©2020 Астана Ақшамы
МҮГЕДЕКТЕР КҮНІ МЕРЕКЕЛЕНДІ
1992 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы шешімімен 3 желтоқсан халықаралық мүгедектер күні болып белгіленді. Ал, Қазақстанда мүгедектер күні жыл сайын қазан айының екінші жексенбісінде аталып өтіледі. Осы атаулы күнге орай Конгресс-холда Қазақ соқырлар қоғамының дәстүрлі мерекелік концерті өтті.
Әлем халқының 10 пайызын зағип жандар құрайды. Біздің елде 20 мыңнан аса көз жанарынан айырылған адам бар. Солардың ішінде 450 зағип – Астана қаласының тұрғыны.
Құрылғанына 75 жылдан асқан Қазақ соқырлар қоғамы республикалық бірлестігінің қалалық бөлімшесі ұйымдастырған жылдық қорытынды концерт мүмкіндігі шектеулі жандардың мерейін тасытты.
Сахна шымылдығы зағиптардан құралған хордың орындауындағы Төлеген Мұхамеджановтың «Астана кеші» әнімен ашылды. Қалалық Қазақ соқырлар қоғамының төрағасы Қуанышбек Тәтенов сөз алып, атқарылған істер жөнінде баяндама жасады.
Оның айтуынша, қаламызда тіркелген көзі көрмейтін 1 және 2 топтағы 450 мүгедектің 65 пайызы – егде тартқан адамдар. Ағымдағы жылы қоғам мүшелері бірнеше шараларға қатысып, қонақ болды. Атап айтсақ, 8 наурызда «Айсад», «Азия», «Риксос» мейрамханаларында 90 зағип әйелге, мамырда «Сарыарқа» мейрамханасында 35 соғыс және тыл ардагеріне, Құрбан айтта «Ақжайық» мейрамханасында 40 қартқа арнап, дастарқан жайылды.
Сонымен қатар, дойбы, шахмат, тоғызқұмалақ сынды үстел спорты түрлерінен өткен турнирлерде бірнеше зағип топ жарды. Д.Сүтбаева, Н.Ли, М.Тоқыбаева, Б.Дыбысбаева сынды спорт шеберлері – соқырлар қоғамының мақтанышы.
Республикалық «Разные-равные» фестивалінде А.Нұғманова жүлделі 2-орынды алды. Ал, қала көлемінде өткен осы конкурста «Мамандық үздігі» аталымымен 1-орынды Камалиден Оспанов, 2-орынды Жанар Әбілбекова алса, 3-орынды алған Низамутдиновтер «Тату отбасы» аталымымен марапатталды. Сондай-ақ, көрермен көзайымы болған Вероника Болгарская «Вокал» аталымын иеленді.
Концертте өнер көрсеткен барлық зағип қонақтардың ыстық ықыласына бөленді. Әсіресе, «Болашақ» бағдарламасы бойынша Италияда оқып келген Саида Халықова Ахмет Жұбановтың «Қызыл қайың» композициясын фортепианода ойнап, көрерменге ерекше әсер сыйлады.
Қыркүйек айы бойы ұйымдастырылған «Ақ таяқ» фестивалінің қорытындысы осы кеште жарияланды. Фестиваль аясында өткен бағбандар, аспаздар, қолөнер шеберлері, солист-вокалистер, көркемсөз оқу шеберлері және ақындар конкурсының жеңімпаздары, жалпы айтқанда, он түрлі сайыста бірінші орынға 10 адам, екінші, үшінші орындарға 17 адамнан барлығы 44 адам марапатталды. Былтыр конкурстың барлық түріне бір адам қатысқан. Ал, биыл бір адам бір ғана сайыс түрінен бақ сынады.
АЗ-КЕМ АНЫҚТАМА
Қаламызда тіркелген көзі көрмейтін 1 және 2 топтағы 450 мүгедектің 65 пайызы – егде тартқан адамдар.
«Нұр Отан» партиясы атынан сөз сөйлеген Ахмет Сейітов зағип жандар қоғамның мүшесі ғана емес, белсенді бөлшегі, оған осындай өткізіліп жатқан шаралар дәлел екендігін атап айтты. Содан соң аспаздар конкурсының жеңімпазы Чапашникова Маринаны арнайы марапаттап, барлық жеңімпазды жеңістерімен құттықтады. Осы аталмыш конкурста екінші орын алған Төлеу Дәрібаева «Мұндай шаралар, жарыстар біздің өмірге деген құштарлығымызды арттыра түседі. 8 жылдан бері осы қоғамның мүшесімін. Сый-сияпаттан кенде емеспіз. Елеп-ескеріп, қолдап-демегендерге алғысымыз шексіз» дейді.
«Қазақ зағиптар қоғамы» президенті Байболат Әубәкіров осы ұйымды 30 жылдан астам уақыт басқарып келеді. Ол өз сөзінде ұйымның атқарған шаруаларына тоқталып, мүгедектерге көмек көрсетіп, көлікпен қамтамасыз еткен демеушілермен бірге Астана қаласының басшылығына да ризашылығын білдірді.
«Ақ таяқ» фестивалінің өтуіне «ҚазРосГаз», «Тоталь» компаниялары қаржылық көмек берді. Қатысушылардың киімдерін «Қазақмыс» АҚ тігіп берсе, «Тико» түрік компаниясы дыбыс студиясын сыйлаған. Концерт соңында Мүгедектер күніне орай демеушілер қоғамға мүше 450 зағиптың бәріне сыйлық жасады.
Орынбек ӨТЕМҰРАТ