МИЛЛИОНЫНШЫ ҚОНАҚ – МҰҒАЛІМ

0 120

Елорда төрінде өтіп жатқан көрменің миллионыншы қонағы белгілі болды. Ол Астана қаласының 27 жастағы тұрғыны – Гүлжиһан Жаңабергенова.

11 шілде, кешкі сағат 18:06 кезінде операциялық орталық қыз­меткерлері төрт кіреберіс бойынша бақылай отырып, миллионыншы тіркелген келушіні анықтады. Тәуелсіздік монументі жағынан кірген қонақ №76 мектеп-лицейінің мұғалімі. Ол көрмені тамашалауға жұбайы және қызымен бірге келген екен.

«Елімізде өтіп жатқан көрмені тамашалау үшін екінші рет келген едім. Халықтың көп болғаны сонша, алғаш келген кезде «Нұр әлем» павильонын көре алмай кеткен едім. Міне, екінші мәрте келгенде өзімнің миллионыншы қонақ екенімді біліп, таң қалдым. Әрине, қуаныштымын. Еліміздің абыройын асқақтататын халық­аралық шараға келушілер қатары миллионнан да көп болсын деп тілеймін» дейді ол.

Гүлжиһан Жаңабергенованы құттықтауды «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Ахметжан Есімов те ұмытпады. Ол отбасымен келген мейманға бағалы сыйлық тапсырып, көрменің ең керемет шоуы – атақты Дю Солей циркінің қойылымына билеттер тарту етті.

«Халықтың көрмеге деген қызығушылығы күн санап артып келеді. Осыдан екі ай уақыт бұрын 500 мыңыншы қонақ тіркелсе, бүгінде тамашалаушылардың саны миллион қонаққа жетті» дейді Ахметжан Есімов.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 − 2 =