Микрокредит машақаты

0 119

Қаражаттан қысылғанда кімнен қарыз сұрайсыз? Туған-туыстан ақша алсаңыз, араңыз алшақтап кетуі әдбен мүмкін. Бай досыңыз болмаса, өзіңіздей жандардың бәрінде несие бар, жалақы күтіп жүргенде оңай бере салсын ба?! Осындайда жағдайыңызды жақындарыңызға жария етпей, жылдам қарыз беретін микрокредиттік ұйымдарға жүгіне аласыз. Олар екінші деңгейлі банктер сияқты бөлімшесіне барып, менеджердің жүзіне үңіле үміттеніп, сағаттап отыруды талап етпейді. Интернетке онлайн несие деп терсеңіз жеткілікті, жүзі шығады. Арасынан ұнағанын таңдап, ақша сұрай беріңіз. Алдымен сол ұйымның сайтына тіркелуіңіз керек. Ол үшін жеке куәліктегі бар ақпаратты көрсетуге тиіссіз. Тағы қаражаттың несие картаңызға түсуі үшін IBAN счетіңізден бастап, құпия СVV кодын да енгізесіз. Осылайша микрокредиттік ұйымның уысына түсіп, онымен қоймай интернет алаяқтардың торына тап болуыңыз ғажап емес. Бұған да көнесіз ғой, себебі тәуекелсіз тірлік бітпейді…ТАЯҚТЫҢ ЕКІ ҰШЫ БАР

Микрокредиттік ұйымдардың барына қуанатын жандар жеткілікті. Керек ақшаны аласың да, айлық түскенде қайтара саласың. Тіпті үстемақысыз түрлері де бар. Басында аз сомадан алып, оны уақытында қайтарып отырсаң, тұрақты клиентке айналасың дейді олар. Айтуға оңай… Соның бірі – мұғалім Раушан Төребекова. Микрокредиттік ұйымдармен байланыс орнатқанына 3 жылдан асқан. Кезінде екінші деңгейлі банктер несие тарихының бұзылғанына байланысты кредит бермегенде шағын несиеге жүгінген екен.
«Өмірде түрлі жағдайлар орын алады. Ақша таппай қиналғанда туғаныңнан да сұрай алмайсың ғой, сондықтан бірден микрокредиттік ұйымдарға жүгінетінмін. Пайызы жоғары, 100 мың теңгені 130 мың теңге етіп өтейсіз. Бір мезетте бірнеше жерден онлайн несие рәсімдеп, жалақым түскенде құтылып тастаймын. Арасында төлей алмай қалған кездер де болды. Бірақ оны өтеген соң, еш қиындықсыз қайтадан несие алдым. Екінші деңгейлі банктерде өзіңіз білесіз, бір ай кешіктірсеңіз бітті, екінші рет кредит беруі қиындау. Сондықтан микрокредит мен үшін тиімді» дейді ол.
Керісінше онлайн алған шағын несиеден оңай құтыламын деп, қарызға белшесінен батқандар да кездеседі. Елорда тұрғыны Жомарт Қыдыров кәсібін жүргізу үшін жетпей тұрған 50 мың теңгені жақындарынан сұрағысы келмей, микрокредиттік ұйымнан алған екен. Алайда бастаған ісі сәтсіздікке ұшырап, табысқа кенелу былай тұрсын қарыздан құтылуы қиындап кеткен.
«Алған несием көп емес қой, бір ай емес, ақша түскенде бірден қайтарып тастаймын деп ойладым. Бірақ ісім алға баспай қойды. О баста онлайн несие алған себебім, екінші деңгейлі банктен 1000000 теңге алып, төлей алмай жүрген едім. Содан бизнеспен айналысып, қарыздарымнан құтылуға бекіндім. Осы мақсатта 50-ақ мың теңге табылмай тұрған еді, микрокредиттік ұйымнан ала салдым ғой. Сөйтіп жүргенде екі жақтың несиесі бар. Бизнесті тоқтатып, мамандығым бойынша құрылысқа кетіп қалдым. 5 айда банктік карталарымды бұғаттап тас­тады. Микрокредиттен хабарласып, 50 мың теңгенің пайызы өскенін айтып, 180 мың етіп қайтаруымды талап етті. Жағдайымды барынша түсіндіріп, төлей алмаймын дедім. «Оңайлықпен төлемесең, үстіңнен іс қозғаймыз» деді, мен тек алған соманы ғана қайтарамын деп тұрып алдым. Оның өзінде жақын арада емес. Коллектор мен сол микрокредиттік ұйым өкілдері айына бірнеше рет қоңырау шалып, қорқытып-үркітті. Айтпаған сөздері қалмады. Тығырыққа тірелгенім осы шығар дедім. Шиеленістен шығудың жолын таппадым» дейді ол.
Содан Жомарт қарызын бір жыл төлемеген. Қорқытып-үркіткенде, тек қана анам біліп қоймаса екен депті. Себебі баласының басына іс түскенде ананың жүрегі жай тапсын ба?! Жағдайын үй ішіне білдірмей, өзін іштей жегідей жеп, күйзеліске ұшырайды. Бір жыл бойы жинаған табысын екінші деңгейлі банктен алған несиесін өтеуге жұмсаған. Ал микрокредит «жырын» соттасып жүріп әрең тоқтатыпты. Бұдан былай ол онлайн несиеге жоламауға өзіне серт бергенін жеткізді. Сонымен қатар болашақта баспаналы болу үшін бүгінде несие тарихын жақсартуға барын салып жүр екен. Ай сайын жалақысының бір бөлігін зейнетақы қорына аударады. Онымен қоймай кредитке смартфон рәсімдеп, уақытылы төлеп отырғанын да жасырмады.

АЛАЯҚТАРДЫҢ АРБАУЫНА ТҮСКЕН

Несие тарихын жақсартуыңызға болады. Бірақ мұнымен мәселе бітсін бе?! Салдары қандай? Мәселен, жеке куәлігіңізді қолына түсірген жан атыңыздан оп-оңай онлайн несие рәсімдей алады. Смартфонның ар жағында кредит алып жатқанды тексеріп жатпайды микрокредиттік ұйымдар. Жеке куәлігіңіздің суретін жіберсеңіз жеткілікті, содан кейін көрсетілген нөмірге хабарласып, бір-екі сұрағын қоюмен шектеледі. Еш дәлелсіз айтып отыр демеңіз. Жақында ғана солардың бірінен 15 мың теңге алдым. Ұйым өкілі видео байланысқа шығып, жеке куәлікпен бірге түскен суретіңізді көрсетіңіз деген жоқ. Бір ай болмай құтылып тастадым. Тек сайтына тіркелу кезінде пошта мен телефон нөмірді енгізіп едім, қазір күн сайын келетін жарнамаларынан құтыла алмай жүрген жайым бар.
Мұнымен шектелмей, басқа да микрокредиттік ұйымдардан сұрастырып едім:
«Бізде қауіпсіздік барынша сақталады. 0,01 пайызбен 10 мыңнан 145 мыңға дейін микрокредит алуыңызға болады. Жеке куәлік және банктік картаңызбен бірге түскен суретіңізді міндетті түрде жіберуіңіз керек» десе, келесісі де «Бізде ең көбі 1,5 миллион теңге 2 жылға беріледі. Жеке куәлігіңізді қолыңызда ұстап суретке түсіп, бізге жібересіз» деп жауап қатты. Демек, жүзі сізге ұқсас жан атыңыздан кредит рәсімдей алады. Микрокредиттік ұйымдардың бәрі дерлік өтініш беруішінің құжат бойынша сол адам екенін анықтап, бүге-шүгесіне дейін тексеріп жатпайтындығынан алаяқтардың алдауына түскендер артып барады.
Гүлсім Қайратованың басында несиесі барын білгеніне 1 айдан асқан. Бүгінде алмаған несиесінің артынан табанын тоздырып жүр.
«Өткен жылы бір-екі рет коллекторлық ұйымнан хабарласып, несиеңіз бар дегені бар. Бірақ кейін қоңырау шалмай кетті, сосын мен де шатасқан болар деп қоя салдым. Жақында қайта хабарласып, 7 ай бұрын 130 мың теңге несие алғансыз. Оны уақытында төлемеген соң жарты миллионға шығып отыр. Жақын арада төлесең, 200 мың беріп құтыласыз деді. Мұның рас-өтірігін анықтау мақсатында құқық қорғау­шыларға арыздандым. Кім де болса, жазалануы тиіс» дейді ол.
Заңгер Агиис Талғатқызы онлайн несие рәсімдеу барысында алдымен микроқаржы ұйымының қарыз беру ережесін мұқият қарап шығу керек дейді. Сондай-ақ киберқылмыс­керлердің құрбаны болмас үшін жеке деректерді, банктік карта деректерін үшінші адамға бермеу қажет екенін жеткізді.
«Микроқаржылық ұйымдардың несиені 3-4 есеге өсіріп, талап етуі заңсыз. Онлайн несие алған кез келген адам келісімшарт бөліктерін заңсыз деп тану туралы сотқа жүгінсе, тек негізгі борышын ғана қайтаруға құқылы. Ұлттық банк өткен жылы ақшаны интернет арқылы оңды-солды тарататын фирмаларға жылдық пайыздық мөлшерлеме 100 пайыздан аспауы тиіс деген норма бекіткен. Келесі келісімшартты мұқият оқып шығу керек. Өйткені түрлі талаптарды өте кішкентай әріптермен жазып қойып жатады. Сол талаптарға қол қойып жатса, ертең сот болғанда микроқаржылық ұйымдар өздерін ақтап алып жатады. Ең маңыздысы, 100000 алса, оны кешіктірсеңіз, жыл соңына дейін 56 пайыз ғана қосылады. Егер тағы да екі-үш жыл созылса, тағы 56 пайыз. Одан артық өсіруге олардың құқы жоқ. Тағы пеняларын 90 күнге дейін ғана өсіре алады. Әрі қарай өсіре алмайды. Заңды білген дұрыс. Алданып қалсаңыз, заңгерге жүгініңіз. Коллекторлық ұйымдардың аптасына 2 рет қана хабарласуына болады. Күнде хабарласып, қоқан-лоқы көрсетсе, өздерін сотқа бере аласыз. Интернетте сауда жасауға банктік картаңызға лимит қойыңыз. Картаны жоғалтып алған кезде де бірден бұғаттап тастау қажет» дейді заңгер.

БАСТАУЫШ СЫНЫПҚА – ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТТЫЛЫҚ ПӘНІ

Наурыздан бастап микро­қаржылық ұйымдарға лицензия беру тәртібі күшейе­ді. Бұдан былай несиенің пайыздық мөлшерлемесін көбейтіп, құжаттағы маңызды шартты майда әріптермен жазып, көрсеткен ұйымдар лицензия ала алмайды. Сонымен бірге қарыз бермес бұрын адамның жалақысын есептеп, қаржылық жағдайын ескеруге міндетті. Елімізде тек арнайы рұқсаты бар банктер мен микроқаржылық ұйымдар ғана несие беруге құқылы. Ал өзгелерінің жұмысы заңға қайшы. Сондықтан онлайн несие алмастан бұрын микрокредиттік ұйымның лицензиясы мен Ұлттық банктің сайтындағы микрокредиттік ұйымдар тізімінде бар-жоғын анықтап алу керек дейді экономист Мақсат Халық.
«Қазір қаржылық дағдарыс кезеңі. Осындай кезде интернет алаяқтардың көбеюі заңды. «Телефоныңызға келген құпия кодты айтып жіберіңізші» деп, банктік картаңыздағы ақшаңызды шешіп қана қоймай, кредит рәсімдеп жібереді. Осындай қарапайым әдістерге де иланып, ақшасынан айырылып, алмаған несиесін өтеп жүргендер бар. Бұл бізге қаржылық сауаттылықтың мемлекеттік бағдарламасы қажеттілігін көрсетеді. Бізде Ұлттық банктің қаржылық сауаттылықты арттыру бағдарламасы бар. Бірақ менің ойымша, ол бағдарлама оң нәтижесін беріп жатқан жоқ. Сондықтан қаржылық сауаттылықты мектептен, бастауыш сыныптан бастауымыз керек. Баланы 9-10 жасынан бастап қаржылық сауаттылықтан хабардар етуіміз қажет. 10 жастағы баланың өзі ақшаны қалай жаратуды, оның қайдан келетінін білуі тиіс. Ал жоғары сыныптың балаларына қаржылық алаяқ­тықтан сақтану жолдарын оқытсақ, мемлекеттік арналардан қаржылық сауаттылықты арттыру бағдарламалары берілсе, аталмыш мәселелердің алдын алуға болады» дейді маман.

Наима НҰРАЛЫҚЫЗЫ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × 2 =