«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Мұғалім мәртебесі өзгерді ме?

0 307
elorda club каз

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжілісте сөйлеген сөзінде өңірлерге үздік педагогтарды тарту жөнінде арнайы бағдарлама жасауға тапсыр­ма берген еді. Себебі өңірлерде мұғалім аз, кадр тапшы екенін көріп жүрміз. Жалпы мұғалімдердің әлеуметтік жағдайы қандай? Қазіргі заман педагогтары неге өңірлерге барудан қашады?

ERA_9095

 Жыл сайын елімізде педагогика саласына бөлінетін грант саны көбейіп келеді. Бірақ мемлекет ақшасына тегін оқыған түлектер жауапкершіліктен қаша ма, кадр тапшылығы әлі де түйткілді мәселеге айналып келеді. Статистикаға көз жүгіртсек, 2020-2021 жылы 8 мыңнан астам бюджеттік грант педагогика саласындағы мамандықтарға бөлінген.  Атап айт­қанда, «Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу» мамандығы бойынша (789 грант), «Шет тілі мұғалімдерін даярлау» (760 грант), «Химия мұғалімдерін даярлау» (740 грант), «Физика мұғалімдерін даярлау» (730 грант), «Биология мұғалімдерін даярлау» (730 грант), «Бастауыш оқытудың педагогикасы мен әдістемесі» (660 грант), «Математика мұғалімдерін даярлау» (500 грант), «Гуманитарлық пәндер бойынша мұғалімдерді даярлау» (350 грант), «Дене шынықтыру мұғалімдерін даярлау» (200 грант), сондай-ақ алғашқы әскери дайындық мұғалімі (20), музыка мұғалімі (30), көркем еңбек және сызу мұғалімдерін даярлау (30) бағыттары бойынша гранттар бөлінген. Бірақ өңірлердегі жыл сайын маман жетіспеушілігін шеше алмай келеміз. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің мәлімдеуінше, 3 мыңнан астам жұмыс орны бос тұр. «Мұғалімдердің жетіспеушілігі көбінесе ауылдық жерлердегі шағын мектептерде байқалады. Шағын мектептердегі педагог тапшылығы ондағы жүктеменің аздығынан туындап отыр» деді ол. Қазіргі таңда мұғалім тапшылығы жөнінен Атырау, Алматы және Түркістан облыс­тары алдыңғы орында тұр.

«Дипломмен – ауылға»

Осы уақытқа дейін өңірлерге мамандарды тарту мақсатында бағдарлама жасалды. Соның бірі – «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы. 2009 жылдан бастап жүзеге асқан бағдарлама мыңдаған жас маманды жұмыспен қамтамасыз етіп келеді. Министрлік таратқан ресми ақпарат бойынша 10 жыл ішінде денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешені саласының 60 мыңнан астам маманы ауылға жұмысқа тұрған. Ең көп маман барған аймақтар – Түркістан (6703), Алматы (6253) және Батыс Қазақстан (5184) облыстары саналады. Алайда бағдарлама туралы теріс ниеттегі ақпараттар көп таралып жүр. Не дұрыс үй берілмеген, не үйін даулап жүрген мамандарды көп кездестірдік. Соған қарап бағдарлама сапа емес, атақ үшін шикілікке құрылған ба деп қаламыз. Дегенмен статистика бойынша ауылға барғандар саны жоғары. Атап айтсақ, 2016 жылы – 5655, 2017 жылы – 5794, 2019 жылы – 5862. Бірақ ресми түрде олардың қаншасы үй-жайлы болғаны туралы нақты ақпарат жоқ. Демек, «басы бар, арты жоқ» шикі бағдарлама.

ҚР ҰҒА академигі Кәрімбек Құрманәлиевтің айтуынша, мұғалімдер үшін арнайы бағдарламаны қабылдардан бұрын еліміздегі білім саласында жүрген ардагерлерді, тәуелсіз сарапшыларды, аймақтарда қызмет етіп жатқан педагог қауымдастықтарымен бірлесе отырып ақылдасқан дұрыс.

0bf86c1985f5e67bd743798b3fcd1ab0

– Ауыл мектептерін үздік мұғалімдермен қамтамасыз ету бағдарламасымен кешенді жұмыс жүргізілу керек. Ауыл мектептеріндегі білім жүйесін көтеру, ауыл мұғалімдерінің мәртебесін жоғарылатуды нақты мақсатқа айналдырған жөн деп ойлаймын. Әйтпесе «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының кебін киіп қаламыз ба деген қорқыныш бар. Арнайы бағдарламаны қабылдау кезінде мынадай ұсыныс айтар едім. Әуелі мұғалімдерді оқытпас бұрын әрбір өңірдегі білім басқармасы ұсыныс айту керек. Мысалы, бір ауданда 3 мектеп бар делік. Екі мектепке 3 орыс тілі маманы, бір мектепке 2 математика маманы жетіспейді. Сол үшін биыл грантқа түсетін түлекпен бірге «4 жылдан кейін сол ауданның мектебіне орыс тілі пәнінен мұғалім болып қызмет етемін» деген келісімшарт болғаны дұрыс. Үшжақты келісімшарт орнатылуы керек. Яғни мемлекет тегін оқытады, маман даярланады, өңірдегі білім басқармасы жұмыспен қамтамасыз етеді. Нақты осындай қадамдар жасалу керек. Осыны қолға алмасақ, ақша далаға кете береді. Ауылдық квотамен түскен әр түлекке осыны міндеттеу керек. Тағы бір айтатыным – қанша маман нақты жетпейді, анықтап бөлу керек. Сол бойынша мемлекеттік гранттарды есептеген дұрыс. Мәселен, педагогикада оқиды да, басқа салада жұмыс істейді. Жауапкершілік жоқ, мемлекеттің ақшасы ауаға шашылады. Бұдан соң ешқандай тәртіп болмайды. Жауапкершілігі жоқ маманнан біз ештеңе ұтпаймыз.

Мұғалімге атқарушы өкіл ретінде қарамау керек

Статистикадан көргеніміздей, мұғалім тапшы өңірлердің ішінде Атырау облысы көш бастап тұр. Тәжірибелі педагог, Silkway мектеп-лицейінің мұғалімі Жұлдыз Бурабаева өңірдегі кадр жетіспеушілігі мұғалімнің әлеуметтік жағдайы жасалмағаннан деп есептейді.

Жұлдыз

– Қазіргі уақытта өңірлерде мамандар аз деп айта алмаймын. Тек «мұғалім» деген мамандықты жүректің сүзгісінен, ойдың елегінен өткізіп, мамандыққа толыққанды жауапкершілік алатын әріптестерді табу қиын. Бір жылдары мұғалім мамандығына арналған грант саны көбейтілді. Осы ретте ақысыз оқымаудың амалы ретінде көптеген замандастарым соны оқып шықты. Мұның өзі мемлекет үшін үлкен шығын деп есептеймін. 1 жылда қанша педагог бітіреді, ойлай беріңіз. Бірақ өңірлерде маман жеткіліксіз деген пікірмен келіспеймін. Бұл жердегі кемшілік – жас мамандарды жұмыспен қамту орталығының дұрыс жұмыс атқармауында. Маман жеткілікті, тек соған жағдай жасау керек. Мұғалім статусы Сингапур, Вьетнам, Финляндия секілді елдердегідей зор мәртебеге ие болу керек. Білімді, білікті мұғалімдердің санын көбейту үшін мынадай ұсыныс айтар едім. Біріншіден, мектептегі мамандарға психологиялық, өз мамандығы бойынша сұрыптау керек. Яғни әрқайсысымен сұхбаттасып, сауалнама алған дұрыс. Екіншіден, мотивация беру керек. Ең болмағанда, тұрғын үй алуына мүмкіндік жасаса қуанар едік. Тіпті білімді, арнайы жетістігі бар мұғалімдерге арнайы стипендия тағайындалса да артық емес. Үшіншіден, мұғалімдерді дамыту мақсатында арнайы демалыс ұйымдастырса қандай керемет! Осындай лауазымды мұғалім мәртебесі көтерілсе, ұстаз ер-азаматтар да көбейер еді. Жағдайы жасалған мұғалімдер ғана бақытты болады. Ал бақытты адам бақытты ұрпақты оқытады. Қазір массалық тұрғыдан алсақ, мұғалімдерде мотивация жоқ. Себебі қазіргі олардың алатын жалақысы күнкөрістің жалақысы деп есептеймін. Олардың өмірге деген құлшынысын оятуға, дамуына ешқандай мақсат жоқ. Қазір қоғамда екінің бірі мұнайшы болғысы келеді. Неге? Оларда мотивация бар. Себебі кепілдіксіз несие береді, пайызсыз үй береді, жалақысы өте жоғары, дамуына жағдай жасалған, денсаулықтарын күтуіне арнайы қаржы бөлінеді. Неге мұғалімді осындай статусқа жеткізбеске деп ойлаймын. Соңғы жылдары салыстырмалы түрде біраз артық жұмыс бәсеңдеді. Дегенмен кейбір мемлекеттік мектептерден қағазбастылық әлі жойылған жоқ. Мұндай нәрсе көп мұғалімді қинайды. Себебі бір мұғалім 15-18 сағат жүктеме алады. Алдындағы 30 баланың тәрбие жұмысымен айналысады. Одан бөлек, қағазбастылыққа негізделген көптеген жұмыстары бар. Осы ретте мынадай ұсыныс айтар едім: егер қағазбастылық күшін жоймаса, сол іспен айналысатын бөлек кадр дайындалғаны дұрыс. Сонда мұғалімдердің жауапкершілігі азая бастайды. 8 сағаттық жұмыс күнінде мұғалім ештеңеге үлгермейді. Мұғалім өзінің уақытын тиімді пайдалану керек. Одан кейінгі уақытын отбасына, дамуына бөлгені дұрыс. Мұғалімге мемлекеттің атқарушы өкілі ретінде қарауды тоқтату қажет.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін тәмамдаған соң өңірге келген кезде біршама қиындыққа тап болдым. Алматыда екі жылдай жұмыс істедім. Кейін отбасылық жағдайыма байланысты Атырауға ауысып келдім. Қолымда қызыл диплом, магистрлік дәрежем мен шетелден алған тәжірибем бар. «Жұмыс таппаймын» деген қорқыныш болмады. Кез келген есікті ойланбастан ашамын деп ойладым. Сұраныстағы мамандардың қатарынан боламын деген үлкен

 Қасым-Жомарт Тоқаев, Мемлекет басшысы:

Сапалы білімге қолжетімділікті арттыру, сөзсіз, басым бағыт. Бұл – бүкіл қоғам дамуының аса маңызды факторы. Біз мектептерді қалай материалдық жағынан қамтамасыз етсек те, білім сапасын жақсы мұғалімдерсіз көтеру мүмкін емес. Ұлы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, «Мұғалім – мектептің жүрегі»

сенім болды. Бірақ қаншама мемлекеттік мектептерге бардым, облыстық әкімшілікке де бардым. Ешқандай жер жұмысқа алмады. Сосын балаларды ақылы түрде оқытатын жекеменшік мектепке жұмысқа тұрдым. Қазір осында жұмыс істеймін. Мұнда оңды-солды қағазбастылық жоқ. Одан бөлек, мұғалімнің жақсы сабақ беруіне толыққанды мүмкіндік жасалған. Мәселен, қағаз-қаламнан бастап компьютерге дейін қамтамасыз етеді. Сынып және тәрбие мұғалімдері бөлек. Ал пән мұғалімі тек сабақ берумен айналысады. Тағы бір артықшылығы – цифрлық сауаттылық мүмкіндігі жақсы дамыған. Тек қынжылатыным, мемлекеттік мектептер білімді, білікті мамандарды осындай жағдаймен қамтамасыз етіп, неге жағдай жасай алмайды? Осыған әлі де өкінішім бар.

Мемлекет маманды даярлағанмен, мұндай кедергінің болуы маман үшін де, мемлекет үшін трагедия деп айтар едік. Қаншама түлек бітірді деп мақтанғанымызбен, олардың көпшілігі өз саласында қызмет етпейді. Оған себеп те көп. Ал мемлекеттік мектептерде педагог мәртебесін жоғарылатып, цифрлық сауаттылықты арттыру үшін әлі қанша уақыт жұмсамақпыз?

«Педагог мәртебесі» артық жұмыстан арылтты

2019 жылы елімізде мұғалімдер мәртебесін көтеретін «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданды. Мақсаты – ұстаздықтың ұлы жолына түскен тұлғалардың мәртебесін арттыру, жүктемесін азайту, оларды жөнді-жөнсіз тексерулерден, міндетті емес қызметтерден қорғау және ынталандыру сияқты өзге де мәселелерді заңды түрде орнықтыру. Білім және ғылым министрлігінің хабарлауынша, заң қаржымен толықтай қамтамасыз етілген. Жалпы 2024 жылға дейін бюджеттен осы талаптарды орындау үшін 5,3 трлн теңге бөлінеді. Ресми деректер де, статистика да көз қуантады. Алайда осы заң мұғалім мәртебесін шынымен асқақтатты ма екен деген ой келді.

Атырау облыстық дарынды балалар мектеп-интернаты директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Әділбек Өмірзақовтың айтуынша, қағазбастылық пен артық жұмыстардан мұғалімдер арылды деп айтуға негіз бар.

– Бүгінгі таңда мұғалімдердің ақпараттық құзыреттілігін дамыту бірінші орында тұр. Цифрлық сауаттылықты меңгеру керек. Жалпы менің ойымша, саясаттанушы Саясат Нұрбектің ұсынған «Жаңа мамандықтар атласы» бағдарламасын зерделеп, қолданысқа білім беру ұйымдарына енгізу қажет.

Қаламқас

Қаламқас Ахметқалиева, №82 «Дарын» мамандандырылған лицейінің мұғалімі:

«Педагог мәртебесі» туралы заң – білім саласында бұрын-­соңды болмаған үлкен әрі қажет заңнама. Бұл заң қабылданғаннан бері ұстаздар қауымына көп көңіл бөлініп жатқаны сезіледі. Өзім жұмыс істеп жатқан мектепте, қоғамда педагогтардың, педагогика қызметінің беделі артты. Сонымен қатар мұғалімдерге арналған түрлі байқау көбейді. Әкімдік, Білім басқармасы мұғалімдердің біліктілігін көтеруге көмектесетін, жұмысына мотивация беретін конкурстар ұйымдастырып жатыр. Мұның барлығы – педагогтарға мотивация, стимул беретін жақсы бастама. Өңірлердегі маман тапшылығын жою үшін алдымен мектеп жасынан бастап мамандық таңдауды дұрыс үйрету керек. Қай мамандық таңдайтынын оқушы өз еркімен таңдағаны жөн. Себебі өз еркімен таңдамаған соң да бала шатаса бастайды. Оқу бітірген соң тіптен қызықпауы мүмкін деп ойлаймын.

  P.S: «Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін нәрсе – білім» деп Мұхтар Әуезов бекер айтпаған. Сол білімді бойға сіңіретін адам – мұғалім. Елдің дамуы мен болашағы білім жүйесінің біртұтастығымен өлшенеді. Білімді ұрпақ тәрбиелеуші тұлғалардың абыройы үстем болса, ел мерейі де биік болмақ. Осы ретте қабылданатын бағдарлама мұғалім мәртебесін биіктетіп, әлеуметтік жағдайын жақсартса деген үміт бар…

Айзада ЖАЙЫҚҚЫЗЫ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды