Мұғалімге мәртебе де, құрмет те керек

0 20

Өткен жылдың соңында ел өміріндегі елеулі оқиға болып, есте қалған «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданғаннан кейін қоғам пікірі екіге жарылғандай. Бірсыпыра жұрт соңғы кезде, өкінішке қарай, аяқасты болмаса да, төмендеп кеткен мұғалімдер мәртебесінің арнайы заңмен бекітілгеніне ризашылық білдірсе, енді бірқатар пікір білдірушілер ұстаз беделін ешқандай заңмен бекіте алмаймыз, ол мәртебені қоғамдық сана деңгейінде қалыптастыру керек дейді.Яғни педагог мәртебесін көтеру бір заң аясында жүзеге аспауы керек, мұғалімге деген құрмет пен қошеметтің зор әрі шынайылығы қоғам тынысынан сезіліп тұруы қажет. Бізде ұстаз келе жатқанда орнынан ұшып тұрып құрметтейтіндей қоғам болуы тиіс.
Расында да, 21 баптан тұратын, елдегі жарты миллионнан астам педагогтың жұмысына қатысты төрт бағытты қамтитын жаңа заң олардың мәртебесін қаншалықты көтере алмақ? ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов бұл заңның артықшылығы ұстаздардың құқықтары кеңейтіліп, олардың өз міндеттеріне жатпайтын жұмыстардан босатылғандығы, жүктемесі азайып, материалдық және материалдық емес ынталандыру тетіктері қарастырылуында екенін айтқан болатын.
Нұр-Сұлтан қаласындағы Ата-аналар қоғамдастығының төрайымы Гүлнар Омарованың пікірінше, ұстаз мәртебесін көтеру – бір күндік және бір заңның көлеміндегі емес, мемлекет деңгейіндегі үлкен шаруа. Жаңа заң ұстаздарға мате­риалдық, құқықтық және өзін-өзі дамыту деңгейінде жақсы мүмкіндіктер береді. Бірақ ол мұғалімнің мәртебесін қоғам болып шын көтеруге әсер етеді ме?
– Жалпы, менің айтарым – әрбір адам мұғалімге деген құрметті дұрыс түсінуі керек. Бұл жерде Жапония тәжірибесін мысалға келтірсек болады, мәселен, оларда тек мұғалімдерге арналған дүкендер болады. Онда ұстаздарға заттар әлеуметтік төмен бағамен беріледі. Педагогтар арнайы жасалған төсбелгі тағып жүреді, ­метроға мінгенде, кез келген жерде сол төс белгіні көрген халық оларға ерекше құрмет, қошемет көрсетеді. Бір жерде кезекте тұрса, мұғалімді алға жібереді. Өйткені бәрі де сол ұстаздың алдын көрген емес пе?! Сол сияқты біз де өзіміз қоғам болып, сондай бір заңдылықтарды заңмен емес, қоғамдық санамызбен түйсіне білуіміз, қабылдауымыз керек деп санаймын. Сонда ғана ұстаз мәртебесі шын мәнінде көтеріледі, соған сай бұл салаға мықты азаматтар тартылады.
Кезек демекші, жаңа заңда мұғалімдердің балаларына балабақшаға бірінші кезекте орын беру нормасы қарастырылып отыр. Барлық педагог қызметкерлер алдағы уақытта 56 күндік демалысқа шыға бастайды. Сонымен қатар ауылдық жерлерде жұмыс істейтін педагогтарға жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін алу үшін басымдық берілмек.
Аталған заңға қатысты пікір білдірген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, бұрынғы педагог Ирина Смирнова мұғалімдер жұмысқа келген күннен бастап материалдық тұрғыда еш қиналмайтындай жоғары жалақы алуы керек дейді.
– Сапалы білім қайдан келеді? Әрине, өзі де сапалы білім алған, біліктілігі жоғары педагог арқылы беріледі. Ал ондай үздіктерді білім беру саласына келтіру үшін жоғары жалақы керек. Көптеген шетелдер соны ерте түсініп, жалақысын жоғарылату арқылы бұл салаға мықты мамандарды тартып отыр. Біздің елдегі білім туралы заң осы салада болуы тиіс өзгерістерді толықтай жүзеге асыра алып отырған жоқ. Иә, әрине, жалақы біршама көлемде өсіп жатыр, жүктеме тек 2021 жылдан бастап азайтылады екен. Әлеуметтік қолдаулар қарастырылған. Бірақ солардың ішінде ең бастысы – көлемді еңбекақы беру, сол арқылы басқа мәселелерді бірден шешіп тастауға болады деп ойлаймын. Бұл заңның шығуының өзі мәртебелі мамандыққа деген қызығушылықты арттырары сөзсіз. Бірақ сол қызығушылық уақытша болып қалмаса екен. Мұғалімнің айлығы 30 жыл жұмыс істеп, тәжірибе жинақтағасын, санатын өсіргесін ғана емес, еңбек жолын енді бастаған күннен бастап өте жоғары болуы қажет, – деді халық қалаулысы.
Нұр-Сұлтан қаласындағы №38 мектеп-лицейінің мұғалімі Қорлан Оспан­қызы бұл заң дер кезінде қабылданды деп санайды. Себебі басқа әріптестері секілді оны да соңғы кезде педагог мәртебесінің төмендеп кеткені алаңдатады.
– Ұстазға баяғыдай құрмет жоқ. Соның салдарынан мектепте жұмыс істегісі келетіндер азайды. Бұл бір жағы педагогтың жалақысымен де байланысты екені рас. Енді мына заң қабылданысымен ұстаздарға деген көзқарас өзгереді деп санаймын. Бұл құжатта олардың мәртебесі көтеріліп қана қоймай, жұмыс жағдайы да қарастырылған. Соның ең бастысы – еңбекақы. Педагогикалық құрам, негізінен, егде жастағы мұғалімдерден тұрса, енді ол жасарады де­ген ойдамын. Сонымен қатар мұғалімдер арасынан ер адамдарды кездестіру өте сирек жағдай болып кеткені рас. Ал бала тәрбиесінде ер адамның да рөлі жоғары. Сондықтан мүмкіндігінше ер педагогтар көбейсе жақсы. Жүктемені азайтудың арқасында білім сапасы да жақсара түседі. Маған қатты ұнағаны – мұғалімнің жеке дамуына көп көңіл бөлінген. Қазіргі қоғамда бұл өте маңызды. Білімді ұрпақ тәрбиелеу үшін олардың өздері жан-жақты болуы керек.

Райхан РАХМЕТОВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды