©2020 Астана Ақшамы
Метеорит – тылсым құбылыс
Адамзат аспан алдындағы дәрменсіздігін әрқашан мойындаған. Әрі бармай-ақ, монотеистік діндердің барлығында дерлік құдайлардың тек аспанда орналасуының өзі не тұрады. Бара-бара ну ормандар мен теңіз түбінің тылсым сырлары құпиясын жоғалтқасын, діни пірлер де бірте-бірте аспанға ойысқанын анық байқайсың.
Қызығы сол: енді кометалар баяғыдай бақытсыздыққа баланбай, кәдімгі табиғи құбылыс деп қабылдайтын замандамыз деп жүргенде, кешегі Ресейдің Челябі облысына құлаған метеорит бәрібір ортағасырлық дерлік үрей мен болжамдардың себепкері болды. Сонда қайда XXI ғасырдың жетістіктері, Интернет пен медиа?
Мәңгі үрей
Қол жетпес тұңғиық аспанның томаға-тұйық қалпы бұзылғаны, әрине, адамзат тарихында бірінші рет емес. Әрісін көне грек жылнамаларынан қазсақ, «құйрықты жұлдыз ағып өтіп», ертеңіне патшаның жеңіске жеткені, не сол жылы егін болмағандығы айтылады. Дін мен діл заман өте келе зайырланды дегенімізбен, тіпті бір құдайшылықты дәріптейтін христиан дінінен де «аспани белгілерді» жиі ұшырастыруға болады. Иса пайғамбардың туылғанын хабарлайтын Вифлеем жұлдызы мен Пиза түбіндегі шайқастарда кенет аспаннан «Әулие Мәриям бейнесіндегі» жұлдыз ағып түсіп, «жеңіске бастағанының» өзі неге тұрады?!.
Ал енді көктен жауған кереметтерді құданың құдіретіне ысырып қоя бермей, ұстап-біліп көруге шын құлшыныс қашан пайда болды десек, тарихқа саяхатымыз бізді бірде шығысқа – Ұлықбекке, бірде батысқа – Галлилейге апарады. Екеуі де аспанға әйнек артынан көз тастай бастаған ғалымдар. Сөйтіп, адамзат санасындағы кометалардың «бақытсыздықтың белгісі» образына алғашқы рет сына түседі.
Бұл ретте аспан денелерінің қазақ фольклорына да, тұрмысына да тігінен және көлденеңінен сіңіскенін атап өту керек. Бабаларымыз Темірқазықты бетке алып саяхаттаса, «қырық өтірігіміздің» біреуінде Тазша бала Шолпан жұлдызының бер жағына «барып қайтады». Осы орайда бір қызық жәйт бар. Әдетте аспанның қазаққа навигациялық пайдасы болмаса, басқа қолданбалы әжетіне жарамады делінеді. Бұл деген барып тұрған әділетсіздік әрі білместікпен атамұраны тәрк ету болар еді.
Мысалы, 1990 жылдары 15-16 ғғ. өмір сүрген халық емшісі Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының еңбегі елге елеусіз ғана басылды. Өкінішке қарай, бұл еңбек біреулердің «медицина қазақта да болған екен!» деп тоқмейілсуіне ғана жарады. Дәл сол уақытта шипагер һәм оташы бабамыз схематикалық түрде(!) адам мүшелерінің түрлі факторларға тәуелділігін, оның ішінде – планеталарға байланысын жазған (Леп белгісін қойып таңқалыс білдіретініміз, денсаулыққа байланысты схематикалық еңбектер өте-мөте құнды болып есептеледі, Еуропада табылғанда, әлдеқашан даңғаза басталар еді).
Кейінгі кездері дін мен дәл ғылымдардың қатар күшеюімен, және «құйрықты жұлдыздардың» енді қашан көрінетіні нақты айтылып, аспанның тылсымдық табиғаты жойыла бастады. Жаппай сауат ашу, баспасөздің пайда болуы енді адамдардың бойынан көк аспан алдындағы үрейді сейілтуі тиіс еді…
Олар келді
Айта кету керек, метеорит жер бетіне тіпті де таңсық аспан денесі емес. Жерге күнде кемінде 60 тоннаға жуық «тас жауады» екен. Адамзатқа қызықты тұсы: олардың жерге бүтін жетіп жығылатын бөлігі.
Ресми астрофизика мынадай тәпсір ұсынады: метеорит стратосфераны жарып өткен соң, жылдамдығы азаяды, себебі ауа қабаты кедергі болады. Азаяды дегенде, адам үшін бәрібір көз көріп, құлақ естімеген жылдамдық: секундына 20 шақырымнан 75 шақырымға дейін. Мұндай жылдамдықпен ауаға үйкелген кез келген нәрсе өртеніп кетеді екен. Артында пайда болатын құйыршық – сол ғаламат ауа ағынының күшімен шарпылған жалын. Осы кезде тіршілік үшін тастың мейлінше көлденең ұшуы маңызды екен. Себебі жану уақыты да көп болып, жерге құлайтын қалдықтардың салмағы азаяды. Қарапайымдылығы сондай, сенгің-ақ келеді.
Бірақ, адамзат тарихындағы ең күшті метеориттердің бірі – 1908 жылы Сібірге құлаған Тұңғыс метеориті, жоғарыдағы астрофизиктердің мейлінше табиғат заңына теліп берген түсіндірмесінен пайда болатын тыныштықты найқалтып-ақ тастайды. Өзіңіз қараңыз: қуаты – 50 мегатонна (бұл Кеңестер Одағы Жаңа Жерде сынаған «Царь-бомбамен» пара-пар!); ошақтан 200 шақырымға дейінгі аумақта адамдар вибрациядан құлап, терезелер күл-талқан болған. Тарихи суреттерді қарасаңыз, әп-әдемі болып, қайырылған шаштай жығыла салған талдарды көріп, соққы қуатын долбарлай бересіз.
Осы орайда «зайырлана» бастаған адамзаттың фольклорына метеориттің қайтадан еніп кеткені қызық. Сібір халықтарында 20 ғасырдың басында құлаған Тұңғыс метеоритінен пайда болған ертегілер, хикаяттар (сагалар) жетіп артылады. Бір халықтарға «Ол» – адамзаттың күнәға батқанына осылайша кейістік білдірсе, бір халықтарға – «Тағы бір Күн жарқ етіп», жарқын болашақтан «сәлем жолдайды». Немесе «елдің құтын сақтап, қорғап жүрген ағайындылар тағы да келді» деп, шат-шадыман болады заманауи ертегі кейіпкерлері.
Табылмаған тас
Челябі облысына құлаған, ал жалпы алғанда – бүкіл Орал таулары бойындағы елді мекендерге (Ақтөбе облысын қоса алғанда), Солтүстік Қазақстанның біраз бөлігіне көрінген метеорит елдің төтенше жағдайлардан бұрын – психологиялық қаншалықты дайын екендігін жалаңаштап көрсетіп тастағандай болды. Әрине, бағзы замандағыдай, аңыраған ел дереу құрбандық шалып, Аспан Билеушілерінен кешірім сұрауға тұра жүгірді деуден аулақпыз. Десек те, бірқатарымыз конспирологиялық теориялардан бастап («АҚШ әлде Ресей жаңа қару сынап жатыр», немесе:»АҚШ Ресейдің әуе қорғанысының әлеуетін байқау үшін әдейі жіберген дыбыстан да тез зымырандар»), тылсым әлемге дейін барып қалғанымызды мойындау керек. Ал тікелей зардап шеккен Челябі облысындағы көңіл-күйді осыдан кейін елестетіп көріңіз: кемінде 100 мыңдай терезе шағылып, жүздеген адамдар мертікті.
Ал тап сол 15 ақпан күні Ақтөбе қаласы маңындағы кенттердің біріне құлаған Челябі метеоритінің қалдығы ақыры расталмады. 5 сағат бойы болжалды ауданды зерттеген ТЖ мамандары мен басқа да арнайы қызметтер ештеңе таппады. Әлде «таппадық деп өтірік айтады, шын мәнінде…» деп, асханауи шайүстілік әңгіменің шетін тартуға да болады. Қабылдауымызға байланысты шығар. Тек осылай дегбіріміз кетпесе екен. Сабырға шақыру оңай, сақтау қиын болғанымен, басқаша амал да жоқ тәрізді. Аман болайық!
Ерлан ОСПАН