Мигранттардың виза мерзімі ұзартылды

0 40

Қазіргі қысылтаяң шақта елордаға оқуға түскен шетелдік студенттердің мәселесі қалай шешіліп жатыр? Жақында көші-қон мәселелеріне арналған Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының тұрақты комиссиясының отырысында мәслихат хатшысының міндетін атқарушы Мәжит Шайдаров осы сауалды жолдады.Қалалық Көші-қон қызметі басқармасының басшысы Арман Баймұхаметтің айтуынша, шетелден келетін студенттер алдын ала өздері немесе өкілдері арқылы уақытша тіркелуге қажет барлық қажетті құжаттарды ұсынады. Соның арасында паспорттың түпнұсқасы мен көшірмесі, өтініш-хат, көші-қон картасы және басқа да құжаттар бар. Қазіргі уақытта студенттермен сәйкес жұмыс жүргізілуде. Визалық қолдау бо­йынша ешқандай проблема жоқ.
– Шетелдік студенттердің көп­шілігі карантиннің жариялануына байланысты қаламызда, өз жатақханаларында қалды. Бұл – отанына оралуға үлгермеген жастар. Біз оларға визалық қолдау мерзімін ұзартамыз, – деді А.Баймұхамет.
Осы орайда қалалық мәслихат хатшысының міндетін атқарушы мигрант-студенттердің жағдайы туралы егжей-тегжейлі ақпарат дайындап, қалалық мәслихатқа жіберуді ұсынды.
Қалалық мәслихаттың заңдылық, құқықтық тәртіп және қоғаммен жұмыс мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Қайырлы Тәукен әріптесін қостап, еңбек мигранттарымен жұмыс жайын сұрады.
– Төтенше жағдай жарияланған уақытта еңбек мигранттарына визаның мерзімі ұзартылды. Олар визаның мерзімін бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылмады. Уақытша рақымшылық жарияланды. Мигранттарға қаламызда заңды жолмен жүргенін растауға уақыт берілді. Барлық мәселелер жұмыс тәртібінде шешілді. Төтенше жағдай аяқталғанға дейін олардың көпшілігі тіркеліп, еңбек патенттерін рәсімдеді. Яғни елден шығарылмады. Оның үстіне шекара жабық болды, – деп жауап берді Көші-қон қызметі басқармасының басшысы.
«Пригородный» тұрғын алабындағы саяжайларда тұратындардың көпшілігінде қалада тіркеу жоқ. Мәслихат депутаты Қарақат Абден осы мәселені қоз­ғады. Бұған жауап берген А.Баймұхамет саяжай жекешелендірілмесе, көші-қон қызметі оның тұрғындарын тіркемейтінін айтты.
– Үкіметтің №427 қаулысына сәйкес, адамды тіркеу үшін баспана болуы керек. Ал саяжайларда тұру үшін әдетте тиісті жағдайлар болмайды. Оның үстіне саяжайларда мекенжай болмаған соң, онда адамдарды тіркей алмаймыз, – деді басқарма басшысы.
Қарақат Жақсылыққа барлығы заң аясында болу керектігімен келісе келе, бұл мәселені алдағы уақыттарда шешу керектігін атап өтті. «Карантин кезінде адамдар ауырып қалуы мүмкін. Саяжайларға рейдтер ұйымдастырыла ма? Сондағы табысы 50 мың теңгеден аспайтын отбасыларға айыппұл салынған жағдайлар кездесті» деді депутат.
Көші-қон қызметі басқармасының басшысы қазіргі уақытта рейдтер жүргізілмейтінін, бұл адамдарға қатысты ешқандай айыппұл санкциялары қолданылмайтынын айтты.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

18 − thirteen =