Мезамбек КЕНЖЕБАЕВ, Астана қаласы ПИК қауымдастығының төрағасы: ЖҮЗДЕН АСТАМ АУЛА АБАТТАНДЫРЫЛАДЫ

0 102

Бүгінде Астана аулалары абаттандырылып, арнайы бағдарлама аясында берекелі жұмыстар атқарылып жатыр. Балаларға арналған ойын алаңдары қарастырылмаған тұрғын үйлерге аула салынып, қала әкімдігінің қолдауымен ескілері жаңартылуда. Бұл жұмыстар туралы Астана қаласы ПИК қауымдастығының төрағасы Мезамбек Кенжебаев айтып берді.

– Биыл Астанада қанша аула абаттандырылмақ?
– Сарыарқа, Алматы, Есіл аудандарын қосқанда, барлығы жүзден астам аулалар абаттандырылатын болады.
– Аулаларды жөндеу жұмыстары қалай жүргізілуде?
– Биылғы жылдың ерекшелігі – аулаларды абаттандыру жаппай квартал, аудан бойынша жөнделіп жатыр. Мәселен, бұрын бір үйдің ауласы ғана жөнделіп, көрші үйлердің ауласы сырт қалып жататын. Қала әкімдігінің қолдауымен биыл аудан бойынша қарастырылды. Бұл үшін қала бюджетінен жылдағыдан екі-үш есе көп қаражат бөлінді.
– Жалпы, ауланы абаттандыру кімнің міндетінде?
– Негізінде құрылыс компаниясы немесе фирма тұрғын үй салғанда, ауласын қоса жобалайды. Бірақ, бізде өз ісіне жауапсыз қараған, шаруаны аяқсыз қалдырған мердігерлер көп. Соның салдарынан, балаларға арналған ойын алаңдары, көлік қоятын орындар үлкен мәселеге айналды. Тұрғындар бұл жөнінде билікке шағымданады. Аудан әкімдіктері қала тұрғындарының өтінішін аяқсыз қалдырмай, барлығын жөндеуді, яғни, салғырт құрылыстың аяқталмаған жұмыстарын өз мойнына алды.
– Ауласы жоқ үйлер бар ма?
– Әрине, ондай үйлер жетеді. Бағдарлама бойынша Жеңіс, Сарыарқа даңғылдары бойындағы тұрғын үйлерге арнайы ойын алаңдары салынып, бұл мәселе шешіледі.
– Аулалар көлік тұрағына айналып бара жатыр деп ойламайсыз ба?
– Бұрын солай болатын. Ал, қазір ойын алаңдары арнайы қоршалып, балалардың қауіпсіздігі ерекше назарға алынды. Яғни, көлік тұрағына арнайы орын белгіленеді.
– Сонымен аула мәселесі қанша пайызға шешілді?
– Биылғы атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарды ескерсек, Астанада аула мәселесі 50 пайызға шешіледі деп айта аламын.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 + 16 =