«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

МЕРЗІМІНЕН БҰРЫН ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУЫН ӨТКІЗУ МӘСЕЛЕСІ КӨТЕРІЛДІ

0 132

094c7fcb88421ed59f00ed39d3752e4b_big

Өткен сенбі күні Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан халқы ассамблеясы Кеңесінің отырысы болды. Кеңес жұмысына Парламент депутаттары, республикалық этно-мәдени бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері, ҚХА ғылыми-сараптамалық кеңесінің мүшелері, БАҚ өкілдері қатысты. Бұл туралы «ҚазАқпарат» хабарлады.

Отырыс барысында Кеңес мүше­лері бір ауыздан Президент сайлауын мерзімінен бұрын өткізу туралы азаматтардың ҚХА-ға жасаған ұсынысын қолдайтынын жеткізді.

Кеңес мүшелері атап өткендей, әлемдік эконо­ми­калық дағдарыс кезінде біздің елімізде мерзімінен бұрын сайлау өткізу «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» бағдар­ламасын тиімді жүзеге асыруға, «Қазақстан-2050» Стратегиясында көрсетілген елімізді дамытуға бағытталған  бағдарламаларды дамы­туға мүмкіндік береді.

Отырыс қорытындысы бойынша Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелері депуттаттық топқа Парламент Мәжілісінде Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауын мерзімінен бұрын өткізуге бастама көтеру туралы Үндеу жолдады.

Құжатта мерзімінен бұрын сайлау өткізу уақыт талабы екендігін көрсеткен.

a4ae11f70ed9f27c9de8723039e55294Бауыржан БАЙБЕК, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

– Кезектен тыс сайлау өткізу қажеттігі жөніндегі мәселелер өткен жылдан бері қоғамда, сарапшылар қауымдастықтарында және әлеуметтік желілерде, сондай-ақ, интернетте қызу талқыланып жүр. Елдегі ең ықпалды саяси күштердің бірі ретінде «Нұр Отан» партиясы бұл үдерістен сырт қала алмайды. Сол себепті біз бүгін «Нұр Отан» партиясының Саяси кеңесі бюросының арнайы мәжілісін өткізіп, осындай мәлімдеме қабылдадық. Яғни, «Нұр Отан» партиясы ҚХАөкілдерінің бастамасын толық қолдайды.

Бүгінгі таңда әлемді қаржы-экономикалық тұрақсыздықтың жаңа толқыны жайлай бастады. Онсыз да қиын жағдай күрделі геосаяси мәселелермен ұштасып отыр. Мұндайда әдетте ең дамыған деген мемлекеттердің өзінде діни төзімсіздік пен радикалды әрекеттер үдей түседі. Мемлекет басшысы «Нұр Отан» партиясының Саяси кеңесінің отырысында: «Алдағы бірнеше жыл жаһандық деңгейдегі сынақтардың кезеңі болмақ. Мұндай күрделі жағдайдан әлемдегі мемлекеттердің барлығы бірдей сәтті өте алмайды. Бұдан тек мықты мемлекеттер, жұдырықтай жұмылған халықтар ғана өте алады» деген болатын. Осыған байланысты Қазақстан халқы ассамблеясын қолдай отыра, Президенттік сайлау өткізу туралы бастаманы халық мүддесіне сай келетін ең дұрыс шешім деп санаймыз. Сонымен қатар, бұл біздің «Қазақстан-2050», «Мәңгілік ел» сияқты ірі жобаларды жүзеге асыра отырып, бұрынғыдан да мықты, ұйымшыл бола түсуіміз үшін жасалған тағы бір мүмкіндік.

 

sapar_akhmetovСапар Ахметов,  «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:

– Жаһандық дағдарыс кезінде кез келген елдің ішкі стратегиялық жоспары, әлеуметтік деңгейі сынға тү­сетіні белгілі. Дамыған елдердің өзін есеңгіретіп жі­берген қиындықтардан сүрінбей өту – бәріміздің ортақ міндетіміз. Сырт көз біздің саясатқа сұқтана қарап, қызығып жатқан шақта, дұрыс бағытымыздан жаңылу абырой әкелмейді. Біздің алдымызда атқарылатын үлкен міндеттер тұр. Ұлттық қордан бөлінген қаржыны тиімді пайдаланып, халықтың игілігіне жарату – кезек күттірмейтін тапсырма. Осы орайда  «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» бағдарламасы мен «Қа­зақ­стан-2050» ұзақмерзімді стратегиясы мемлекет әл-ауқатының басты кепілі болмақ. Қазіргі таңда ұлттың көшбасшысы болып, топ бастайтын тұлғамыздың бар екенін бүкіл әлем біледі. Елімізде қалыптасқан сарабдал саясатты одан әрі жалғастыру үшін Қазақстан Рес­публикасы Президентінің мерзімінен бұрын сайлауын өткізу бастамасын толығымен қолдаймын. Осындай сын сағатта Қазақстан халқы көрегендік танытып, бір арнаға бірігіп, елдікті, тәуелсіздікті баянды етуді басшылыққа алатынына сенімдімін.

 

BogatСергей БОГАТЫРЕВ, Астана қалалық мәслихатының депутаты:

Қазақстан халқы Ассамблеясының биыл елімізде кезектен тыс Президент сайлауын өткізу жөніндегі ұсынысын қолдаймын. Себебі, бұл шын мәнінде халық мүддесіне сай келетін шешім деп есептеймін.

Бүкіл әлем жаңа сындармен және қатерлермен бетпе-бет келіп отырған бүгінгідей кезеңде әлемдік қауымдастықтың бір бөлшегі ретінде Қазақстан дүниежүзілік дағдарыстың әсерін сезінуде. Дегенмен, Елбасының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауын басшылыққа ала отырып, біз барлық қазақстандықтар жалпыұлттық идеямыз – Мәңгілік Елді басты бағдар етіп, тәуелсіздігіміздің даму даңғылын Нұрлы Жолға айналдыруға күш жұмылдырып келеміз. Қажырлы еңбекті қажет ететін, келешегі кемел Нұрлы Жолда бірлі­гімізді бекемдеп, жарқын болашақ үшін аянбай тер төгуге тиіспіз. Mәңгілік Ел – елдің біріктіруші күші, ешқашан тау­сылмас қуат көзі. Сондықтан, барлық қазақстандықтар арасындағы сенімді нығайтуымыз керек. 

Ынтымақ ырысқа бастайды. Ал, ынтымағы жарасқан елдің ырысы ортаймайды. Ендеше, бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай бірігіп, татулығымыз бен тұрақтылығымызды сақтай білсек, тыныштық, бірлік бар жерде, Қазақстан қандай кедергі кездессе де, қиналмай өтеді. Бұл жолда біз тек көреген басшы, ұлт көшбасшысымен бірге қуатты әрі гүлденген Отанымыздың өркендеуі жолындағы кездескен қиындықтарды жеңіп шығатынымызға сенімдімін.

 

оразгулОразкүл АСАНҒАЗЫ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Қазақстан халқы ассамблеясының Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын өткізу жөніндегі ұсынысын орынды санаймын. Қоғамдық ынтымақ пен татулықты ту етіп ұстайтын алқалы ұйымның бұл бастамасы көпшіліктің ойынан шығады деп ойлаймын.

Осынау дүбірлі кезеңде Президенттің ықпалы мен беделін күшейткен әбден дұрыс. Сондықтан Мемлекет басшысы өз халқының сеніміне тағы да ие болатынына сенемін.

Қазіргі алыста жатқан шетелдерді айтпағанда, посткеңестік мемлекеттердегі алуан оқиғалар Президент билігін нығайтуды талап етеді. Сол себептен Нұрсұлтан Назарбаевты сайлаушылар қолдайды. Ел арасына шыққанда халық өз Президентінің ел үшін атқарған еңбегіне риза екеніне көзім жетті.

Биыл Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өткелі отырмыз. Есім ханның ескі жолы, Қасым ханның қасқа жолы, Тәуке ханның тура жолы делінген тарихи кезеңдерге Нұрсұлтанның «Нұрлы жолы» қосылды. «Нұрлы жол» – Қазақстанды әлемдегі бәсекеге қабілетті отыз елдің қатарына қосатын бағдарлама. Жаңа экономикалық саясат жүктейтін міндетке бүгінгі әлемдік дағдарыс кезеңінде жету үшін, ел экономикасына жаңа күш, тың қуат беру үшін бұл сайлауды өткізген өте дұрыс.

 

Nurlybek-SaqypovНұрлыбек САҚЫПОВ, медицина ғылымының докторы, профессор:

– Елімізде Президент сайлауын мерзімінен бұрын өткізу жөніндегі Қазақстан халқы ассамблеясы Кеңесі мүшелерінің бастамасын толық қолдаймынӨткен жылдың қараша айында Елбасының Қазақстан халқына арнаған «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жол­дауында айтылған жаңа экономикалық саясаттың алға қой­ған міндеттері өте ауқымды да жауапты. Онда халықтың әлеуметтік-тұрмыстық әл-ауқатын жақсарту басты міндет етіп қойылған. Міне, осы маңызы да,  мәні де айырықша құжатты жүзеге асыру үшін біз бір тудың астына бұрынғыдан да біріге түсуіміз қажет. Мемлекет басшысының «Қазақстан – 2050» стратегиясының да елдегі экономикалық реформаларды сәтті жүргізу арқылы шағын және орта бизнесті қолдап, инвестициялық ахуалды жақсартуды көздейтіні белгілі. Олай болса, Ұлт
көш­басшысының төңірегіне топтасып,
ұйыса түсу ойға алған жоспарларымызды мүлтіксіз орындап, жақсы өмір сүруге деген сенімімізді арттыра түседі.

Екіншіден, Үндеуде айтылғанындай, келесі жылы президенттік және парламенттік сайлаулар бір мезгілде келеді. Бұл электоратқа үлкен салмақ түсіреді. Сондықтан екі сайлауды әртүрлі кезеңде өткізу орынды болады. Қазір әлемде тұрақсыздық байқалып тұрған аумалы-төкпелі кезеңде дамудың жаңа сатысына көтеріліп, халықтың ауызбіршілігін арттырып, мемлекеттің өркендеуіндегі маңызды мәселелерге ден қою үшін президенттік сайлауды мерзімінен бұрын өткізудің маңызы зор.

 

Salman-GeroevСалман ГЕРОЕВ, Астанадағы шешен-ингуш этно­-мәдени орталығының жетекшісі:

Қазақстан халқы ассамблеясы Отанымыздың тұрақты дамуына ықпал етіп, оң үдерістерге бағытталған бастамаларды әрдайым қолдап келе жатыр.

Қазақстан халқы ассамблеясының Кеңесінде көптің көкейінде жүрген маңызды мәселенің бір ұштығын жария етілді деп ойлаймын. Ассамблея мүшелері тарихи таңдауда өз көзқарасын білдіруді азаматтық борышы деп танитындарын Үндеуде жеткізді.

Расында, шартарапта болып жатқан үдерістерді пайым­дасақ, елдің тыныштығы, халықтың ынтымағы мен бақуаты көздің қарашығындай сақтайтын құндылық екеніне көзіміз жете түседі. Осындай күрделі кезеңдерде кезектен тыс президент сайлауын өткізу бастамасы – уақыт талабы, ертеңін ойлаған елдің байыпты қадамы.

Бұл – тұрақтылық, тыныштық факторы.

 

 

 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды