©2020 Астана Ақшамы
Мұғалімдерге де жатақхана беріледі
Қалалық Білім басқармасында мұғалімдерді жатақханаға орналастыруға арнайы құрылған комиссияның алғашқы отырысы болды.
Бүгінде шаһардағы Қосшығұлов көшесінің бойындағы №65 мектептің аумағындағы жатақханадан елордалық педагогтарға 250 орын бөлініп отыр. Бұл ғимарат бастапқыда студенттерге арнап салынған. Енді оған ұстаздар қоныстанады.
Комиссия отырысында жатақханаға орналасатындарды іріктеу мәселесі сөз болды. Бұл жерде отбасылы, балалы-шағалы ұстаздарға орын берілмейді.
Өйткені бөлмелердің шаршы метрі соншалықты көп емес. Мәселен, екі орындық бөлме 13 ш. м құраса, үш орындық бөлме 19 ш. м қамтиды. Тағы бұған тек үйленбеген немесе тұрмыс құрмаған жалғызбасты мұғалімдер орналасады.
«Біз қазір жатақханаға орын беру тәртібі туралы ережені әзірлеп жатырмыз. Орындар белгілі бір өлшемдер арқылы бөлінеді. Мәселен, мүгедектігі бар мұғалімдерге, ата-анасы жоқ, жас ұстаздарға, еңбек өтілі бар және оқу орындарын қызыл дипломмен бітірген педагогтарға басымдық беріп отырмыз. Оларды әрине, әуелі мектеп ішінен құрылған комиссия сараптайды. Оған «Нұр Отан» партиясынан, үкіметтік емес ұйымдары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері тартылған. Содан кейін құжаттар біздің комиссияға түседі. Жатақхана құны қымбат емес, қолжетімді. Мұғалім онда тұру үшін бір жыл келісімшартқа отырады» деді Білім басқармасының әкімшілік-құқықтық бөлімінің басшысы Жаңыл Қылышбаева.