©2020 Астана Ақшамы
Миллионның бір бөлігі — мешітке…
Астаналық тұрғынның ұлттық лотерея тарихында екінші рет қайталанып отырған ірі ақшалай ұтыс – 106 430 977 теңгеге ие болғандығынан өткен газет санында жарық көрген шағын ақпаратымызда елорда жұртын құлағдар еткен болатынбыз. Осы хабарымызды оқысымен редакциямызға Зағипа Сәмет есімді қала тұрғыны хабарласып, ұтыс егесі ақшасын қайда, қалай жұмсайтынын білгісі келетінін айтқан болатын.
Ұтыс иесін өздеріңізге белгілі себеппен жариялай алмаймыз. Бірақ ол адаммен тілшілердің тілдесу сәті түсті.
– Мен өмір бойы таңғажайып оқиғаларға сенумен болдым. Арманның орындалуына қол жеткізетін мынандай бір тәсіл бар: арманыңды әуелі санаңда басынан аяғына дейін жоспарлап, жүзеге асқан күйіндегі қияли формасын жасап алуың керек. Кейін осы өмірде қайталанатын болады. Мен осы тәсілді қолдандым, соған кәміл сендім, – дейді бақытты азамат.
Осыншама ақшаны қайда жұмсайсыз деген сұраққа да тосылмай жауап берді.
– Мен Бейбітшілік және келісім сарайының қасынан өткен сайын түбінде бір Мысырға барамын деп өз-өзіме серт беретінмін. Енді осы арманыма қол жеткізе алатын болдым. Өзіміздің «пирамиданың» қасынан үй сатып ала алам, қонақтарымды да сонда қарсы алам. Ең бастысы, осыншама байлықты нәсіп еткен Құдайға ризашылығымды білдіріп, ұтысымның қомақты мөлшерін Астанадағы мешіттерге үлестірмекпін.
Ербол Жанат