©2020 Астана Ақшамы
Мұғалімдер тест тапсырды. Білгірлігі қандай?
Биыл Білім және ғылым министрлігі Елбасының халқымызға арнаған Жолдауында айтылған тапсырмасына орай педагогтарды аттестаттаудың жаңа жүйесін енгізді. Елімізде алғаш рет мұғалімдер ұлттық біліктілік тест тапсырды. Сөйтіп, биылғы оқу жылының соңында, яғни 26-28 мамырда тестілеудің бірінші кезеңі өтті. Бұған республика бойынша 60,4 мың педагог өтініш берген. Жеме-жемге келгенде оған 56,9 мыңы қатысып, соның 20 мыңы межелі деңгейден көріне алмаған.
Алғашында білім саласындағы бұл жаңалыққа біразы тосырқады. Содан кейін көпшіліктің көңілі сабасына түсті. Жалпы, бұл форматтың артықшылықтары бар. Мұғалім мәртебесін көтеруге септігі тиеді. Жаңа жүйені енгізу үшін жұмыс тобы құрылды. Оған Парламент Мәжілісінің депутаттары, ғалымдар, ұстаздар кірді. Олар бұл жобаны кең түрде мұғалімдермен талқылаулар өткізіп, айтылған барлық ұсыныстарды ескеріп, аттестациялаудың ережелерін бекітті. Жыл басында Астана, Алматы және Павлодар облысында тест тапсырмаларына сараптама жүргізілді. Оған білікті 154 сарапшы тартылып, олар 60-тан 180-ге дейінгі тест тапсырмаларын тексерді. Республикалық басылымдарда тест сұрақтары жарияланды. Педагогтарға онлайн түрінде тегін тестілеу ұйымдастырылды. Қысқасы, аз уақытта осындай шаралар өткен.
Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметінің маманы Ғанибет Ғалымбекұлының айтуынша,біліктілік тестілеуі «Оқу пәнінің мазмұны» және «Оқыту әдістемесі» модульдері бойынша өтеді. Оның 70 пайызы пәндік білімге, 30 пайызы педагогика мен әдістемеге бағытталған. Ұстаздарға белгіленген біліктілік санаттары тағайындалған. Мәселен, тестілеу қорытындысында әрбір блоктан кем дегенде 50 пайыздық көрсеткішке жеткен ұстаз «педагог-модератор» біліктілігіне ие болып, еңбекақысы 30 пайызға көбейеді. Ал 60 пайыздық көрсеткіш бойынша «педагог-сарапшы» біліктілігі беріліп, жалақысы 35 пайызға өседі. Ал аттестация нәтижесі 70 пайызды көрсеткен мұғалім «педагог-зерттеуші» біліктілігін алып, 40 пайыздық үстемақы алады. 80 пайыз көрсеткішті көрсеткен мұғалім «педагог-шебер» атанып, жалақысына қосымша 50 пайыз үстемақы тағайындалады.
Бұдан барлық өтініш берген пән мұғалімдері өте алады. Тестілеуде негізгі балды жинай алмасаңыз, қайта тапсыруға мүмкіндік берілген. Ол мұғалімге ешқандай қысым жасалмайды. Аттестация жылына 2 рет өткізіледі. Биылғы тестілеудің екінші кезеңі қарашаның басына жоспарланған.
Ұлттық тестілеу орталығының мәліметіне жүгінсек, осы сынақ бойынша педагогтар орташа 110 балдан 68,27 ұпай жинаған. Тест қорытындысында ең үздік нәтижені «педагог-сарапшы» санатына өтініш бергендер көрсеткен. Мысалы, «педагог-модератор» біліктілігіне 17775 мұғалім қатысқан. Одан 11505 ұстаз сүрінбей өткен. Олардың орташа балы 68,1 пайызды құрайды. Ал «педагог-сарапшы» біліктілігіне 22231 ұстаз өтініш білдіріп, оны 13358-і ойдағыдай тапсырған. Орташа балы – 63,5 пайыз. «Педагог-зерттеуші» бағытына 18490 кісі қатысып, одан 10652 мұғалім өткен. Орташа балы – 68,1 пайыз. «Педагог-шебер» біліктілігіне 1980 педагог қатысуға ниет танытып, соның 757-сі жақсы тапсырған. Орташа балы 43,1 пайызды құрады.
Біздегі мұғалімдердің білім деңгейі әртүрлі екендігін осы деректер ашық айтып тұр. Бұл жерде ешкімді жазғырмаймыз. Онсыз да ұстаздарға айтылатын сын аз емес. Қазір елімізде педагог мамандығының бәсі төмен екені рас. Оған оқуға мектеп бітірген талантты түлектер сирек барады. Өйткені жалақысы төмен, жұмысы ауыр, бейнеті қалың. Абыройы да аз. Содан барып қасиетті мамандықтың қадірі кетті. Қазір ауылда ең оңайы – мұғалімдік жұмысқа тұру. Басқа жақты білмеймін, өзіміздің ауылда солай. Бұл, бір жағынан, кадрдың тапшылығы болар. Жас мамандардың дені алыстағы елді мекенге барғысы келмейді. Елдегі білім орындарында еңбек ететіндердің қатарында педагогикалық жоғары оқу орнын сырттай бітіргендердің саны көп. Мұның да білім сапасына кері әсері бар. Дегенмен осы енген жүйе мұғалімдердің біліктілігін бір ширатып алуға мүмкіндік беріп отыр.
Бізге үшінші пікір білдірген ұстаз өз есімін айтуды қаламады. Бұл кісі де біліктілік тестін жақсы тапсырып шыққан. Бірақ ондағы кейбір мәселелерге көңілі толмайтындығын ашық айтты.
«Біріншіден, біліктілік тестілеуі дәл оқу жылының аяғында болды. Бұл кезде мектепте ұлттық емтихан өтіп, оқушылардың ҰБТ-ға дайындығы басталады. Одан қалды мұғалімдер жылдық қорытынды есептерін тапсырады. Мұның бәрі – жүйкені жұқартатын жұмыстар. Мұғалімдер осындай бас көтермес шарадан шақшадай бастары шарадай болып жүргенде тестілеудің өткені оларға психологиялық жағынан ауыр тиді деп ойлаймын. Тест тапсыруға мұқият дайындалған жөн. Мысалы, оны тамыз айында өткізсе дұрыс болар еді. Мұғалімдер жазғы каникулда оған әзірленуге уақыты болады. Бізге тест туралы наурыз айында айтты. Мамырда тапсырдық. Екіншіден, тест сұрақтарында барлық пәннен кеткен қателік бар. Өзім 4-5 сұрақтың қатесін анықтадым. Мысалы, Тұманбай Молдағалиевтің алғашқы «Студент дәптері» атты жыр жинағы 1957 жылы жарық көрген. Ал сұрақта басқа жылды көрсетеді. Сол сияқты «Түсінде Қыдыр баба аян берген ақын кім?» деген сұрақ бар. Бұл – атақты Сүйінбай ақын. Осыны аппеляциялық комиссияға айтсам, олар «оны дәлелдеңіз, оқулықты әкеп көрсетіңіз» дейді. Соған қарағанда, тест сұрақтарының бір илеуі қанбаған. Үшіншіден, мен «педагог-шебер» біліктілігіне өтініш бердім. Өзім жоғары категориялы ұстазбын. Осы санаттағы мұғалімнің мөлшерлемесі – 83 мың теңге. Одан қолымызға 71 мың тиеді. Сонда бізге 71 мың теңгенің 50 пайызы қосылады. Ол – 35 мың теңге. Соншалықты ауыз толтырып айтатын ақша емес. Дегенмен бұл жаңа жүйе өте қажет. Қолдаймын. Бірақ педагогтың білімі мен еңбегі шынайы бағаланса деймін. Мұнда мұғалімнің бес жылдық жетістігі сарапталу керек қой. Кейбіреулер бұған 40 жылдық еңбектерін қосуда» дейді ол.
Түйіндеп айтқанда, ұлттық тестілеудің бірінші кезеңі өтті. Ал ұстаздардың біліктілігі қандай? Осы мәселе көпті ойландырады.
Ернұр Омарханов, №76 мектеп-лицей
директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары:
– Біздің мектептен 16 мұғалім біліктілік тест тапсырды. Одан он бесі өтіп, біреуінің балы жетпей қалды. Өткендердің жұмыстары портфолиолық сараптауға кетті. Оның жауабы әлі келген жоқ. Негізі, 1 шілдеге дейін келу керек еді. Менің ойымша, бұл жаңа формат өте қажет. Ұстаздар өз мамандығына лайық па, лайық емес пе, соны білеміз. Мұғалімнің білім сапасы, оның оқушымен, ата-анамен, қоғамдық ортамен байланысы сараланады. Ғылыми-әдістемелік жұмысы бағаланады. Оқушыларының жетістіктері сарапталады. Бір сөзбен айтқанда, педагогтың үнемі ізденісте болуы талап етіледі. Сондықтан мұғалім барлық талапқа сәйкес келсе, оған біліктілік санаты тағайындалады. Жалақысына қосымша ақы төленеді. Мұның бәрі мұғалімнің мерейін көтереді. Біздің мектепте 125 педагог жұмыс істейді. Алғашқы кезеңге тапсыруға көбісі жүрексінді. Жаз бойы дайындалып, екінші кезеңге қатысамыз деп отырғандар бар. Кейбір мұғалімдер әлеуметтік желіде осыған қатысты әңгіме туғызып жүр. Мұны өзіне сенбеген маманның жазғаны деп қабылдаймын.
Дина Балтабаева,
Жамбыл Жабаев атындағы №4 мектеп-гимназияның бастауыш мұғалімі:
– Бұл емтихан бірінші рет болғаннан кейін өте алмай қалам ба деген қорқыныш биледі. Білім беру саласында 32 жылдық еңбек өтілім бар. Негізі, мен категория бойынша аттестацияны алдағы жылы тапсыруым қажет. Бірақ биыл өз білімімді сынап көргім келді. Содан «Педагог-зерттеуші» санатына өтініш жаздым. Сөйтіп, 28 мамырда тест тапсырдым. Барлығы 100 сұрақ болды. Қазақ тілі және әдебиеті мен математикадан – 70 сұрақ, педагогика-психологиядан 30 сұрақ келді. Ешқандай қиналған жоқпын. Өз пәнім бойынша – 61 сұраққа, педагогика-психологиядан 21 сұраққа жауап бердім.
Тестілеуден өткеннен кейін портфолиоға бес жылда жүргізген іс-тәжірибелерімізді бердік. Енді соның қорытындысын күтіп отырмын.