МҰҒАЛІМ МӘРТЕБЕЛІ МЕ?

0 247

Биылғы қыркүйек айында ҚР Парламенті Мәжілісінің отырысында халық қалаулысы Ирина Смирнова білім беру саласын қаржыландыру мәселесін көтеріп, қазақстандық мұғалімдердің жалақысы тым аз екенін айтып, Үкімет басшысының атына сауал жолдаған еді. Депутаттың айтуынша, бүгінде Еуропа мемлекеттерінде білім беру саласын қаржыландыру көлемі ішкі жалпы өнімге шаққанда 6-9 пайызды құрайды. Соның нәтижесінде ол елдегі ұстаздардың еңбегі жақсы бағаланып, еңбекақылары да жоғарғы деңгейде екен. «Бізде мұғалімдердің еңбекақысы 40-50 мың теңгені құрайды. Сынып жетекшілігі үшін бес-ақ мың қосады. Ондай жүйемен білім беру саласын дамыту қиын. Қазақстан да білім беру саласын қаржыландыру көлемін ішкі жалпы өнімге шаққанда 6-9 пайызға дейін жеткізуі тиіс» деді депутат. Осы орайда біз ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты көтерген мәселе бойынша осы салада ұзақ жыл еңбек етіп жүрген елордалық ұстаздардың да пікірін білген едік…

????????????????????????????????????

Жұпаргүл Халмырзаева, №43 орта мектептің мұғалімі:
– Мұғалімнің жалақысы өте төмен екені рас. Ол әлеуметтік жағдайға да әсер етеді. Мардымсыз ақшаны жеткізе алмай, уа­йымда жүрген мұ­ға­лім шығармашылықпен де толық айналыса алмайды. Қағаз жұмыс өте көп. Әр мұғалім тек 18 сағатпен толық жұмыс істесе деймін. Кейде 40 сағат өте ауыр болады. Ұстазға қажетті нәрсенің бәрі ақша. Соның барлығын өзіміз сатып аламыз. Ай­талық, ауыл мұғалімінің жағдайы да мәз емес. Олардың да жалақысы аз. Қазір ауылда бала саны азайған. Мал ұстамаса, күн көре алмайды. Интернетке кіру мүмкіндігі де төмен. Осындай жағдайға қарамастан, еңбек етіп жатқан ұстаздар қандай марапатқа болмасын лайық дегім келеді.

Назгүл Амандықова, №17 мектеп-гимназияның мұғалімі:
– Адамға ең бірінші қажетті мамандар мұғалім мен дәрігер екені анық. Біздің елімізде бұл мамандық иелері әлеуметтік жағынан аз қорғалған. Осыдан 3 жыл бұрын мен деңгейлік курстан өттім. Менің тобымда 30 мұғалім болды. Соның 4-5-еуінің ғана өз үйі болды. Ал қалғандары үй жалдап тұрады. Мысалы, бастауыш сыныптың мұғалімі түске дейін сабақ береді. Ал түстен кейін жекеменшік білім беру орталықтарына барып сабақ беріп, ақша табады. Солай тапқан ақшасы кейде үй жалдауға да жетпейді. Осыдан кейін олар мораль­дық жағынан шаршайды, эмоцияға жол
береді. Күнкөрістің қамы­мен шаршап жүрген мұғалімді жан-жағынан бәрі сынға алады. Еңбек­ақысы көбейсе, мұғалімнің еңбегі бағаланса, оның еңбегі жемісті болады, мәртебесі көтеріледі.
Бүгінгі күні оқушылар арасында мұғалім боламын деген оқушы жоқ. Неге деп сұрасаң, еңбекақысы аз дейді. Еңбекақысы 100 мыңға толмайтын мұғалім бар. Осындай қаржымен Астанадай алып қалада күн көру қиын ғой… Білім жүйесіне нақты көңіл бөліну керек. Бас қалада еңбек етіп жатқан мұғалімдерге жатақхана секілді, уақытша болса да, баспана берілсе дейміз. Ғалым Аврам Маслоу қажеттіліктер пирамидасының ең төменгі сатысында негізгі өмірлік қажеттіліктер: ауа, тамақ, су, бас­пана, ұйқы және тағы басқалар деп айтады. Ең бастысы, осы қажетті­ліктер орындалмаса, басқаға қол
жет­­кізу мүмкін емес.

Гүлжазира Ысқақова, рес­публикалық физика-математика мектебінің ұстазы:
– ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты И.Смирнова ханымның мұғалімдердің жалақысы туралы көтерген мәселесін қолдаймын. «Мәңгілік ел» идеясын жас ұрпақтың санасына сіңіруші – мұғалім. Мағ­жан Жұмабаевтың «Алты алаш­тың баласы бас қосса, төрдегі орын
– мұғалімдердікі» деп айтқан сө­зінде үлкен мағына мен құрмет жа­тыр. Алдымен қоғамда мұғалімге деген оң көзқарас қалыптасу керек. Мұғалімдік ең қадірлі, жалақысы көп мамандықтардың қатарынан орын алуы қажет. Естуімше, Кеңес одағы кезінде мұғалімге берілетін жәрдемақылар өте көп болыпты. Қазір қаладағы мұғалімнің баспанаға қол жет­кізуі үлкен мәселеге айналды. Бүгінгі таң­да ұстазға қажет дүние көп. Алдымен осы қажеттіліктерді орындап, сосын барып мұғалімнен сұраныс күшейсе деймін. Ал бізде керісініше…
P.S. Түйіндеп айтқанда, туған елімізді өрге сүйрейтін келешек жас ұрпақты тәрбиелеп жатқан ұстаздардың жағдайы жанымызды жабырқатарлық күйде екен. Бір данышпан «сананы тұрмыс билейді» деп айтқан. Осы сөзде шындық бар. Ендеше, халық қалаулысы көтерген мәселе жоғары жақтан қолдау тапса екен дейміз.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

10 + 7 =