МИРАС – РУХАНИ САЛАНЫҢ ҚАМҚОРШЫСЫ

0 155

ERA_7995

Биыл «Нұр Отан» партиясы басшылығының бастамасымен еліміздің барлық өңірінде мәдениет пен өнерді дамыту мәселелері жөніндегі «Мирас» қоғамдық кеңесі құрылған болатын. Соның Астанадағы аймақтық кеңесі кеше алғашқы жиынын өткізіп, елорданың өнері әлеміндегі бірқатар мәселелерді талқылады.

Жиынға төрағалық еткен Парламент Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалы жанындағы Мәдениет пен өнерді дамыту мәселелері жөніндегі «Мирас» қоғамдық кеңесінің төрағасы Әмірхан Рахымжанов алдымен оның мақсат-міндеттерімен таныстырды.

Кеңес Астанадағы мәдениет пен білім саласы өкілдерінің басын қоса отырып, елорданың рухани әлеміндегі мәселелерді көтеріп, оны шешу жолдарын қарастырады. Түйткілді проблемалар Парламент деңгейінде көтеріліп, соған байланысты Үкіметке нақты ұсыныстар әзірленбекші.

Консультативтік кеңес отырысына қатысқан «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Сапар Ахметов басқосуда талқыланған мәселелердің шешімін табуына партия да ықпал етіп, өнерді дамытуға үлкен жауапкершілік алып отырғанын жеткізді.

Жиынның алғашқы отырысында  Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық Қазақ музыкалық драма театры ғимаратының тарлығы сөз болды. Әмірхан Мұратбекұлы театрға жаңа ғимарат беру мәселесі баяғыдан бері қозғалып келе жатқанын, негізгі жобасы әзірленгенін атап өтті.

Ал Парламент депутаты Надежда Петухова мәдениет саласында жа­ла­қының мардымсыздығынан тартып, қордаланған мәселелер баршылық екенін айта келіп, бұл жайттар дұрыс шешімін табу үшін өнер өкілдерінің өздері белсенді болу қажеттігін ескертті.

Жиынның қорытындысында «Мирас» қоғамдық кеңесінің мүше­лері алдағы отырыстарды өнер ошақ­та­рының бірінде ұжыммен бетпе-бет отырып өткізуді жоспарлап, төртінші тоқсандағы жұмыс жоспарын бекітті.

Қымбат НҰРҒАЛИ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

7 − 1 =