«Мэри, соғыс аяқталған соң, сенің Қазақстаныңа келемін…»

0 131

«Мэри, соғыс аяқталған соң, мен сенің Қазақстаныңа келемін» деген екен оған атақты ұшқыш, Кеңес Одағының үш мәрте батыры, авиация генерал-полковнигі Иван Кожедуб. Бұл 1942-1945 жылдары атақты 178-гвардиялық атқыштар авиациялық полкінде авиақұралдар мен оттегі жабдықтары бойынша мастер және Иван Кожедубтың жеке бортмеханигі болған қазақтың қайсар, батыр қызы Мәдина Ысқақова еді. Иван Кожедуб Мәдинаның талдырмаш бойына, нәзіктігіне қарап, атақты америкалық актрисаның атымен «Мэри, Мэри Пикфорд-Искакова» деп еркелеткен екен.Мәдина Ысқақова Көкшетау облысы бұрынғы Балкашин, қазіргі Сандықтау ауданына қарасты Зверовка ауылында туып-өскен. Мәдинаның әкесі мен ағалары Әбілқасым, Әбілқасен, Құсайын майданға аттанады.
1942 жылы 17 жасқа жаңа толған Мәдина төлқұжатындағы жасына үш жас қосып, түзетіп, Көкшетаудың әскери комиссариатына келеді.
Сөйтіп, 1942 жылы 17 мамырда майданға аттанған Мәдина Ысқақованы тағдыр Кемероводағы авиаторлар даярлайтын екі жылдық училищеден бір-ақ шығарды. Онда да ұшқыш емес, ұшақты оттегімен жабдықтайтын шеберлер дайындайтын бөлімге тап болады.
Училищенің екі жылдық бағдарламасын тоғыз-ақ айдың ішінде меңгеріп, мастер-механик, бөлімше командирі сержант атағын алып шығады. Бір топ құрбыларымен Иваново қаласына аттанады. Онда жаңадан №240 истребительдер авиаполкі құрылып жатқан еді. Мәдина осы полктің бірінші эскадрильясына оттегімен жабдықтау мастері және ұшақ құралдарының мастер-технигі болады.
Эскадрилья командирі Кожедуб Иван Никитович екен. Жүзі сұсты болса да, Мәдинаны жылы шыраймен қарсы алды. Әрине, ол кезде Иван Кожедубтың Кеңес Одағының Батыры атағын үш мәрте алатын аса даңқты ұшқыш болатынын, оның атын естігенде фашистердің зәре-құттары қалмай қорқатындығын ешкім білмеген еді. Мәдина күн сайын аспанға бірнеше рет көтерілетін Кожедубтың «қырғиына» жан бітіретін шебері және жеке бортмеханигі болған. Атақты ұшқышты әскери тапсырмаға жіберіп, қарсы алып, әскери ұшақты жөндеп отырған. Ұшақтың саймандарын сайлап, дайындауды былай қойғанда, қаһарман ұшқыштың қыңыр мінезіне төзу де оңай емес еді. Өнегелі тәрбие көрген қазақтың қызына бұл аса қиын болмады.
Гвардия сержанты Мәдина Ысқақова Украинаны, Молдованы, Прага, Будапешт, София мен Вена қалаларын азат етуге қатысқан. Соғыста үш рет жараланады. Бірде оны жақыннан жарылған бомбаның дүмпуі ұшырып түсіріп, топырақпен көміп тастайды. Жолдастары келіп, топырақтан аршып алғанда ол ес-түссіз, тіршілік нышаны болар-болмас қана білініп жатыр еді. Кейінгі шайқаста ол басынан жараланады. Бірақ емделіп, авиаполкіне қайта оралады. Гвардиялық полк атағын алған №240 авиаполктің құрамында Молдовияны фашист басқыншыларынан азат етті. Брно, Прага, Будапешт, София, Вена қалалары үстінде болған кескілескен әуе шайқастарына куә болған. Осы шайқастарда Иван Кожедуб басқарған ұшқыштар асқан ерлік көрсетіп, талай жау ұшағын атып түсірген. Истребительдерді оттегімен жабдықтау­шы, Кожедубтың жеке бортмеханигі Мәдина Ысқақованың бұған қосқан үлесі өлшеусіз.
Соғысты Прага қаласында аяқтады. 1945 жылы Жеңіс шеруіне ІІ Украи­на майданының құрамына қатысып, туған жерге оралды. Ақмола әскери трибуналында хатшы болып қызмет істеді. Кейін­нен көп жылдар бойы туған жерінде сауыншы болып еңбек етті.
Бірақ соғыс салған жара ізсіз кетпеді, ол кісі ұзақ ғұмыр сүрмеді. 1985 жылы салтанатты түрде «Отан соғысы» орденімен марапатталады, ал тамыз айында дүние салды.
Ержүрек апайымыз еліне Сталиннің сыйлаған қаруымен оралған. Бірақ соғыс­тан кейінгі қиын жылдары отбасын асырау үшін осынау атаулы қаруды бір қап астыққа айырбастап жіберген екен.
Жиырма жыл туған ауылындағы ауыр еңбектен кейін Мәдина Ысқақоваға соғыс жылдарындағы әскери қызметін еңбек өтіліне қоспай, тіпті соғыстың қатысушысына тиесілі жеңілдіктерсіз, аз ғана зейнет­ақы тағайындайды. Ал гвардия сержанты Ысқақованың соғысқа қатысып қана қоймай, еліне батыр болып оралғанын ешкім елемеді.
Сондықтан халқымыздың белгісіз батыры Мәдинаның ерлігі Әлия, Мәншүк, Хиуаз сынды батыр қыздарымыздың қатарынан өзінің лайықты орнын алып, туған жері Көкшетау қаласына ескерткіш қойылып, көшеге аты беріліп жатса, нұр үстіне нұр болар еді.

Тұрар ШӘКЕН,
тарихшы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × 1 =