МОЛДАЛЫҚ – МИЛЛӘТҚА ҚЫЗМЕТ

0 123

IMG_8446

Елордамыздың айшықты құлшылық үйі «Әзірет Сұлтан» мешітінде ақсақалдар алқасының 2-кезекті отырысы болып өтті. Қоғам және мемлекет қайраткерлерінен құралған алқа мәжілісінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Астана қаласы бойынша өкілі, «Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы биылғы жартыжылдықта елордалық мешіттерде атқарылған жұмыстар жөніндегі есебі жайлы мәлімдеді.

Өкіл имамның сөзіне сүйенсек, ҚМДБ жариялаған «Дін мен дәстүр» жылы аясында құрылған республикалық және ақпараттық насихат топтары бүгінге дейін 18 840 адамды қамтыған. «Тәрбие мен білім – егіз» жобасы аясында ЖОО-дарына қарасты 9 жатақханада тәрбие сағаттары өткізілсе, мектеп түлектеріне арналған «Жолың болсын, жас түлек» атты рухани кешке 1800-ге жуық оқушы қатысқан. Ал, әр жұма сайын 78500 уағыз парақшалары таратылып, каладағы 7 мешітте орналастырылған нүктелер арқылы 32 онлайн-дәрістер аптаның дүйсенбі және сейсенбі күндері жүргізіледі. «Әзірет Сұлтан» мешітінде ашылған «Хикмет» телерадио кешенінде «Халық даналығы», «Балаларға базарлық», «Шешендік сөздер», «Ақ бата», «Ғибратнама» секілді бағдарламалар ашылып, 8550 СD таспалар таратылды. Бұқаралық ақпарат құралдарында 11 мақала жарияланып, 7 бейнеуағыз, 5 әлеуметтік ролик түсірілген.

Осы айтылған ақпараттарға көңілі толған алқа мүшелері мешіт ұжымы атқарып жатқан істерге оң бағасын беріп, өз ұсыныс, пікірлерін де ортаға тастады. Алқа төрағасы профессор, философия ғылымының докторы Ғарифолла Есім атқарылған істерге тоқтала өтіп, «Дін саласындағы қызмет шындығында базбіреулер ойлағандай оңай іс емес екенін бүгінгі елорда мешіттерінің жартыжылдық есебінен байқап отырған боларсыздар. Кейбір адамдар молданың ісі тек Құран оқып, халықтың садақасын қағып отыру деген таяз пікір айтады. Мен мешіт қызметкерлері тарапынан атқарылып жатқан, әсіресе, қайырымдылық шараларына баса назар аударғым келеді. Мүмкіншілігі шектеулі, мұқтаж отбасыларға 5 млн теңге сомасында көмек көрсетілді. Бұл дегеніміз – үлкен еңбек» деді.

Өз кезегінде «Нұр Астана» мешітінің бас имамы Наурызбай Тағанұлы қаладағы үлкен мешіттерде ғана қаржылық мүмкіндіктер болатынын, ал одан өзге, қаладан тысқары орналасқан мешіттерде, шындығында, мешіт қызметкерлеріне төленер жалақының өзі мардымсыз екенін айтты. Әсіресе, жыл сайын келетін қасиетті Рамазан айында әр кеште жамағатқа арналып жайылатын ауызашар дастарханына жұмсалар қаражат 250-300 мың теңге шамасында болса, отыз күн бойы ауызашар дайындау оңай шаруа емес екені бесенеден белгілі. Осы ретте, дін жанашырлары, кәсіпкер азаматтардың аянбай атсалысып жатқанының өзі елдегі ахуалдың алға жылжып келе жатқандығының көрінісі екенін атап өтті өкіл имам.

Жайық НАҒЫМАШ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × one =