Моншақ тізген хас шебер

0 472

Ежелгі қазақ жерінің таңбалы тасқа тұнып тұрғаны, адамзат жазуының негізін қалаған тасқа басылған таңбалардың молдығы көне өркениет мұрасынан сыр шертеді. Петроглифтер – тасқа салынған суреттер, тас бетіндегі кітап. Енді моншақпен сурет салғанды қашан көріп едік? Ол инемен құдық қазғаннан бетер, көз майын тамызған михнатты өнер екенін көрмесек те сеземіз. Таяуда Ұлттық академиялық кітапханада бейнелеу өнерінің қылқаламымен салатын суреттен сипаты бөлек бір таңғажайып көрме өтті. Көрме иесі – Күләнда Ғалиасқарқызы Есекина.

Ол – Арқалық педагогикалық колледжінің сәндік-қолданбалы өнерінің мұғалімі болып қызмет істеген, шебер. Күләнда Ғалиасқарқызы ұлтжандылығымен баурады. Осы қасиет қолтаңбасынан анық байқалады. Оның жас кезінде Қостанайда бір қазақ мектебі, Арқалықта бір қазақша физмат факультеті болған. Әке шешеден жастай жетім қалған Күләнда сіңлілерін қазақша оқыту үшін Арқалыққа кеткен. Есеке атасынан дарыған мінез. Суретші академик Манаш Қозыбаев туған елдің қызы, аталас туыс болып келеді. Арқалықта гуманитарлық колледж ашқан Айша Жүнісова Күләнданы «Шебердің қолы ортақ» деп бірден сабақ беруге шақырған.

1992 жылы еліміз тәуелсіздігін алғаннан соң Арқалықта қазақ кластарын ашуға белсене кіріскен өзінің туған сіңлісі Роза Есекина мен Күләнда болатын. Сол үшін Роза физматтан бөлек филологияны бітірген. Сол мектепте жүріп, суретші қазақтың төл қолданбалы өнерін еңбек сабақтарына енгізуді парыз санайды. Ер балаларға ұршық жасатса, қыз балаларға жүн түткізіп, иіртіп, тоқытуды үйретеді. Қазақтың ұлттық тағамдарын дайындауды, дәстүрді үйретеді. Қостанайда сегіз
жапырақ құрақ болса, Торғайда шешен құрақ деген көрпе түрі қолданылады. Құрақ құраудың қыр-сыры, кілем тоқу, ұлттық киім үлгілері, басқұр, т.б. істеуді үйретті.

Бұл балаларға этнографиялық тәрбие ретінде берілді. Күләнда Ғалиасқарқызының айтуынша, Айша Бибі кесенесінде оюдың 200 түрі бар. Тұмарша – үшбұрыш атауы бар ою. Ирек – су. Жазу болмаған кезде ирекпен суды бейнелеген.  Балтасап, жапырақ, қошқармүйіз симметриялық үлгіде, күрделілеу болған соң жоғарырақ класта оқытты.

Суретшінің моншақпен картина салуына түрткі болған нәрсе – бір тойда сыйлыққа шетелден әкелген арзанқол картина еді. Моншақты жапсырып, баттап жасаған екен. Ол «мен бұдан әдемі шығарар едім» деп ойлайды. Шебер моншақпен көрме жасап шығаруға табаны күректей бес жыл уақытын сарп етті. Мақсаты – жас ұрпаққа үлгі болсын деу. Өйткені, еңбек, сурет сабағы отансүйгіштікке тәрбиелеуі керек. Түр мен түсті, пропорцияны білу қаршадайынан баланың сана- сезімін, отансүйгіштігін оятатын сабақтар, әрі этика, эстетика көзі деп ұғады. Қазіргі индустриялы- инновациялық Қазақстанда жеңіл өнеркәсібі ақсап тұр, ол үшін мектепте сурет, еңбек с а б а қ т а р ы н көбірек беру керек. Күләнда апайдың асыл мұраты – мектептерде қолданбалы өнерді кіргізуге мұрындық болу! Бұл –расында барды ұқсату, бұрынғы көл-көсір қолөнерді қалпына келтіру. Оны ғылыми жағынан негіздеу керек. Себебі, мұғалімдердің негізгі парызы ұлт тәрбиелеуге атсалысу деп түйсінеді. Бұл идеяның жасампаздығын тілейік! Технология десе де, кейбір ауылда оны толық кіргізе алмайды. Балалар әлі күнгі орыстан үйренген үлгімен сурет салады. Мақсат – одан атымен безіну емес, өзіндік төл өнерден жерінбеу. Өзі соның әдістемесін жасады.

Х ғасырда қазақ жеріне арабы кілем кірген. Суретші Күләнда Есекина осы арабы кілемді шағын фрагмент қылып тоқып, картинаға салып қойды. Бұл – өзге жұрт қызықса, үлгісін алсын дегеннен туған оңды идея. Кілемді тоқығанда ол қазақтың боскесте, алабас деген оюларын пайдаланды. Расында бұл кілемді бала кезде, 10-11 жасында тоқыған, сол сұлба ұмытылмай, есте қалып қойған, соны жаңғыртты. Олжа демей көріңіз!

Қазақтың қолданбалы өнері – тұнып тұрған ата тарихымыз. Торғайда қыз ұзатар тойда қоржын, Қостанайда дорба жүреді. Осы ұлттық салт-дәстүрге сай дорбаның жаңа үлгісін жасау – шебердің ойында. Көрмедегі тойға арнаған дорбаның үлгісі көз тартты. Қазақы ою, бір түріне қос аққу салынған. Жас жұбайлардың символы той сарқыты бар дорбада болмағы жарасымды. Қайын атасы Сәрсенбай Мұхамедиев көршілес үш облысқа аты шыққан әйгілі ұста болатын. Үлкен кісілердің шапаны мен камзолдарының түйме, ілгек, алқа, сырға, жүзік тәрізді сәндік бұйымдарын күмістен соққан. Бұрын қазақтың қыздары тебетейлері, кемзалдарының шеттеріне күміс қадаған. Ұсталар ел арасында аттары шығады, бірақ сол дәуірінде қалып қояды. Олардан бренд жасау қазіргі қазақ үшін аса маңызды екенін ұғар уақыт әбден жетті.

Қазіргі тілде косметичка, ертеде халық айнақап, айнақалта деп аталатын қыз-келіншек жасанатын заттар салынатын шағын қалтаны кестелей, оюлай, көз жауын алардай қылып істеген. Қазақ еуропалық стильді білмей, дара тұрғанда оның өзіне тән таңғажайып түркілік мәдениеті болды ғой. Этнографиялық деректе: перзент көрмей зарыққан отбасы кенеттен тәңірі жарылқап, ұлды болса, баланың төбесіне бір шоқ шаш қойып, оған маржан- моншақ араластырып өріп қоятын
салт болған.

Күләнда Ғалиасқарқызының шығармашылық бір көргенде-ақ, оның инемен сұлулық дүниесін тірнектей қалпына келтірген хас шебер екенін мойындайсыз. Кей әйел осы моншақ теңізінің бір тамшысын, дәлірегі бір түйірін қадай алмас еді. Көк инені түртпейтіндер үшін мағынасыз тер төгу. Ең әуелі суретшінің жолбарыс тұқымды үш полотнода, әрі сүйіп салатынын аңдадым. Өткен ғасырдың ортасында Сыр бойы мен Балқаш, Іленің қалың қамыстарын мекендеген Тұран жолбарысының тұқымы тұздай құрыды. Сол фаунаны жоқтап, көркем прозада жазған жазушы болған соң бейжай қала алмай, арбалып қарадым. Көркем, шынайы! «Шатқалдағы жолбарыс» көрмедегі елдің көзіне оттай басылды. Даланың маңғаз аңы тылсым тыныштықта, түнгі табиғатта шоқайып отыр. Теңбіл түктері мен ақжағал бет-әлпеті дәл берілген, даналық пен айбын бар. Жалғыз жолбарыс. Жаратылыстың өз баласымен деп тұрғандай. Натюрморт моншақ арқылы тізуге айрықша үйлесетінін «Күнбағыстар», «Ақ гүлдер», «Раушан гүлімен құмыра және шай сервизі», «Алма салынған себет», «Жеміс салынған себет», «Қызыл райхандар» сияқты сериялы картиналардан көз айырмай қарап қалғанда ұғуға болады. Сұлулыққа іңкәрлік бұл суреттердің астары мен сырын ашады.

Көрмеде суретшінің 18 жұмысы қойылды. Зиялы қауым, суретші әріптестері мұндай өзгеше реңкті көрмені алғаш көргендерін айтып тамсанды. Адамдарға қуаныш, шаттық пен әсемдік сыйлайды. ҚР ҰАК директорының орынбасары Ғалия Исаханова моншақтардан қазақтың өнерін, тарихын насихаттайтын көркем дүниелер жасап отырған шеберге ризашылығын білдірді. Астана қаласы Суретшілер одағының директоры Игорь Гойденко Күләнда Есекинаға алғыс хат
тапсырды.

Мынадай мың құбылған әсем моншақтармен кесте тігу өнерін көрген қыз балалардың көзі шырадай жанып, өз ісін таңдап, қаласа құлшына кірісері айқын. Балғын жүректерде нәзіктік пен сұлулыққа, шеберлікке махаббат оты тұтанбақ. Жарық дүниені сұлулық сақтайды деген асыл қағиданы білеміз. Әлпия Орманшина есімді замандасы шеберлік иесін көргенде тебіреніп жыр арнапты:

Маржан моншақ түрленіп он саусақтан
Жан бітірген қолымен Күләнда қыз.
Он саусағы майысқан шебер болып,
Өзіңізге ұқсасын қыздарымыз.

Айгүл КЕМЕЛБАЕВА,
жазушы, Мемлекеттік жастар
«Дарын» сыйлығының лауреаты

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × 3 =