«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

«Мұғалім қағаз жинайды…»

2 182

«Астана ақшамы» 20 қаңтар күнгі № 8 санында Білім және ғылым министрлігінің назарына «Есепке жүйрік министр ескерер деп отырмыз» атты мақала жариялаған еді.

Еліміздің бас мұғалімінің назарына ұсынған мәселелер әлеуметтік желілерде қызу талқыланып, баласының болашағына алаңдаған ата-аналар, ұстаздар, қоғам белсенділері пікірлерін білдірді. Мақалада негізгі нысанға алынған республикалық «Bilim-orkenietу» ұлттық инновациялық-ғылыми орталығының ұйымдастыруымен өткізілгелі отырған «Үздік ғылыми жоба» республикалық байқауы (қатысу жарнасы – 40 000 теңге) және №9 «Зерде» мектебімен бірігіп ұйымдастырған «Зерделі тұлға» оқу әдістемелік орталығының қалалық олимпиадасы (қатысу жарнасы – 1000 теңге) өткізілмейтін болды. Алдағы уақытта да баласының болашағынан үміт күтіп жүрген қарапайым халықтың қалтасын қағушылар, әсіресе, мемлекеттің иелігіндегі мекемелерге еркін кіріп, ақылы сайыстар, байқаулар олимпиадаларға өткізбеуі керек. Бұл біздің тарапымыздан қадағалауда болады. Аталмыш материалдың жалғасы жазылып, Үкіметтің назарына ұсынылады. Назарларыңызға мақалаға байланысты келіп түскен пікірлердің бірнешеуін ұсынып отырмыз.

Айман Исаева:
– Менің үлкен балаларым мұндай жарыстарға бірнеше рет қатысқан еді. Сіздердің де меселдеріңіз қайтып қалмасын деп үндемей отыр едім. Біріншіден, мұндай ақылы сайыстарға қатысуға ниет білдіретін ата-аналар әлі де арамызда көп. Баласының сайысқа қатысқанын қалағанымыз жақсы. Бірақ үлкен ұлым «енді ондай жерлерге мені жібермеңіз» дегенде ойланып қалдым. Себебі онда бала өте көп. Ақылы болған соң, оның жауапкершілігі де талапқа сай болуы керек емес пе? Жоқ, тек ақша жинап алу мақсатында өткізілетін мұндай жерлерге бастарыңызды қатырып, баланы әуреге салмаңыздар дегім келеді.

Айгүл Қасболат:
– Мұғалім қағаз жинайды. Тексеріс келсе «анаған қатысқан», «мынаған қатысқан» деп, тағы да есеп үшін… Апама жездем сай. Бәрі бір-біріне сай болып тұр.

Мейрам Иманбаев:
– Дұрыс мәселені көтеріп отырсыздар. Шынында да, білім сайыстарын көлденең көк аттылар өткізіп, өздері бағалап, өздері марапаттап жүргені білім саласында ешқандай тәртіптің жоқ екенін білдіреді. Тәртіп керек-ақ.

Толғанай Байкенжеева:
– Қаншама уақыт болды. Оқушыларым осындай қашықтықтан өтетін олимпиадаларға жиі қатысады. Бізге қатысыңдар деген тапсырма келген соң, амал жоқ орындаймыз. Ол есептерді өзіміз мұғалімдер шығарамыз. Бірақ бәрібір бос қайтады. Ақша жүрген жерде қандай тазалық болады деп ойлаймын. Оқушылардың үмітімен ойнайтын мұндай жарыстарды мүлдем тоқтату керек деп ойлаймын.

Ербол:
– Сәлем, Гүлжан. Нағыз өзекті проблеманы жазыпсың ғой. Расында да мектепке бұл проблема еніп барады. Оны тезірек қолға алу керек. Баланы ақылы олимпиадаларға қатыстырған деген не сұмдық?

Asia:
– Мектептер аз, оған бала сыймай жатса да, мұғалім кінәлі заман. Мұғалімге құрмет жоқ заман. Мұндай олимпиадаларға қатысуға нұсқау бізге мектеп басшылығынан келеді. Сіздер бізді де соған кінәлайсыздар. Балаға сөйлеп қойсақ та жаманбыз, балаларымыз сабаққа келмей қалса да, біз кінәліміз. Бәріне тек мұғалімді жаман қып көрсетудің қажеті жоқ. Біз бар білген-тергенімізді балаларға береміз деп жүрген еңбеккерлерміз. Түсініңіздер осыны…

(Пікірлердің грамматикалық қателері түзетілді – Г.Р.) 

Гүлжан РАХМАН

  1. Оспан :

    «Есепке жүйрік министр ескерер деп отырмыз». Ана самонадеянный, самодур министрдің бағасы тамаша берілген екен. Осындайларды қайдан «қазып» ала береді екен?

  2. Оспан :

    Гүлжан ханымның мақалаларын өзім сүйсініп оқимын. Шындықтың қанын сорғалатып жазады ғой,

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды