МИЛЛИОНДЫҚ МЕЖЕ МЕНМҰНДАЛАЙДЫ

0 112

«Қазақ жетпіс пайызға жеткен кезде, ұлт, тіл мәселелері өздігінен шешімін табады. Өйткені, сан – сапаны, сапа – сананы өзгертеді» деген демограф-ғалым Мақаш Тәтімовтің елорда жайында үш жыл бұрын бүй дегені бар: «Қазір Астана халқы тез өсіп жатыр. Онда көптеп тұрғын үйлер салынып жатыр. Бұл қалаға жастардың ықыласы зор. Жастар Астанада шаңырақ көтеріп, үйлі-баранды болуда. Он бес-жиырма жылда Астана бір миллиондық қалаға айналады. Бүгінде Астана халқының саны жағынан респуб­ликамызда үшінші орында тұр. Алматы, Шымкент, сосын Астана. Урбанизация процесі де жаман жүріп жатқан жоқ…» Кейде, Мақаң ғалым болса да, осы жолы қалт айтты-ау деген ой келеді. Өйткені, тақырыпқа қатысты соңғы цифрлар Тәтімов айтқан он бес-жиырма жылды жақындата түсетіндей…

Сегіз жүз мыңның ауылы таяу сықылды

Өткен жылдың басында болса керек, «елорда тұрғындары жеті жүз мыңнан асып жығылды» деп жар салғанбыз. Енді бір ышқынсақ, сегіз жүз мыңның ауылына таяйтын сықылдымыз. Бұл сөзіміз дәлелсіз емес.

Қараңыз, ағымдағы жылдың 1 қаң­та­­рындағы есепке жүгінсек, санымыз 778 мыңнан кем емес екен. Кешегі жылы қатарымыз 35 мыңға (!) өскен. Осы қарқын сақталар болса, миллионыңыздың межесі ары кеткенде он жылда көрініп қалу керек. Дұрысы, миллионды бағындырамыз! Астана халқы миллионға жетеді!

Ұзақ ғұмыр кешіңіз!

«Адам сияқты шаһардың да тамырын жалғаған қаны, бойына біткен жаны болады. Тек оның тәнін тірі қылатын да, шаруасын ірі қылатын да – шаһар халқы». Бұл – ғұлама әл Фарабидің сөзі. Ал, Астана шаһары халқының орташа өмір сүру ұзақтығы бүгінде жетпіс үш жарым жасты құрайды екен. Бұл он бес жыл бұрын алпыс жеті жас болған.

Жетпіс үш жарым жас – республикалық көрсеткіштен жоғары. Мамандар елор­да­дағы орташа өмір сүру ұзақтығы алдағы үш жылда жетпіс төрт жарым жасқа дейін жететінін айтып жүр.

Сәбилермен көбеюде санымыз

Кешегі жылы бас қалада 21 мыңнан астам нәресте дүниеге келіпті. Орайы келгенде, тағы да өткенге көз тастайық, тұрғын халықтың табиғи өсімі елорданың қалыптасу жылдарынан бастап бүгінге дейін алты (!) есеге артқан. Соңғы төрт жылға ғана үңіліп көрелік: 2009 жылы Астанада 12 710 бала дүниеге келсе, 2012 жылы

21 266 сәби іңгәлаған. Қалалық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Айгүл Сегізбаеваның айтуынша, өткен жылы бала туу көрсеткіші 2,5 пайызға өскен. Бұл да республикалық көрсеткіштен жоғары. «Орташа алғанда айына 1772 немесе тәу­лігіне 59 нәресте өмірге келді» дейді ол. Яғни, соңғы төрт жыл ішінде Астанада туған жетпіс мың бала кішігірім қаланың халқын құрап отыр.

Табиғи өсім жас отбасылардың арқасында жүзеге асатыны айтпаса да түсінікті. Ал, елордаға ағылған жастар легі толастамайды. Өйткені, Астана – жастардың қаласы, жастардың арманы, жастардың сенімі. Күні кешегі мәліметке жүгінсек, ағымдағы жылдың алғашқы үш айында Астанада 4893 сәби дүние есігін ашыпты. Ал, өткен жылдың осы кезеңінде 4203 бөбек туған.

Ауру-сырқау азайып келеді

Астана медицинаның алаңына айналып келе жатқанын әркез мақтанышпен айтамыз. Оған соңғы жылдары салынып жатқан денсаулық сақтау нысандары мен олардағы соны технологиялар айқын дәлел. Ана мен бала, нейрохирургиялық, кар­дио­­хирургиялық орталықтар бас қаланың ғана емес, күллі ел халқының денсаулығын біршама жақсартты. Мәселен, елордада кешегі жылы ана өлімі төрт есеге төмендеген. Ал, бала өлімі он екі пайызға кеміген.

Денсаулық сақтау мамандары туберкулез, қан айналымы жүйесі, онкологиялық аурулар бойынша да көрсеткіштер көңіл көншітетінін айтады. Инфаркт салдарынан болатын өлім екі есеге жуық азайыпты. Бұлар да демографиялық ахуалымыздың жақсаруына септігін тигізіп, миллиондық межені жақындата түседі.

Көш көлікті болғай

Статистика департаментінің әдеттегідей таратқан соңғы хабарламасы: 2013 жылдың қаңтарында Астанаға 3059 адам келіп, 1804 адам кеткен. Көші-қон айырмасы +1 255 адам. Осы есепті өткен жылдың қаңтарымен салыстырсақ, елордаға келушілер 35,9 пайызға, кетушілер 29,7 пайызға аз.

Астана – күллі қазақтың шаһары. Ір­ге­міздің кеңіп, шаңырағымыздың биіктей түскені жақсы. Айта кетейік, бас қаламызға алыс-жақын шет ел азаматтары да ат ізін салып, тұрақ тауып жатыр. Елордамыздың ауасын жұтып, суын ішіп жүргеннен кейін, олар да дамуымызға, өркендеуімізге үлес қосады, атсалысады. Қашанғы қонақ­жай­лығымызбен ешкімді кеудеден итермек емеспіз. Лайым, көбейейік!

P.S. Біреулер урбанизация үрдісі үдеп тұрғанын, оның кері әсерін айтып, «Астананың қақпасын уақытша болса да жаба тұрсақ» дейді. Алайда, көп­ті­гі­мізбен биіктейтінімізді, көп­ті­гі­мізбен мақтанатынымызды, көптігімізбен іс бітетінін, керек болса, көптігімізбен қорқыта алатынымызды да естен шығармаған жөн-ау.

Асхат РАЙҚҰЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one + sixteen =