
режиссер,
аниматор

  1. Лаззат :

    Мен қазақ мультфильмдеріне осылай көңіл бөлініп жатқанына қуаныштымын, себебі біздің өскелен ұрпақ кішкентай бүлдіршіндеріміздің алар тарбиесы, бойына сіңірер білімі зор ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін бірден бір дүниенің бірі осы сала.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one × three =