Мобильдік топтар тексереді

0 13

Қоғамдық орындарда санитарлық талаптардың сақталуын қадағалайтын мобильдік топ елорданың сол жағалауында орналасқан екі Халыққа қызмет көрсету орталығының жұмыстарын тексерді.

Есіл ауданы тауарлар мен қыз­мет көрсету сапасын қадағалау басқармасы басшысының орынбасары Нұрбек Қуанышбековтың айтуынша, бұған дейін қазан айының басында аталған екі Халыққа қызмет көрсету орталығына санитарлық талаптарды бұзғаны үшін әкімшілік кодекстің 425-бабының 1-тармағы бойынша 115 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынған болатын. Кеше мобильдік топ сол кемшіліктердің қаншалықты жойылғанын көру үшін әдейі қайтадан қадағалауға келіпті.
Мәселен, Мәңгілік ел көшесі, 30 мекенжайындағы Халыққа қызмет көрсету орталығында адам қарасы көп емес дейді. Тексерушілер күзетшілердің сырттан келгендердің барлығының дене қызуын есіктен өлшеп кіргізетінін көрді. «Беттұмшасыз кіруге болмайды» деген талапқа тұрғындар да тегіс бойұсынғаны байқалады. Медициналық беттұмшасыз жүрген жан жоқ.
ХҚКО мамандары мен келушілердің арасын әлеуметтік қашықтықтың қызыл сызығынан бөлек арнайы шыны бөліп тұр. Адамдардың күту залындағы орындықтарға бұрынғыдай қаз-қатар отыруына тыйым салынған. Әр орындықтың ортасы «отыруға ­тыйым салынған» деген жазу мен қызыл лентамен бөлінген. Кіреберіс­те пайдаланылған қорғаныш құралдарын тастауға арналған арнайы жәшік қойылған, антитсептиктер ілінген. Басқарма мамандары мұнда санитарлық ереже сақталған деп бағалады. Екінші ХҚКО-дағы санитарлық талаптардың орындалуы көңілден шыққан.
– Мамандар мұның алдында тексере келгенде орталықта әлеуметтік арақашықтықтың сақталмайтындығына, келушілердің беттұмшасыз жүретіндігіне және қолданылған қорғаныш құралдарын тастайтын жәшіктің жоқтығына сын тағып кеткен болатын. Кешегі рейд барысында ол олқылықтардың түзетілгені көрініп тұр. Алайда бұл нысандар енді мобильдік топтың назарынан тыс қалады деген сөз емес. Мобильдік топ санитарлық талаптардың сақталуын ай сайын қадағалап отырады, – деді басқарма басшысының орынбасары.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

12 − six =