Мүгедекті мүсіркеме, көмек бер!

0 46

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Ақмола облысындағы қарағайлы орман ортасында 350 жанды қанатының астына алып отыр. Осында 2005 жылдан бері он сегіз жастан асқан, психоневрологиялық ауруларға шалдыққан, күтімге, тұрмыстық және медициналық қызметке мұқтаж азаматтар тұрып келеді.Қазіргі уақытта орталықта психоневрологиялық ауруларға шалдыққан 350 азамат көмек алуда. Оның ішінде 219-ы – ер адам, 131-і әйел кісі болса, 51-і – зейнеткер, І топтағы 71 және ІІ топтағы 279 мүгедектігі бар жан қызмет алады.
Орталық ғимараты екі блоктан тұрады. А блогы 2018 жылы пайдалануға берілген. Мұнда мүмкіндігі шектеулі жандардың жүріп-тұруына барлық жағдай жасалған. Үшінші қабатында әйел кісілер, төртінші қабатта ер кісілердің бөлмелері орналасқан. Олар палаталарға жас ерекшеліктері мен диагнозына қарай орналастырылады. Ескі корпус, яғни Б блогы үш қабаттан тұрады. Біріншісінде 80 емделушінің бөлмесі бар. Ғимаратта тігін, тоқымашылық пен аяқ киім жөндеу, қолөнер, сурет салу үйірмелері орналасқан. Осы кабинеттерде тәлімгердің көмегімен өз туындыларын жасап шығады.
Олар бір үйренгенін келесіде ұмытып қалуы әбден мүмкін. Сондықтан қайсысы болмасын мамандардың назарында. Әйелдер жағы киім-кешек тігуді үйренсе, ал ер кісілер жыртылып қалған аяқ киімдерді бүтіндеуді білуі тиіс.
«Жасым 54-те. Осында түскеніме биыл 9 жыл толды. Орталықта сурет салуды үйрендім. Қыш құмыралар жасаудан сабақ алдым. Маған дәрігерлер жүйке ауруы диагнозын қойған. Ауруым көктемде асқынады, бірақ тиісті дәрілерді қабылдап отырамын. Сондықтан денсаулығым жақсарып келеді. Уақытымның көп бөлігін құмыра жасауға арнаймын. Осындағы мамандар туғанымдай болып кетті» деді Серік Рашитұлы.
Мұнда қызмет алушылардың 40 пайызы – шизофрения мен дамуы кешеуілдеген азаматтар. Олардың тілін табу, өнерге, еңбекке баулу – екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс.
«Үйрету үшін алдымен сабырлық керек. Байыппен түсіндірсең, аурудың қай түрімен ауырса да ұғына алады. 8 жылдан бері осы орталықта қызмет етемін. Өзім жақын маңдағы Амангелді ауылында тұрамын. Бұл кісілердің арасында мінезі ауырлары да бар. Әрқайсына жеке көңіл бөлу қажет. Ұрысуға, дауыс көтеруге болмайды. Ақырын сөйлеп, жылы сөздерімді арнап, еңбекке баулимын. Себебі олар да кісіні тани алады. Кім жақсы сөйлесе, соған ашылады, соны жақын тартады. Жұмсақ сөйлеп үйретеміз. Олардың бойында жасырынып жатқан таланттары, қабілеттері болады. Соны бірге іздеп, әрі қарай жан-жақты дамытамыз. Түске дейін 10, түстен кейін 10 қатысушы келіп ағаш өңдеумен айналысады. 350 қызмет алушы болса, соның 300-і шеберханаға келеді» дейді шеберханашы Қабдолла Мұздыбаев.

ЖАЗАЛАУ ЖОҚ

Орталықта 8 әлеуметтік қызмет түрі көрсетіледі. Бірінші – әлеуметтік-тұрмыстық, күнделікті қайталанатын істерге дәрігерлер мен әлеуметтік қызметкерлер жауап береді. Екінші, әлеуметтік-медициналық, орталықта барлық медициналық қызмет түрі бар. Үшінші – әлеуметтік-психологиялық. Төртінші – еңбек терапиясы. Әлеуметтік-мәдени бағытта ән, би, домбыра үйірмелері қамтылған. Экономикалық-құқықтық, қызмет алушылардың зейнетақысы мен әлеуметтік көмек түрлерін тұрақты алуы қадағаланады.
«Мекемеде 270 қызметкер жұмыс істейді, емделушілерді кемсітушілік, физикалық немесе психикалық зорлық-зомбылықтан, қорлаудан, дөрекі қарым-қатынастан қорғайды. Бізде төбелесу, жұдырықтаса кету жағдайлары өте сирек кездеседі. Өзара ұрысып, ренжісулері мүмкін, ондай кезде психологтар жұмыс істейді. Қажет болса, басқа бөлмеге көшіріледі. Бізде жазалау жоқ. Бірақ белгілі бір уақытқа арнайы кабинетте оңаша қалдыру бар. Мәселен, қызмет алушымыздың ауруы асқынған жағдайда өзі мен айналасындағыларға зияны тимес үшін сол жерде ұстаймыз. Жарты сағатқа байлап қоя аламыз. Жарты сағатта денсаулығы қалыпқа түссе, бөлмесіне жіберіледі. Болмаса Нұр-Сұлтан қаласындағы арнайы емханаға жатқызылады. Жерлеу рәсімдері де өткізіледі. Қайтқан кісіні алдымен туыстарына хабарлаймыз. Егер жалғыз болса, өзіміз ақтық сапарға шығарып саламыз» дейді директор орынбасары Назарбек Көкен.
Орталық кітапханасындағы кітаптардың басым бөлігі – фантастикалық әрі орыс тілінде. Оның өзі арнайы сұрыптаудан өткен. Қызмет алушылардың оқуына оңай тиетін, психологиясына кері әсер етпейтін кітаптар таңдалған.
«Өзіміздің шағын кітапханамыз бар. Көбінесе фантастикалық кітаптар көп оқылады. 2016 жылдан бері осында жұмыс істеймін. Қызметім – қызмет алушыларды қабылдау, құжаттарын реттеу. Осы жерге түскеннен кейін 2 апта бақылаймыз. Жұмыс істеу немесе өз-өзіне қызмет көрсетуге қабілеті анықталады. Одан кейін 1 жылдық жоспар түзіледі. 3 айда бір мониторинг жүргізіледі. Құрған жоспардың орындалу барысы, жағымды және жағымсыз жайттар қаралады» дейді әлеуметтік қызметкер Қуаныш Ботабаева.150 ОРЫНДЫҚ ҒИМАРАТ САЛЫНАДЫ

Қазір Нұр-Сұлтан қаласында 50 адам орталыққа түсу үшін кезекте тұр екен. Өкінішке қарай, әзірге оларды қабылдауға қауқарсыз. Себебі орын саны шектеулі. Десе де орталық басшысының сөзінше, алдағы уақытта 150 адамға арналған тағы бір ғимарат бой көтереді деп күтілуде.
«Жұмыс істеу басында қиын тиетіні рас. Десе де қай-қайсына болмасын шынайы ықылас танытсаң, еш қиындығы жоқ. Өз бауырыңдай қарасаң, жұмыс жеңілдейді. Орталыққа алғаш келгендер 3 ай бойы туғандарымен тілдеспейді. Себебі ортаға сіңісіп кетуі керек.
Өкінішке қарай, халық арасында әлеуметтік мекемелерде емделушілерді ұрады, жөнді қарамайды деген сияқты жаңсақ пікірлердің қалыптасып кеткені рас. Сол себепті келіп көремін деушілерге біздің есігіміз қашанда ашық. Бір айта кетерлігі, қызмет алушы бізден шығып үйіне барғанда тәртіпті ұмытады. Үйіне барса еркелейді. Ата-анасы, туыстары жұмысқа кетеді. Содан жалғыз өзі қалып, күн ұзақ телефон мен теледидарға үңілумен болады. Дәрі-дәрмегін уақытылы ішпейді. Бізде дәрінің көмегімен жүрген емделушілеріміз бар. Әйтпесе денсаулығы құриды. Қазір дәріден бас тартуға тырысып жатырмыз. 350 емделушінің 40 пайызы күн сайын қабылдайтын дәрі-дәрмектің көмегімен ғана сау жүр.
Екінші мәселе – орталыққа мамандар жетіспейді. Себебі қаладан шалғайда орналасқан, жұмыс істегісі келетіндер үй мәселесін көтереді. Ақкөлге келіп, пәтер жалдап тұрғысы келе бермейді. Мәселен, заманауи үлгідегі медициналық құрал-жабдықтар түгелімен бар, алайда соны қолданатын бірде-бір көз дәрігері табылмай тұр. Бізде тұрмақ, Ақкөлдің ауруханасында окулист жоқ» дейді Нұрбол Нұрбайұлы.
350 қызмет алушы – 100 па­йыз мемлекеттің қамқорлығында. Өткен жылы «Қамқор» 20 жанды қанатының астына алса, биыл тағы бір жан қатарға қосылыпты. Жалпы 2016 жылдан бері 8 қызмет алушы осында емделіп, жағдайы жақсарған соң отбасына оралған.
Оксана Борисқызы 29 жаста. Уақытының көп бөлігін ән, би үйірмесіне арнайды. Жақын маңдағы ауылдар мен аудандарда ұйымдастырылатын мерекелік кештерге қатысып, өзге жандарға ерекше көңіл күй сыйлағанды жақсы көреді. «Бұл жерде тұрып жатқаныма біраз болды. Өзіме қатты ұнайды. Тамақтары жақсы. Осында би билеп, ән айтамыз. Уақытымыз көңілді өтеді. Тәтем мен ағам бар. Жақын маңда тұрады, көрісіп тұрамыз» деді ол.

ҚАЛЫПТЫ ӨМІРГЕ ҚАЙТА ОРАЛУҒА МҮМКІНДІГІ БАР

Орталықта 100-ден аса азамат спортпен тұрақты түрде айналысады. Олар пауэрлифтинг, шаңғы, конькимен сырғанау, дойбы, шахмат, шағын футбол, волейбол, үстел теннисі бойынша жаттығады. Олар – 2013 жылы Оңтүстік Кореяның Пьенг Чанг қаласында қысқы арнайы Олимпиада ойындарынан 5 алтын және 2 күміс медаль. Сол жылы Люксембургте үлкен теннистен 2 алтын, 1 күміс иеленген. 2015 жылы АҚШ-та пауэр­лифтинг бойынша: 2 алтын, 4 күміс, 1 қола медаль және 4 орын. 2016 жылы Ресейде, Санкт-Петербург қаласында өткен пауэрлифтингтен жазғы спорт түрлері бойынша арнайы олимпиаданың Бүкілресейлік спартакиадасында 4 күміс, 8 қола медаль иеленген. 2019 жылы төрт қызмет алушы Абу-Дабидегі Бүкіләлемдік жазғы арнайы Олимпиада ойындарына қатысып, үздік бестікке енген. Ал спорттан алшақтары ағаш цехтары мен тігін шеберханаларда еңбектенеді. Туындылары көрмелерге қойылып, түрлі сайыстарға жолдама алады. Өнерлілері ән, би үйірмелеріне қатысады.
«2018 жылдан бері осы жерде қызмет етіп келемін. Мұндағылардың жас ерекшеліктері әртүрлі, дегенмен барлығы бала сияқты. Негізгі қызметім – психолог, қосымша би, әннен сабақ беремін. Бір биді үйрену үшін 2 апта дайындаламыз. Оларға ұрысуға, дауыс көтеріп сөйлеуге болмайды. Жылы сөйлеп, көңілін табамын, ең бастысы жақсы көру керек. Әйтпесе ішіңнен ұнатпай, сыртыңнан күліп тұрсаң, ешқашан айтқаныңа көндіре алмайсың» дейді Данагүл Жетпісова.
Иә, оған өзім де куә болдым. Оларды қоғамнан бөліп тұрғаны – тек диагнозы. Десе де дәрісін қабылдап жүрсе, жанында жанашыры, қолдаушысы мен үйретушісі болса, қолдарынан көп нәрсе келеді. Сау адамның істегенін артық орындамаса, кем түспейді. «Қамқор» – психоневрологиялық ауруға шалдыққандардың өз ортасы. Олар отбасынан жырақта болса да жалғыз емес. «Қамқор» орталығында денсаулығын түзеп, еңбекке араласып, қалыпты өмірге қайта оралуға мүмкіндігі бар.

Наима НҰРАЛЫҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fourteen + seven =