Митинг өткізу заңмен реттеледі

0 81

Нұр-Сұлтан қалалық Прокуратурасы елорда тұрғындарына заңсыз митингілер ұйымдастырғаны және қатысқаны үшін жауапкершілікке тартылатынын ескертеді.Әлеуметтік желілерде экстремистік ұйымның идеяларын қолдайтын жекелеген тұлғалар Нұр-Сұлтан қаласында заңсыз митингілер мен шерулерге қатысуға шақырулар таратуда. Осыған байланысты қалалық Прокуратура митингілерді ұйымдастыру және өткізу тәртібі 2020 жылғы 25 мамырда қабылданған «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» жаңа заңмен реттелетінін түсіндіреді.
Жиналыстар, митингілер мен пикеттерді ұйымдастыру және өткізу үшін хабарлама жасау тәртібі қарастырылған. Оларды өткізу туралы хабарлама белгіленген күнге дейін бес жұмыс күннен кешіктірілмей жергілікті атқарушы органға жазбаша нысанда беріледі. Онда бейбіт жиналыстың мақсаты мен нысаны, ұйымдас­тырушылар мен қоғамдық тәртіпті сақтауға жауапты адамдардың деректері көрсетіледі.
Аталған хабарламаны жергілікті атқарушы орган оны тіркеген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде қарауы тиіс. Осы үш күн өткеннен кейін жауап болмаған жағдайда ұйымдастырушы берілген хабарламаға сәйкес бейбіт жиналыс өткізуге құқылы.
Демонстрациялар мен шерулер келісу тәртібімен өткізіледі.
Ол үшін ұйымдастырушы оның өткізілетін күніне дейін 10 жұмыс күн бұрын өтініш беруі, ал жергілікті атқарушы орган ол бойынша 7 жұмыс күні ішінде жауап беруі міндетті.
Заң бойынша бейбіт жиналыстар қатаң түрде арнайы жерлерде және қалалық, аудандық мәслихаттармен белгілеген маршрут бойынша ұйымдастырылуы және өткізілуі тиіс.
«Бұдан басқа, СOVID-19 коронавирустық инфекциясы пандемиясына байланысты Нұр-Сұлтан қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2021 жылғы 23 сәуірдегі «Карантиндік шектеулерді қатаңдату шаралары туралы» қаулысымен белгіленген адам көп жиналатын іс-шараларды өткізуге салынған тыйым әлі де қолданыста екендігін еске саламыз» делінген хабарламада.
Нұр-Сұлтан қаласының Прокуратурасы азаматтарды қолданыстағы заңнама нормаларын мүлтіксіз сақтауға, арандатушылыққа бой алдырмауға және заңсыз акцияларға қатысудан бас тартуға шақырады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × 1 =