Мезамбек КЕНЖЕБАЕВ, Астана қаласы ПИК қауымдастығының төрағасы: ТҰРҒЫН ҮЙ КҮТІМІНЕ ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ӨЗДЕРІ ЖАУАПТЫ

0 190

Бейсенбі күні Астана қаласы ПИК қауымдастығының төрағасы Мезамбек Кенжебаев қала тұрғындарымен тікелей байланысқа шықты. Жекеменшік пәтер иелері кооперативтерінің мәселесiне қатысты оқырмандарды мазалаған сұрақтар аз болған жоқ. Әсіресе, олар өздері тұратын биік үйлердiң қосымша жұмыстарына кiмнің жауапты екенін, төрағаны кім сайлай­тыны, ақшаны не үшін төлейтіндіктері жөнінде тереңірек білгісі келеді екен.

 

– Алло, сәлеметсіз-дер ме? Мезам­бек Қабылбайұлы, айтыңызшы, ПИК басшы­лары бізден үйді жөндеуге не үшін ақша жинайды? Бұл мақсатта әкімдіктен қаражат бөлінбей ме?

– Сіздің пәтеріңіз жеке-шелендірілген бе?

– Иә.

– Сіз тұратын үйдегі барлық пәтер жекешелендірілген. Сондықтан олар әркімнің жекеменшігі болып табылады. Демек, сол үйдің жағдайына меншік иелері жауап береді.

– Қайырлы күн! Мен – Алтынай Қарабекқызы, сізден мы­наны сұрағым келеді: үй алаңындағы электр сымда­рын неге қиып кетеді. Жал­пы, осы жылу мен жарыққа ақша төлемегені үшін оны ағытып тастау дұрыс па?

– Әрине, дұрыс емес. Алты­най, негізі мұндай мәселе тек сот арқылы ғана шешіледі. Де­генмен, кез келген төлемнің уақытылы жүзеге асырылып тұрғаны жақсы ғой. Мәселен, коммуналдық төлемдер уақытылы төленiп тұрса, аяқ астынан бұзылған не­месе бүлiнген құбырларды қалпына келтiру жұмыстары жедел жөнге келетiнін естен шығармағандарыңыз абзал. Сондай-ақ, қала тұрғындары тазалыққа көңiл бөлсе екен. Өзiңіз тұратын үйдiң дәлiзi, ауласы, жалпы айналасы таза болса, өзiңіздiң де, келген қонағыңыздың да көңiлi көтеріліп қалады емес пе? Сіз тұратын үй де, аула да тұрғындардың иелiгiнде болғандықтан, ПИК-ке жи­налатын қаржы да солардың игiлiгiне жұмсалуы керек.

– Жекеменшік пәтер иелерінің кооперативі тұрғындармен келісім-шартқа отырмаған-дықтан, төлем бойынша екеуара келіспеушіліктердің орын алып жататынын көзіміз көріп жүр. Айты-ңызшы, олар неге өзара келісім-шарт жасаспайды?

– Жекеменшік пәтер иелерінің кооперативі – бұл қоғамдық, коммерциялық емес ұйым. Мұнда тұрғын-дардың қатысуымен жиналыс өткізіледі, соңғы шешім де сон­да шығарылады. Ал, бірінші жиналыста ПИК-тің Жарғысы талқыланып, бекітілуі керек. Ол осы жекеменшік пәтер иелері кооперативінің заңы болып табылады әрі кімнің қандай құқы бар екендігі осы құжатта жазылады. Дегенмен, біздің елімізде «Тұрғын үй қатынастары туралы» заң да бар. 2009 жылғы 17 шілдеде № 188- ІҮ қаулы қабылданып, Қазақстан Республикасының қолданыстағы бұл құжатына қосымшалар енгізілді.

– Біз отбасы­мызбен осындағы бес қабатты үйде тұрып жатырмыз. Үйіміз ескі. Төбемізден өткен су пәтеріміздің сиқын кетіріп, өзімізді де әжептәуір әбігерге салып қойды. ПИК басшы­ларына барсақ, олар «ақша жинаңдар» деп қайтарып жібереді. Мен кімнің есігін қағып, қайыр сұрағандай алақан жаямын. Түптеп келгенде, бұл жалғыз менің пәтерімнің ғана емес, тұтастай біз тұратын үйдің төбесі емес пе?

– Көп қабатты үйдің төбесі – кондоминиумның бөлуге келмейтін жалпыға ортақ бір бөлігі. Ал, оған осы үйде тұрып жатқан тұрғындардың барлығы бірдей жауапты. Сондықтан да сіздер өздеріңіз тұратын үйдің төбесін бірлесіп жөндеуге тиіссіздер. Ол үшін расында да бірігіп ақша жинауларыңыз керек.

Дегенмен, бүгінгі таңда мұндай проблеманы шешудің тағы бір тиімді жолы бар. Ол тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жетілдіру арқылы шешіледі. Бүгінде көп ПИК күрмеуі қиын мәселелерді осылайша шешуді үйреніп алды. Бір жағынан бұл өте тиімді. Осыған орай, сіздер ай сайын өздеріңіздің отбасылық бюджетіңізге салмақ салмайтындай белгілі бір көлемде ақша аударып отырасыздар. Туындаған мәселе де ақырындап шешіле береді. Келісіңізші, осындай тәсіл сізге де жақсы емес пе?

– Біз Астанадағы Торайғыров көшесінің бойына орналасқан «Ромул» тұрғын үй кешенінен пәтер алған болатын­быз. Әрине, жаңа үй, қоныс тойы дегендей, бәрі де та­маша ғой. Дегенмен, біз бұл үйдің пайдалануға берілген-берілмегенінен хабарсызбыз. Бірақ, мұнда қазір ПИК жұмыс істеп жатыр. Ме­замбек Қабылбайұлы, бұл жөнінде не айтасыз?

– Аталмыш тұрғын үй кешенінің құрылысын жүргізуші компания өкілдері алдымен «кондоминиум­ды» бекітуі керек. Екіншіден, сіздер өз үйлеріңізде нен­дей жұмыстардың әлі де болса аяқталмай жатқанын білуге тиіссіз. Содан соң ол компания он сегіз айдың ішінде осы кемшіліктердің бәрін орнына келтіріп, жұмысты аяғына дейін бітіріп беруі керек. Сондай-ақ, сіз тұратын үйдің құрылыс жұмыстарын жүргізуші ком­пания қаламыздағы барлық коммуналдық қызмет орын­дары алдындағы қарыздарын тұтастай жабуға тиіс. Әйтпесе, оны ертең сіздің мойныңызға итере салулары да әбден мүмкін. Ал, ең бастысы сіз бұл үй арестте тұр ма, жоқ па соны анықтап білуіңіз керек.

– Өзіміз тұратын үйге қызмет көрсететін ПИК-тің жұмысына көңіліміз еш тол­майды. Басқаларды қайдам, біздің басшылар үнемі анаған да, мынаған да ақша жинай береді және оны не үшін жинап жатқандарын бірауыз түсіндіру деген жоқ. Олардың не істеп жатқаны туралы тексеріп білуге бола ма?

– Бұрын елiмiздiң барлық облыстары мен қалаларында тұрғын үй қоры жеке мен-шiк және коммуналдық меншiк түрiнде болды. Ол кезде жекеменшiк пәтерлер жекелеген отбасының баспанасы болса, мемлекет қаржысына салынған көп қабатты бiрнеше пәтерлiк тұрғын үйлер коммуналдық меншiк болып саналды. Сондықтан да оның күтiмiн жергiлiктi коммуналдық-тұрғын үй шаруашылықтары мойнына алып, қамқорлық танытты. Және сол үшiн әр пәтер иесiнен пәтерақы алып тұрды. Ал, 1995 жылы жалпы тұрғын үй қоры жекешеленiп, әр пәтер жеке отбасының меншiгiне айналды. Сөйтiп, бұл пәтерлердi күту, пайдала­ну әр пәтер иесiнiң өз мiндетi болып қалды. Алайда, көп қабатты тұрғын үйде әркiм өз бетiнше өмiр сүре алмайды. Өйткені, мұнда көпке ортақ нәрселер бар. Мәселен, су мен жылу құбырлары, электр және газ желiлерi – осының бәрі бiр үйде тұратын барлық отбасы мүшелеріне ортақ дүние. Осыдан кейiн, әр үйде пәтер иелерi кооперативiн құру қажеттiлiгi туындаған болатын. Бүгiнде Астана қаласында 2000-нан астам үйге қызмет көрсететiн 264 жекеменшік пәтер иелерінің кооперативі бар. Олар әр үйдiң тұрғындары өздерi сайлап, құратын қоғамдық құрылым болғандықтан, әр ПИК-тің өз жарғысы, бас-шылыққа алатын ережелерi, басшысы, есепшiсi, маманда­ры, тексеру комиссиясы бо­лады. Осы комиссия мүшелері арқылы сіздің өтінішіңізді қанағаттандыруға болады.

Негізі, шындап келгенде жекеменшік пәтер иелері кооперативінің кез келген мүшесі мұнда не үшін ақша жиналып жатқаны жөнінде, яғни ПИК-тің бюджеті тура­лы білуге құқылы. Дегенмен, мұны кез келген коопера­тив есепшісінің тұрғындарға түсіндіріп жатқысы келмейтіні тағы бар. Әрбір тұрғын сағат сайын келіп одан осы жөнінде сұрай берсе, ол қалай жұмыс істемек? Сондықтан, бір-бірлеріңізге кедергі келтірмей, ауызбіршілікпен, түсінісіп жұмыс істеуге тырысыңыздар. Жалпы, қаламыздағы тұрғын үйлердің күтіміне тек тұрғын-дардың өздері ғана жауапты екендіктерін естен шығармаса екен.

– Бізге ПИК бас­шысы ұнамайды, жалпы оның жұмысы да, жүріс-тұрысы да көңілімізден шықпайды. Одан қалай құтылсақ бо­лады немесе басқа ПИК-ке көшіп кетсек пе екен?

– Мұндай мәселе біздің тәжірибемізде өте көп кездесті. Сондықтан айта­рым, мұндай жағдайға тап болған кезде белсенді топ мүшелері шығып, ПИК төрағасының жұмысына қанағаттанбайтындықтары жөнінде жалпы жиналыста мәселе көтеруі керек. Бұл жөнінде ПИК-тің төрағасы мен басқарма мүшелері тегіс хабардар болғаны жөн және олар тегіс жиналысқа шақырылуы керек.

Сонымен бірге жиналысты өткізгенге дейін он күн бұрын тұрғындарды құлақтандыру қажет. Ал, жиналысқа осы ПИК-ке қарайтын барлық тұрғындардың үштен екі бөлігі қатысуы керек. Олай болмаған жағдайда жина­лыс кейінге қалдырылады да, екінші рет қайта шақырылады. Осы кезде барлық пәтерлерді аралап, олардың бұл мәселеге көзқарасы туралы анықтап біліп алуыңыз керек. Екінші жалпы жиналыста халық арасында жүргізілген осы сауалнаманың қорытындысы шығарылып, тұрғындардың пікірі тыңдалады. Аталмыш мәселе көпшіліктің дауысы­мен шешіледі.

Кейде бiр үйдiң тұрғындары жиналып, келесi үйдегi ПИК бекiткен бағаның арзандығын айтып, шағым білдіріп жатады. Осы ретте мемлекеттің бағаға араласпайтынын айтқым келеді. Оны өздерi таңдап, сайлаған ПИК тұрғындармен ақылдаса отырып бекiтедi. Ал, біздің қауымдастық оны қадағалап отырады. Жиналған қаржының белгiленген пай­ызы сол үйдiң қажеттiлiгiн өтеуге жұмсалуы керек.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twenty − 9 =