Мигранттар мәселесі қозғалды

0 132

«Белсенді азамат» акциясы жалғасын тауып, қалалық әкімдікте еңбек саласындағы мәселелер бойынша екінші брифингі өтті. Жиын барысында еңбек заңнамасы, өндірістік жарақат және көші-қон мәселесі талқыға түсті.

Астана қаласы ІІД Көші-қон полициясы басқармасының басшысы Гүлвира Дөненбаева:

– Бүгінде елорда шетелдік еңбек мигранттары үшін тартымды қала болып отыр. Былтыр сот шешімімен қаладан 2247 заңсыз жұмыс істеген адам шығарылды. 2014 жылдың сәуірінен бастап жұмысқа орналасу үшін жеке тұлғалар еңбек патенттерін алуы керек. Осыған орай, өткен жылы 7563 патент берілді. Шетел азаматтары болса, квота бойынша қызметке тұра алады. Ал қызметкерлерді лицензиясыз қабылдаған жұмыс берушілер әкімшілік жазаға тартылады. Былтырғы жылдың қоры­тындысына сәйкес, 78 заңды тұлға заң бұзушылыққа барған, – деді.
Еңбек қатынастарында кездесетін тағы бір өзекті мәселе – еңбекақыны уақытылы төлемеу. Жұмысшының еңбекақысы айдың алғашқы онкүндігі ішінде төленуі керек. Бұл туралы қалалық прокуратура басқармасының басшысы Әділ Оспанов хабарлай келе, өткен жылы заңға қайшы 32 жағдай анықталғанын айтты. «Жұмыстың бірінші күнінен бастап, азаматтар жұмыс берушіден еңбек келісімшартын жасасуды талап етуге құқылы. Келісімшарт жасаспаған жағдайда, еңбек қатынастарын дәлелдеу мүмкін емес» деді ол.

Басқарма басшысы өндірістік жарақат туралы да айтты. Өткен жылы 76 өндірістік жарақаттану тіркелді. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылдармен салыстырғанда қауіп-қатердің азайғанын көрсетеді. «Құрылыс нысандарында көп кездесетін заңсыздықтың бірі – еңбеккерлерді оқыс жағдайдан қорғап, қауіпсіздігін қамтамасыз ететін қорғаныс құрал-жабдықтарының болмауы» деді Әділ Оспанов.

«Белсенді азамат» акциясы аясында сенбі күні ашық есік күні өтеді. Үшінші брифинг білім және денсаулық сақтау саласына арналады. Ашық есік күнін өткізу барысында қала тұрғындарынан 638 жазбаша өтініш келіп түскен. Олар жүйеленіп, орындалу мерзімдері көрсетілген іс-шаралар жоспары әзірленді. Жақын арада өтініш берушілерге қайтарылған жауаптар елорда әкімдігінің ресми сайтында (www.astana.gov.kz) жарияланады.

Г. Талғатқызы

astana-akshamy.kz

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

13 − 1 =