Мұхтар АЛТЫНБАЕВ: ҚЫСҚА МЕРЗIМ IШIНДЕ ҚАРУЛЫ КYШТЕРIМIЗДI ҚҰРА АЛДЫК

0 202

ba16e2e174546e364bf8b7db868746b4

Қазақстанның қорғаныс саласының алдында ел Қарулы Күштерінің қатарын кәсіби мамандармен толықтыру мақсаты тұр. Осы мақсат 2016 жылы толығымен орындалуы тиіс. Қазірдің өзінде 35 мыңнан аса адам, яғни жеке құрамның 70 пайыздайы әскер сапында келісімшарт негізінде қызмет етіп жүр. Қорғаныс министрлігінің таратқан ақпаратына жүгінсек, биылғы қаңтар-наурыз айларында 2 мың қазақстандық келісімшартпен әскерге алынған. Отан қорғаушылар күні мерекесінің қарсаңында Парламент Сенатының депутаты, «Халық қаһарманы», армия генералы Мұхтар АЛТЫНБАЕВПЕН әскеріміздің әлеуеті жайында сұхбаттасқан едік.

– Мұхтар Қапашұлы, биыл төл әскеріміздің құрылғанына 22 жыл толатынын білесіз. Соның басы-қасында өзіңіз жүрдіңіз. Сол кезеңде алдарыңыздан шыққан қиындықтырды сұрамай-ақ қояйық. Десек те, артқа шегініс жасап, Қазақстан тәуелсіздігін енді ғана алған жылдарды еске алайықшы.

– Өткенге көз жіберсек, Қазақстан Республикасының саяси жүйесін қалыптастыру, экономиканы қайта жаңғырту, әлеуметтік басымдықтарды анықтау үшін ең алдымен сенімді әскери жүйе құрылуы қажет еді. Әскерлерімізді ыдыраған КСРО құрамынан алып, Қазақстанның заңды құзыретіне көшіру жағдайында қару-жарақтың, әскери техниканың, материалдық құралдардың сақталуын қамтамасыз ету міндеті өткір мәселе күйінде тұрды. Бұл ретте әскерлердің жауынгерлік деңгейін төмендетуге де жол бермеу керек болды. Қазақстанның әскери құрылыс тәжірибесінің болмауына, өтпелі кезеңнің объективті қиындықтарына қарамастан, біз қысқа мерзім ішінде Қарулы Күштерімізді құра алдық.

– Әскеріміз кәсіби бағытқа қарай бұрылды. Бұл үдеріс қазір ғана қолға алынды дей алмаспыз. Оны өздеріңіз бастап бердіңіз деп ойлаймыз. Кәсіби әскер жасақтаудың алғышарттары қандай еді?

– «Кадр бәрін шешеді» демекші, ең алдымен, жедел қимылдайтын және жауынгерлік дайындығы күшті сарбаздарды даярлауға көңіл бөлдік. Қарулы Күштер беделін төмендетіп алмауымызға да назар аудардық. Ол үшін сол кезеңнен қазірге дейін қазақстандық әскерилер өздерінің жауынгерлік шеберлігін тұрақты түрде шыңдап тұрады. Бірінші кезекте бұл – әскер мүмкіндіктерін қарастыратын командалық-штабтық, тактикалық және тактикалық-арнаулы жаттығулар болып табылады. Олардың қатарында «Шеп», «Өзара іс-қимыл», «Бейбіт миссия» тәрізді іргелі жаттығу ойындары бар. Бұл жаттығулардан тиісті қорытындылар шығарылады. Әскери құрылымдардың өзара үйлесімді қимылы көрінеді.

Осы тұрғыда, ел Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысының Ұжымдық қауіпсіздік келісім ұйымына мүше мемлекеттердің жылдам әрекет ету күштерін құру бастамасы айрықша серпіліс бергенін айтып өткен жөн. Заман талабына сай қаруланған, кез келген қарулы қақтығыстың алдын алуға немесе тойтарыс бере алуға қауқарлы осыншалықты күштің қажет екені әріден белгілі болған.

– Сарбаздарға қажет түрлі жаттығулардың маңызын атап өттіңіз. Ал, енді әскер дайындығын көтеретін осындай жаттығуларға арналған тиісті орындар қазірде жеткілікті деп ойлайсыз ба?

– Әскер дайындығына арналған атыс жүргізу, авиациялық, артиллериялық, әуе-десант және тағы басқа заманауи жаттығу кешендері мен тренажер кластары мол. Дайындықтар аспанда да, жерде де мейлінше нақты жағдайға жақындатылған сипатта өтуі тиіс. Бұл ретте құрлықтағы әскерлер мен әуе қорғанысы күштеріндегі жауынгерлік дайындық шеңберіндегі көрсеткіштерді жекелеп қарастырған абзал. Мысалы, бөлімше-взвод-рота-батальон тізбегінде ұйымдастырылған атыс дайындықтарының күндізгі және түнгі сандары, жүргізудің километражы алдыңғы жылғылармен салыстырғанда айтарлықтай ілгерілегені байқалады. Сондай-ақ, әскери ұшқыштардың ұшу сағаттары да айтарлықтай өскен.

– Кәсіби әскер жасақтау мәселесіне оралайықшы. Әрине, ол үшін білікті мамандар қажет-ақ. Кадр жайлы айтқаныңызды аша түссеңіз.

– Қарулы Күштердің дамуына мамандар корпусын ұтымды пайдалану айрықша әсер етеді. Дамыған мемлекеттердің әскері бұл үрдісті әлдеқашан қабылдаған. Әскери қызметші қызмет ету жылдары бо­йында кәсіби шеберлігін шыңдаудан шет қалмауы тиіс.

Бізде Кадет корпусының мазмұнын арттырған кәсіби сержанттар институты толықтай қалыптасып болды. Төл Қарулы Күштерімізге қажет мамандарды өз елімізде даярлаймыз. Әскери білім беру жүйесіне енген жоғары әскери оқу орындары заман талабына сай бағдарлама бойынша білім беруде. Бір сөзбен айтқанда, кадр даярлау мәселесі өз жолымен жүргізілуде. Бұл ретте Ақтөбе қаласындағы Әуе қорғанысы күштері әскери институтының рөлін жоғары бағалаған жөн. Сонымен бірге, екіжақты келісімдер негізінде Ресей, Қытай, АҚШ пен Еуропаның бірқатар елдерінде білім алып жатқан мамандарымыз да бар.

– Әскерилердің кәсіби дайындығына айрықша көңіл бөлінетіндігі белгілі, ал олардың әлеуметтік жағдайларын жақсарту жағы қалай? Әскерилерге үй беріліп жатқанын жан-жақты насихаттаудан байқап қаламыз, алайда, олардың көбісі әлі үйсіз жүргені жасырын емес. Бұл мәселе жуық арада шешіле ме, әлде қиын түйін болып қала бере ме?

– Әлбетте, әскерилердің әлеуметтік түйткілдерін шешу маңызды мәселелердің бірінен саналады. Мәселе оң шешімін тапқанда ғана әскердің беделі, абыройы биіктейді. Қарулы Күштердің жалпы құрылысы да осы мәселеге тікелей байланыс­ты. Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы аталмыш мәселені үнемі жіті назарда ұстайды. Мәселені дұрыс шешу жолында Елбасының берген тапсырмалары аясында бұл тақырыпта айтарлықтай ілгерілеу бар. Осыдан бес жыл бұрын әскерилердің жалақы мөлшері 25 пайызға, 2012 жылы тағы 25 пайызға өсті. Бұл ретте, әскери шен және кәсібилік үшін төленетін үстемеақының да өскенін айтып өткен жөн.

2009 жылы Әскерилердің және олардың отбасы мүшелерінің мәртебесі, олардың әлеуметтік тұрғыда қорғалуына қатысты заңға өзгертулер енгізіліп, солдат және сержант шеніндегілер келісімшарт жасасу мерзіміне қарай бір жолғы көтерме қаражат алатын болды. Сегіз жыл қызмет еткен әскери қызметкер 50 пайыздай мөлшерде мемлекет есебінен жоғары білім алатын мүмкіндік иеленді.

Әскерилерді баспанамен қамту жағына келсек, биыл қыста біз бірқатар әріптестерімізбен бірге Премьер-министрдің атына депутаттық сауал жолдадық. Оның сыры мынадай: аймақтарға сапар шеңберінде Қарулы Күштер, ІІМ Ішкі істер комитеті және ҰҚК Шекара қызметі академиясы әскерилерімен кездесулер өткізілді. Сол жерлерде шешуді талап ететін әлеуметтік мәселелер көтерілді. Сонда әскери қызметкерлерді тұрғын үймен, еңбекақы және зейнетақымен қамтамасыз ету мәселелері әлі күнге дейін өзекті екенін көрдік. Сол себептен соны көтердік. Ол уақытта Премьер-министр Серік Ахметов еді ғой. Қазір Қорғаныс министрі болған ол сол түйткілдердің шешілуіне оң ықпалын тигізеді деп үміттенемін.

– Отанымыздың қауіпсіздігін сақтау ісі әскери қызметшілердің денсаулығына тікелей байланысты екені сөзсіз. Бұл салада қандай жетістігіміз бар деп ойлайсыз?

– Қарулы Күштердің медициналық қызметі әскерилердің және олардың отбасы мүшелерінің денсаулығы күзетінде қырағы тұр. Қарулы Күштердің ардагерлері мен зейнеткерлеріне де толық көлемде медициналық қызмет көрсетіледі. Әскери медицина саласында өз ісіне берілген жоғары білікті мамандар қызмет етеді деп ойлаймын. Олардың кәсіби деңгейін көтеру мәселесі күн тәртібінен түсіп көрген емес. Медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын жетілдіру де назардан тыс қалмай келеді.

Жыл сайын әскерилеріміз жас шамасына қарай амбулаторлық және стационарлық жүйе бойынша тереңдетілген медициналық тексерулерден өтіп тұрады. Олардың қорытындысы бойынша ем алуды қажет деп тапқан әскерилерді жоспарлы түрде демалыс және ем қабылдау шипажайларына жіберіп тұрады. Госпиталь мен емханаларымыздың заман талабына сай жабдықталуы да басты назарда.

Бүгінгі таңда медицина мамандарын даярлайтын негізгі клиникалық база ретінде Астана қаласындағы Қорғаныс министрлігінің Бас әскери клиникалық госпиталі мен Алматыдағы әскери клиникалық госпитальдарды айтуға болады.

– Әскери ғылым мен әскери өнеркәсіптің еліміздегі дамуы жайында не айта аласыз?

– Қарулы Күштеріміздегі ғылыми жұмыстың негізгі мақсаттары – Қарулы Күштердің бүгінгі жай-күйі мен болашағын бағдарлау, қару-жарақ пен әскери техниканы пайдалану мүмкіндігіне ғылыми сараптама жасау, әскери білім беруді жетілдіру. Осындай жұмыстарды жүргізудің жүйесі қалыптасқан. Тұрақты негізде ғылыми зерттеулер жүргізіліп тұрады.

KADEX халықаралық көрмесі де әскери әлеуетімізді көрсетіп қана қоймай, түрлі ғылыми зерттеулер жүргізуге мүмкіндік беріп келеді. Атап айтайық, аталмыш көрме биыл үшінші рет 22-25 мамыр күндері Астанада өтуі тиіс.

Қарулы Күштер үшін ғылыми мамандар даярлау мақсатында Білім және ғылым министрінің бұйрығымен 2008 жылы Ұлттық қорғаныс университетінде докторлық диссертациялық кеңес ашылды. 2009 жылы аталған министрліктің Метрология және стандарттау комитеті университетте докторантура ашуға лицензия берді. Бүгінгі таңда одан жүздеген адам ғылыми атақ алып шықты.

– Қарулы Күштерімізді әскери-техникалық құралдармен жарақтандыру мәселесіне көңіліңіз тола ма?

– Бұл мәселеге кеңінен қарау қажет. Ең біріншіден, әскерлердің иелігіндегі қару-жарақ пен әскери техниканы ақаусыз ұстап тұру болса, екінші кезекте ұрыс алаңында қарулы қақтығысқа мейлінше септігін тигізетін техника мен қару-жарақты сатып алу керек. Үшінші кезеңде негізгі әскер түрлеріне арналған қаруды толықтай қайта алмастыру болып табылады.

Қазіргі заманда ақпараттық технологиялардың алар орны ерекше. Демек, осы салаға және байланысқа да көңіл бөлетін уақыт жетті. Әскерлерді басқарудың автоматтандырылған жүйесін енгізу жұмыстары жалғасын табуда. Бұл жұмыс әскердің барлық деңгейінде көрініс табатын болады. Бұл ретте, АҚШ, Түркия, Франция, Израиль тәрізді мемлекеттердің мол тәжірибесі сараптамадан өтті.

Елімізде, бүгінгі түсінікпен айтқанда, ескіріп қалған, бірақ күтуі мен күзетуі қымбатқа түсіп отырған көп қару бар. Соларды ендігі жерде ұтымды пайдалану мәселесін қарастыру керек.

Жалпы алғанда, қолда бар жауынгерлік техника паркіндегі үлгілерді жаңарту және жаңғырту мүмкіндіктерін қарастыру және отандық қорғаныс-өнеркәсіптік кешенді дамытуға күш салу керек.

– Сіз кезінде сынақшы-ұшқыш болдыңыз. Осы тұрғыдан сұрақ, еліміздің әскери авиациясы қалай дамып келеді?

– Қазақстанның әуе кеңістігінің тыныштығы сенімді қолда деуге болады. Еліміздің әуе шабуылынан қорғаныс жүйесі заман талабына сай зениттік, авиациялық, радиоэлектрондық техникамен жабдықталған, әрі тәулік бойы жауынгерлік кезекшілік атқарады. Бізде «МиГ» және «СУ» маркалы дыбыстан жылдам, жан-жақты жабдықталған жауынгерлік ұшақтардың бірнеше түрі бар.

Қарулы Күштердің стратегиялық дамуы шеңберінде Әскери әуе күштерінің даму тұжырымдамасы жасалған. Осы құжаттың негізінде «СУ-27» ұшақтары мен жауынгерлік тікұшақтар қайта жаңартудан өтіп үлгерді. Соңғы он жыл ішінде 100-ден астам авиациялық техника күрделі жөндеуден өтіп, тактика-техникалық көрсеткіштерін жақсартты. Бірнеше жыл бұрын әскери-техникалық қарым-қатынастар шеңберінде Каспий теңізі аймағындағы мүдделерімізді қорғау мақсатында екі америкалық тікұшақ сатып алдық.

– «Жаман айтпай, жақсы жоқ» дейтін халықпыз. Украинада болып жатқан жағдай саналы адамды ойландырмай қоймайды. Ел қауіпсіздігі мәселесіне әскери маман және саясаткер ретінде баға берсеңіз?

– Біз – көпвекторлы саясат ұстанған мемлекетпіз. Яғни, Ресей, Қытай секілді алпауыт елдермен, Еуропа Одағы мемлекеттерімен тең дәрежелі ел ретінде араласамыз. Қазақстанда тілге, дінге, мәдениетке қарамастан бәрі тең құқылы өмір сүруде. Яғни, біз алдымен адамбыз, содан кейін ғана қазақпыз, орыспыз, украинбыз… Осының арқасында ішкі тұрақтылығымыз берік орныққан.

Мұндай жағдайда кез келген мемлекеттің дамуына даңғыл жол ашық. Яғни, ел дамуына не керек? Бейбітшілік, келісім мен халықтың бірлігі қажет.
Қуатты, тұрақты Қазақстан жаһандық және өңірлік тұрғыдан қауіпсіз елге айналды. Бізбен барлық елдер санасады. Серіктес болуға да құмар мемлекеттер жетерлік. Қазақстан ядролық қауіпсіздікке қосқан үлесі мен халықаралық қауіпсіздікті, интеграция мен жан-жақты экономикалық әріптестікті нығайтқаны үшін үлкен беделге ие болды.

Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары мемлекеттік шекарамызды бекіту ісі аса үлкен маңызға ие еді. Бұл жұмыс сәтті атқарылды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, шекара мәселесінде шешімін таппаған мәселе жоқ. Болашақ ұрпақ бұл үшін бас ауыртпайтын болады. Барлық көршілес елдермен мәңгілік достық туралы келісімшарт жасастық. Бұл Елбасының салиқалы саясатының арқасында жүзеге асырылды.

Нұрсұлтан Әбішұлы «Қазақстан-2050» стратегиясының үлкен бөлігін жастарға арнады. Онда жаңа қазақстандық патриотизм мәселесі кеңінен қозғалған. Бұл идея – барлық идеялардың атасы. Отанды сүю сезімі адамды алға жетелейді. Ел үшін қасық қанын аямауға да шақырады. Әрине, сондай күн тумайды деп ойлаймын. Ендеше,алаңдауға да негіз жоқ.

– Әңгімеңізге рахмет!

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 × 5 =