МИНИСТР – «АШЫҚ ӘҢГІМЕ» АЙДАРЫНДА

0 115

166fe4fe6e077208a332ae2b0f17c32e

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов «abai.kz» ақпараттық порталының интернет-конференциясында қонақта болып, оқырмандар сауалына жауап берді. Конференцияда 100-ге жуық адам толғандырып жүрген мәселелерін ортаға салды. Тілдесу ҰБТ, білім сапасы, мұғалім беделі, тіл мәртебесі төңірегінде өрбіді. Көпшіліктің көкейінде жүрген ортақ тақырып болғандықтан, осы сұрақ-жауаптың бірнешеуін жариялауды жөн көрдік.

Ақберді

Қазақ тіліндегі оқулықтардың олқылықтарына көз жүгіртіп көрдіңіз бе? Әсіресе Қазақстан тарихы пәніне қатысты көптеген даулы мәселелер бар.

– Бүгінде мектеп оқулықтарының басым көпшілігін бір авторлық ұжым қазақ және орыс тілдерінде әзірлейді. Сол себепті, оқулықтардағы кемшіліктердің көбі екі тілдегі оқулықтарда кездеседі. Көп жағдайда оқулықтар орыс тілінде жазылып, қазақшаға аударылғандықтан,  аудармаға қатысты кемшіліктер бар. Ол қателікті түзеумен айналысып жатырмыз. Біріншіден, қазақ тіліндегі оқулықтарды аудармай, бірден қазақ тілінде жазуды жолға қоюдамыз. Екіншіден, оқулықтарды мемлекеттік сараптамадан өткізгенде оның мазмұнына, жазылу стилі оқушының жас ерекшелігіне сәйкестігіне, оқу әдістемесінің психологиялық-педагогикалық талаптарға сай болуына ерекше назар аударылып отыр.

Қазір Мемлекеттік хатшының тапсырмасымен Ұлттық тарихты зерделеу бойынша құрылған ведомствоаралық жұмыс тобы Қазақстан тарихының екі базалық оқулығын әзірледі. Ол оқулықтарды тарихшылар талқылады,  «Оқулық» орталығынан сараптамадан өтті. Енді тарихшы-ғалымдар мен сарапшылар берген өзгерістер мен толықтыру туралы ұсыныстар бойынша жұмыс жасалып жатыр. Болашақта мектеп оқулықтарындағы барлық деректер сол оқулықтар негізінде берілетін болады.

 

Айбек

Құрметті, министр мырза! Латын алфавитіне көшу үшін қазіргі күнге дейін қандай жұмыстар істелді?

– Жалпы, латын қарпіне көшу Қазақстан тарихында ерекше маңызды кезең. Оны жүзеге асырушылар үшін өте үлкен жауапты іс, өте күрделі процесс. Қазір ғалымдар «Қазақ жазуын жаңа ұлттық әліпбиге көшірудің ғылыми негіздерін кешенді зерттеу» атты ғылыми-техникалық бағдарлама жүргізіп жатыр. Аталған бағдарламаның шеңберінде қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру мәселесі толық зерттелуде. Сонымен қатар, өзге де бауырлас елдердің тәжірибесін де зерделеп жатырмыз. Дәл осы мәселеде «арық айтып, семіз шығуды» жөн көріп отырмын. Нақты нәтижені уақыты келгенде айтамыз.

 

Елжан

Құрметті, Аслан мырза! Министр орынтағына отырған бір жылдан бері қандай жобаларды қолға алдыңыз? Және қандай нәтижелер бар?

– Елжан мырза! Атқарылып жатқан жұмыстарды айтар болсақ, ең алдымен, көңілді ұлттық білім жүйесінің сапасын арттыруға бөліп отырмыз.

Бірінші, еліміздегі білім және ғылым жүйесін бұдан әрі дамытудың жаңа стратегиялық бағыттарын анықтап, 2014-2016 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары бекітілді. Онда алған білімді өмірде пайдалану, еңбек нарығының қажетіне жаратуға қатысты механизмдер қарастырылған. Себебі, шыны керек, «мектепте, ЖОО-да алған білімім өмірде керек болған жоқ» дегенді жиі естимін. Сол олқылықтың орнын толтыру керек.

Екіншіден, Министрлік пен облыс әкімдері, Астана, Алматы қалаларының әкімдері арасында Білім және жастар саясаты салаларындағы мақсатты көрсеткіштер мен тиісті нәтижелерге жетуге байланысты меморандумдарға қол қойылды. Меморандумда әр өңірдің аймақтық ерекшеліктерін ескеруге тырыстық.

Үшіншіден, кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізуге байланысты Заң жобасы дайындалды. Онда алғашқы техникалық білім алу, білім саласындағы мемлекеттік кепілдіктерді ұлғайту, «Болашақ» бағдарламасын және халықаралық ынтымақтастықты жаңғырту, ұлттық білімнің барлық деңгейлерін жақсарту, т.б. мәселелер қарастырылған.

Тізімді ұзақ соза беруге болады. Ең басты дегендерін түсіндіруге тырыстым. Жұмыс жасалып жатыр. Нәтижесін уақыт көрсетер.

«abai.kz»

Ықшамдап дайындаған: Орынбек ӨТЕМҰРАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

20 + fifteen =