Момышұлының адъютанты

0 114

Ұлы Отан соғысында Бауыржан Момышұлының адъютанты болған Айдархан Байкен 17 жа­сында соғысқа аттан­ған.

Содан бір жыл бұрын, 1942 жылы өзі сұранып келген баланы жас деп соғысқа жібермей қойған екен. Сонда да беті қайтпаған бозбала жігіт келесі жылы қалай да соғысқа аттанып, бірден атақты сегізінші гвардиялық атқыштар дивизиясына түседі. Дивизия командирі әйгілі қазақ қолбасшысы Б.Момышұлы болатын.
– Мен оның адъютанты болдым. Тым жас едік. Бірде командир мені бір топ жауынгерлермен барлауға жіберді. Өте қауіпті тапсырма еді. Жау тылына өту керек болдық. Қиын болса да тапсырманы орындадық, бірақ барған 26 адамнан тек 14-і аман қайтты, – деп еске алады соғыс жылдарын ардагер қария. Осы тапсырмадан кейін жас Айдархан 3-дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталады. Ол награданы командирі өз қолымен тапсырыпты.
Бұл орденді ол кейін тағы бір мәрте кеудесіне тақты. Сонымен қатар Ұлы Отан соғысының бірінші және екінші дәрежелі ордендерімен наградталған. Ұрыс даласына атқыш болып келген ол соғысты инженерлік-саперлік батальонның командирі болып аяқтайды. Соғыс­та ардагер үш рет ауыр жарақат алған.
Жеңістен кейін елге зор атақ-­абыроймен оралған кезде ол небәрі 20 жаста болды. Елге қызметін Айдархан қария Көкшетау қалалық милиция бөлімшесінде учаскелік жедел уәкіл болып еңбек етуден бастап, Целиноград облысы Макинка аудандық милиция бөлімі бастығы орынбасарының қызметіне дейін көтерілді.
Биыл 95 жасқа шығатын соғыс ардагері қазір ұрпақтарымен бірге елордада тұрады. Әкімдіктер тарапынан болсын, өзі еңбек еткен ішкі істер органдары жағынан болсын жылда Жеңіс мерекесінде және басқа да атаулы мейрамдарда сый-құрметсіз қалған емес.
– Адамзат тарихындағы ең ірі дүниежүзілік соғысқа қатысып, одан аман қалу маңдайға жазылған екен. Мен қан майданда қазақтың ержүрек әрі бойында намыс оты ойнап тұрған батыр ұлдарының талай ерлігіне куә болдым. Сол арқылы өз халқымның жауынгерлік рухының қаншалықты мықты екеніне көзім жеткен. Сондай ерлікке толы күндер жайлы жеткізу бізге парыз болды. Ал қазір соғыс тарихын және ата-­әкелердің ерліктерін есте сақтау – жастардың қастерлі міндеті, – дейді шежірелі қария.
Бүгінге дейін ол қан майданда Отан үшін мерт болған батыр замандастары мен тірі қалған үзеңгілес достары жайында келер ұрпақ санасында қалсын деп естелік әңгімелерін айтудан танған жоқ. Қарттық жеңген жасында да соғыс көрген ардагерлер есімін естен шығармайды. Ел азаматтары оларды үйіне іздеп барып, жылда құттықтап кіріп шығуды ұмытпайды.
Айдархан ардагердің 3 ұл, 2 қызынан бүгінде 16 немере, он шақты шөбересі бар. Балаларының аналары – бірі 1964 жылы, екіншісі 2007 жылы дүниеден өткен. Қазір қолында тұратын кенже ұлы, әке жолын қуған ІІМ подполковнигі Жанат Байкеннің айтуынша, ғасырға жақындаған ақсақалдың жағдайы жақсы, тың. Майдангер әулетімен 2001 жылдан бері елордада тұрады.

Райхан РАХМЕТОВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

13 + five =