МІНДЕТТІ ӘЛЕУМЕТТІК САҚТАНДЫРУ ЖYЙЕСІНІҢ БАСТЫ МАҚСАТЫ – ЖҰМЫС ІСТЕЙТІН ХАЛЫҚТЫҢ МYДДЕСІН ҚОРҒАУ

0 363

Еліміз өмір стандарттары жоғары әлеуметтік мемлекет құруды көздейді. Бұны Елбасының халыққа арнаған Жолдауларынан байқауға болады. Елі­міздің мемлекеттік саясатының негізгі басымдығы, ол – халықтың өмір сүру сапасын арттыру мен деңгейін өсіру мәселесі. 2005 жыл­дың 1 қаңтарынан бастап «Мін­детті әлеуметтік сақтандыру туралы» заңға сәйкес міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі енгізілді. Бұл жүйе жұмыс істейтін халықтың мүдделерін қорғап, әлеуметтік тә­уекелге ұшы­раған жағдайда жо­ғалтқан табысының белгілі бір мөлшерін тағайындауды көздейді. Барлық жұмыс істейтін жандар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар міндетті әлеуметтік сақтандырылуға жатады. Тек зей­нетақы төлемін алатындар міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысы болып саналмайды әрі олар үшін әлеуметтік аударымдар төленбейді. Заңға сәйкес жұмыс берушілер және өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұлғалар Мем­лекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдарды төлеушілер болып табылады. Қазіргі уақытта жұмыс берушілердің өз қаражаты есебінен төлейтін әлеу­меттік аударымдарының мөл­­шерлемесі қызметкердің ай сайынғы табы­сының 5 пайызын құрайды. Бұл ретте, әлеуметтік аударымдар төле­нетін табыстың ең жоғарғы және ең төменгі шегі белгіленген. Әлеу­меттік аударымдардың ең тө­менгі мөлшері ең төменгі жалақы мөлшерінің 5 пайызынан кем болмауы керек, ал ең жоғарғы мөлшері ең төменгі жалақының 10 еселенген мөл­ше­рі­нің 5 пайы­зынан аспауы керек. Бұл аударымдар зейнетақы жарналары сияқты жұмысшының табысынан ұсталынбайды, керісінше, жұмыс берушінің есебінен төленеді және оның жұмыскердің алдындағы жауапкершілігі болып табылады.

2014 жылдың 1 қаңтарынан бас­тап ең төменгі жалақы 19 966 тең­гені құрағандықтан, ай сайынғы әлеуметтік аударымдардың ең төменгі мөлшері 998,3 теңгеге, ал жоғарғы мөлшері 9 983 теңгеге тең. Жалақының ең төменгі мөл­шерінің жыл сайын өзгеріп отыруына байланысты, әлеуметтік ауда­рымдардың төменгі және жо­ғарғы мөлшері де өзгеріп тұрады. Жұмыс берушілердің  әлеуметтік аударымдарды дер кезінде төлеп отыруы жұмыскердің заңнамамен көзделген әлеуметтік тәуекелдер туған жағдайда Қордан әлеуметтік төлемдерді алуын қамтамасыз етеді. Атап айтар болсақ, Қордан 2005 жылдан бастап – еңбек ету қабілетінен айырылуы бойынша, асыраушысынан айырылуы және жұмысынан айырылуы бойынша, ал 2008 жылдан бастап қосымша – жүктілігі және босануы, жаңа туған баланы асырап алуына және бала бір жасқа толғанға дейінгі оның күтіміне байланысты табысы­нан айырылуы жағдайларына әлеу­меттік төлемдер төленеді.

Еңбек ету қабілетінен айырылу жағдайына төленетін әлеуметтік төлем еңбек ету қабілетінен айы­рылған немесе мүгедек болған кезеңге төленеді, бірақ алушыға зейнетақы тағайындалған күннен бастап тоқтайды. Ал асыраушы­сынан айырылуы жағдайына төленетін әлеуметтік төлем – міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі қатысушысының асырауында болған бала кәмелеттік жасқа толғанға немесе жоғары оқу орнының күндізгі бөлімінде оқыған жағдайда 23 жасқа дейін төленеді. Бұл төлемдердің мөлшеріне жұмыскердің соңғы 24 айдағы әлеуметтік аударымдар төленген орташа айлық табысы, еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесі мен асырауындағылар саны әсер етеді. Тағайындалған ұзақ мерзімді әлеуметтік төлемдердің сатып алу қабілетін қамтамасыз ету мақсатында ҚР Үкіметінің шешімі негізінде жыл сайын айтылып отырған әлеуметтік төлемдер өсіп отырады. Мәселен, 2013 жылдың 1 қаңтарынан бастап арттыру мөл­шері 16 пайызды құрады. Ал 2014 жылы бұл төлемдердің мөлшері 2 рет, яғни 1-қаңтардан бастап 7 пайызға, 1-сәуірден бастап 4,59 пайызға арттырылды.

Жұмысынан айырылуы жағ­да­йына тағайындалатын әлеуметтік төлемнің мөлшері жұмыссыз ре­тінде тіркелген күнге дейінгі 24 ай ішінде Қорға түскен ай сайынғы әлеуметтік аударымдардың сомасы мен міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі 6 айдан кем болмауына байланысты болады. Жұмысынан айырылу себептеріне қарамастан тез арада жұмыссыз ретінде тіркелуі тағайындалатын әлеуметтік төлемнің мөлшеріне әсер етеді.

Слайд3каз

Жүктілігіне және босануына, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуына байланысты бір реттік әлеуметтік төлем жүктілігі және босануы бойынша уақытша еңбекке жарамсыздық парағының негізінде босанғанға дейін 70 күнге және босанғаннан кейін 56 күнге (ауыр босанған жағдайда 70 күнге) берілетін әлеуметтік демалыстың барлық кезеңіне тағайындалады. Оның мөлшері әйелдің соңғы 12 ай ішінде әлеуметтік аударымдар төленген орташа айлық табысы мен берілген уақытша еңбекке жарамсыздық парағының жалпы күндер санына байланысты анықталады.

Бір жасқа дейінгі бала күтімі үшін төленетін ай сайынғы әлеуметтік төлем бала туылған күнге дейінгі соңғы 24 ай ішінде жұмыс берушімен Қорға төленген әлеуметтік аударымдар негізінде анықталатын ор­таша айлық табыстың 40 пайызы мөл­шерінде тағайындалады. Алайда, аталған төлемнің белгіленген ең жоғарғы және ең кіші мөлшері қарастырылған.

Слайд4каз

Заңға сәйкес Қордан төленетін еңбек ету қабілетінен айырылу, жұмысынан айырылу жағдайларына және ана мен баланы қолдауға төле­нетін әлеуметтік төлемдерден міндетті зейнетақы жарналары ұсталынып, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударылады.

Қордан әлеуметтік төлемдер та­ғайындау үшін міндетті әлеу­меттік сақтандыру жүйесінің қатысушысы немесе асыраушы­сынан айырылған тұлғалар тұр­ғы­лықты жері бойынша Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік ор­талықтың бөлімшесіне өтініш білдіруі керек.

2005 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2014 жылдың І жарты­жылдығы аралығында Қордан төленген әлеуметтік төлемдердің жалпы сомасы 424,2 млрд теңгені құрады, оның ішінде 388,2 млрд теңге немесе 92 пайызы ана мен баланы қорғауға жұмсалды. Қордың құ­рылған кезінен осы уа­қытқа дейін атқарған жұ­мыс­тары міндетті әлеу­меттік сақтандыру жүйе­сінің қоғам өміріндегі ма­ңыздылығы мен тиім­ді­лігін дәлелдеп келеді.

Қазақстандағы міндетті әлеуметтік сақтандыру саласы туралы толық ақ­паратты www.gfss.kz сайтынан  алуға болады.

Рүстем Хамзин,
«Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ президенті

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twelve + 2 =