Мобильді скрининг іске қосылды

0 20

Енді автоәуесқойлар мен жолаушылар індетке көлікте отырып-ақ тест тапсыра алады. Кеше Нұр-Сұлтанда COVID-19 ­диагностикасы бойынша тест тапсыруға арналған мобильді орталық іске қосылды. elorda.info сайты хабарлағандай, зертхана №2 көпбейінді қалалық аурухана базасына қарайды. Скрининг-орталық «MEGA Silk Way» сауда, ойын-сауық орталығы маңында, яғни №2 аурухана мен орталық ортасында орналасқан.Аталған мобильді орталықтың ашылуына елорда әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен мен Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле ­Қисықова қатысты. «Мұндағы мақсат – қала тұрғындарының барлығына тест тапсырып, инфекция жұқтырмағанына көз жеткізуге мүмкіндік беру. Бұдан бөлек, қаладағы 6 зертханада күнделікті 4500 тест тапсырылады. Жалпы, қала бойынша мемлекеттік және жекеменшік зертханалар жұмыс жасайды. Ал бұл орталықтың орналасқан жері де ыңғайлы. Азаматтар әуежайдан келе жатып та тест тапсыра алады. Көліктерге де автотұрақ орны жеткілікті» деді Бақтияр Мәкен тілшілерге берген сұхбатында.
Оның айтуынша, бұл жоба алдағы уақытта қаланың басқа бөлігінде де ашылуы мүмкін. Мобильді орталықтың қуаты күніне 100-ден астам тестті құрайды. Бір адам ұзақтығы 3-5 минут ішінде тест тапсырады. Бұл – дәстүрлі скринингге жұмсалатын үдерістің үштен бір бөлігі ғана. Мұның ең тиімділігі тест тапсырушылар кезек күтпей, ешкіммен байланыс жасамай, өз автокөлігінде отыра береді. Ем-шара ақылы, бағасы 10 мың теңге тұрады.
Тест тапсырушылар жеке ақпарат, эпидемиологиялық факторлар мен байланысты белгілері бар сауалнаманы толтырады. Кабинада дене температурасы байланыссыз термометр көмегімен өлшенеді. Нәтиже 6 сағатта белгілі болады. Оны бір тәулік ішінде электрондық пошта арқылы немесе телефон нөмірі арқылы PDF форматында ала алады. COVID-19 вирусына күдікті болған жағдайда осы кезеңде тестіленуші мамандандырылған ауруханаға ауыстырылады. Мобильді скрининг-орталық сағат 08.00-ден 20.00-ге дейін демалыссыз, індеттің соңына дейін жұмыс істейтін болады.
Осындай әдісті оңтүстіккореялық дәрігерлер, одан кейін басқа да бірқатар елдер сынап көрді. Мамандардың пікірінше, Нұр-Сұлтандағы осындай бекеттің ашылуы қала тұрғындары арасында жасырын ауру ошақтарын анықтауға және асқынуға жол бермей, уақытылы санитарлық-эпидемиология­лық және емдеу шараларын алдын ала қабылдауға мүмкіндік береді.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × two =