Моцарт музыкасы шалқиды

0 597

Биыл ұлы композитор В.А. Моцарттың туғанына 260 жыл толып отыр. Осыған орай 24 тамыз күні «Астана Опера» театрының Камералық залында «Өлмейтін Амадеус» концерті өтеді.

Вольфганг-Моцарт

Классиктің мерейтойына арналған кеште Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бағдат Әбілханов, ҚР Мәдениет қайраткері Айсұлу Бай­кенова және белгілі дирижер, Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдиновтің жетекшілігімен камералық оркестрдің музыканттары өнер көрсетеді.
Бір жарым сағаттық бағдар­ла­мада көрермен назарына «Сиқыр­лы флейта» операсынан увертюра, «Түнгі кішкентай серенада», скрипка және альтке арналған Кон­чертанте симфония­сы мен клас­сик композитордың пьеса­лары ұсынылады. Концертте Алтынай Балтатегінің «Моцарт та­қы­рыбына фантазия» пьесасы да алғаш рет орындалмақ. Осы шығарма кеш мазмұнын аша түспек.
Мамандардың пікірінше, В.А. Моцарт шығармашылығы әлемдік музыканың даму үрді­сіне үлкен ықпалын тигізді. Ком­позитордың замандастары Моцарт бір естіген шығарманы бірден қағып алып, жадына тоқи­тынын және оның суырып-салмалық қабілеті өте жоғары болғанын айтады. Қамшының сабындай қысқа 35 жас ғұмырында да композитор артына мол мұра қал­дыра білді. Ол 600-ге жуық музы­калық шығарманың авторы атанды.
Концерттің тағы бірқатар жаңа­­лық­тарын айта кетсек, шебер скрипкашы ретінде танылған Бағдат Әбілханов альт аспабында алғаш рет шығарма орындайды.
– Альттің скрипкаға қарағанда мойыны жалпақ келеді. Сондықтан маған ең алдымен оның көлеміне үйрену керек. Ал аспаптан әдемі дыбыс шығару, шығарма бояуын музыка тілінде қа­нық әрі әуезді жеткізу музыканттың шеберлігіне байланысты. Осы концертте де барлық шеберлігімді салуға тырысамын. Моцарттың концерттік симфонияларын альтта орындауды бұрыннан армандайтынмын. Енді сол арманым орындалмақ, – дейді Бағдат Әбілханов.

Моцарт
Гайдн, Бетховен сынды композиторлармен қатар, Моцарт Вена классикалық мектебінің ірі өкілі саналады. Шығармаларының негізгі өзегі де ұлттық музыкада жасырулы. Ұлы композитор музыкасымен мектеп жасынан таныс Айсұлу Байкенова соны айтады.
– Моцарттың әуезді музыкасы Австрия елінің халық әндерінен тамыр тартады. Сол себептен көп адамға жақын деп ойлаймын. Бұл концертте өзім орындайтын Кончертанте – менің сүйікті шығармам. Оның мағынасы өте терең әрі тыңдаған адамды тебірентерлік күші бар. Оны мен алғаш рет мектеп оқушысы кезімде әйгілі музыканттар Юрий Башмет пен Владимир Спиваковтың орындауында тыңдадым. Кончертанте бірнеше бөлімнен тұрады. Бұл өмірбаяндық деп айтуға тұрарлық шығармада композитордың қуанышы да, қайғысы да көрініс табады. Мәселен, туған анасынан айырылғандағы сәті музыка тілінде ғажап берілген. Осы екінші бөлімді де Моцарт марқұм анасына арнаған. Осы бөлімді бірінші рет естігенімде, қатты толқығаным бар. Концертке келген халықты да Моцарт музыкасы бейжай қалдырмайды деп сенемін. Себебі, оның шығармалары адам жанын тазартып, рухани ләззатқа бөлейді, – дейді А. Байкенова.
Музыканттардың сөзіне қарағанда, музыкатанушы, ҚР Мәдениет қай­раткері Маржан Жәкенова жүргізетін кештің көрерменге берері көп болмақ. «Мың рет естігеннен бір рет көрген артық» демекші, енді соны көру ғана қалды.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

9 − 2 =