©2020 Астана Ақшамы
Молшылық мейрамы
Қалалық әкімдік алдындағы алаңға жұртшылық Ұлыстың ұлы күнін тойлауға көп жиналды. Биылғы Наурыз Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналды. Соған байланысты мерекенің өн-бойынан халқымыздың сан ғасырлық тарихынан сыр шертетін шаралар мен елдігімізді айшықтайтын көрмелерді көптеп байқауға болады.
Қалалық алаңда қаз-қатар сегіз киіз үй тігілген. Этноауылдың әрқайсысында ұлттық салт-дәстүрді әспеттейтін қолөнер жәдігерлері қойылған. Музей секілді жасақталған киіз үйлерге келімді-кетімді кісілер бас сұғып, ісмер халқымыздың қолынан шыққан дүниелерін тамашалауда. «Астана Медициналық университеті» АҚ тіккен киіз үйдегі заттарды қарап, жанындағы балаларына әрнені түсіндіріп тұрған жігіт ағасына жақындадық. Ол сонау Өскеменнен Астанаға Наурыз мерекесін көру үшін арнайы келіпті. Екі баласын ерте келген Данияр Балтабекұлы қылқобыздың тарихы жөнінде ұлдарына әңгімелеп тұр екен. «Қазақтың ұлттық аспаптарының ішіндегі көнесі осы – қылқобыз. Оның қос ішегінен шыққан әуендер өте сарынды, жүрегіңді шымырлатып жібереді. Қoрқыт ата дәуірінен бері келе жатқан қылқобыз киелі саналады» деді ол балаларына қарап. Ұлдарының бойына кішкентайынан туған еліне деген сүйіспеншілік пен отансүйгіштік сезімдерін дарытып жүрген азаматқа алғысымызды білдіріп, әрі қарай жылжыдық.
Әкімдік ғимараты алдындағы алаңда 10 палатка тігілген. Олардың тоғызында сауда-саттық қызу жүргізіліп жатыр. Әсіресе, мерекенің басты атрибуты – наурыз көже өтімді. Сатушылар көжені кеселерге шөпілдете құйып беруде. Бұл дегеніңіз – «жаңа жылда несібеміз ортаймасын, тоқшылық болсын, ақ мол болсын» деген сөз. Ал «көжені тауысып ішу керек, сонда ырзығы мол болады» деп ырымдаған жұртшылық кесе тола көжені сарқа ішіп жатыр.
Мереке күні наурыз көже, палау, бауырсақтар тек сатылып қана қойған жоқ, 10-шы палаткада бұл тағамдарды тойшыл қауымға тегін де таратылып жатты.
Мереке қызған шақта сән-салтанаты келіскен сахнадан әсем әуендер төгіліп, күмбір күйлер естілді. Өнерсүйер қауымға Қазақстанның халық әртісі Бағдат Сәмединова әнмен шашу шашты. Сондай-ақ, Айгүл Иманбаева, Шахризат Сейдахмет, Алмас Кішкенбаев, ағайынды Жүгінісовтер, «Жігіттер» тобы да өнер көрсетіп, мереке көрігін қыздырды.
Ал елорданың Қуыршақтар театры қазақтың әдет-ғұрпын айшықтаған театрландырылған қойылымды ұсынды. Алаңға жиналған көпшілік бесікке бөлеу, тұсаукесер, сүндет той секілді қазақтың қанына сіңген дәстүрлерді тамашалады. Жеңіл тілмен баяндалған қойылымнан балалар да бірталай мағлұматтарды ойға түйгені анық. Бояуы қанық спектакльдерімен жас көрермендерді қуантып жүрген Қуыршақтар театрының ашылғанына биыл – тоғыз жыл. Мұнда қазіргі күні 30-дан астам актер жұмыс істейді.
Наурыз тойы қызып жатқан алаңды аралай жүріп, алтыбақан құрылған аумаққа келдік. Мұнда кәдімгі ұзын-сонар кезек. Әсіресе, алтыбақанға бір тербелгісі келген балалардың қарасы көп. Шетте тұрған 5-6 жас шамасындағы өренді сөзге тарттық:
– Кезегіңді күткеніңе көп болды ма, балақай?
– Иә. Бірақ жаңа аға-әпкеммен бірге алтыбақанға бір тербеліп алдым. Енді екінші рет отырғым келіп тұр.
– Қаланың әр жерінде әткеншектер бар ғой…
– Олар кішкентай ғой, биікке де көтерілмейді. Ал мына алтыбақандар үлке-е-ен, биіккее-е-е-е шығасың, рахат, – деді әлгі балақай алтыбақанда тербеліп жатқандарға қызыға бір қарап қойып.
Күннің салқындығына қарамастан жастар алтыбақанға тербеліп мәз. Тіпті үлкендердің өзі бір тербеліп қалғысы келіп, кезекте тұр.
Бұдан кейін спорттық шаралар өтіп жатқан жерге келдік. Дене тәрбиесі және спорт басқармасы қалалық әкімдікпен бірлесіп біраз сайыстарды қолға алыпты. Мереке күндері қазақша күрес, гір тасын көтеру, арқан тарту, армрестлинг, асық ату секілді ойындар қызды. Жұртшылық бұл шараларға белсенді атсалысып, жеңіске жеткендер марапатқа ие болды.
Қысқасы, биыл наурыз 21-23 күндері аралығында қаланың 13 алаңында өтті. Әрбір алаңда киіз үйлер тігіліп, ұлттық дәстүрімізді ұлықтайтын қызықты бағдарламалар ұйымдастырылды. Қала тұрғындары мен қонақтары наурыз көжеден, бауырсақтан ауыз тиіп, эстрадалық әншілердің қатысуымен өткен концерттерді тамашалады. Сондай-ақ, сәндік-қолданбалы өнер бұйымдарының көрмесі мен тәжірибелі зергерлердің дәрістері көпшіліктің көңілінен шыққаны сөзсіз.
Қымбат ТОҚТАМҰРАТ