«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Мергенов мүсіндері

0 426

Ұлттық музейде Қазақстанның халық суретшісі, Тәуелсіз «Тарлан – Платина» сыйлығының иегері, мүсінші Еркін Мергеновтің «Уақытты сезіну» атты көрмесі ашылды.

Айтулы шара еліміздегі бей­нелеу өнеріне ерекше үлес қосқан суретшілердің шы­ғар­машылығын көпшілікке на­сихаттауға бағыт­тал­ған «Қа­зақ­стан заманауи өнері тари­хындағы тұлғалар» жобасы аясында ұйымдастырылды.
Еркін Мергенов – өнердегі ал­ғашқы адымынан бас­тап өз соқпағын салған талант. Алматыдағы Н.Гоголь атын­дағы көркемсурет училищесін бітірген. Одан кейін В.Суриков атындағы Мәскеу мемле­кеттік көркемсурет инс­ти­тутының мүсін фа­куль­тетін тәмам­даған. Оның туындылары жаһандық тарихи өзгерістер дәуірінің көркем символдары саналады. Мүсінші ұлттық дәстүрдің эстетикалық және көркем қағидаларын зерделей келе, олардан тың ракурс­тар, нәзік және мағыналық жаңа идеялар ашады. Мергенов қазақ оюының сарындарынан мүсін көлемінің нәзік бейнелігін бірінші болып көрді. Оның шығармашылығы жайында Ресей, Англия, АҚШ ғалымдары мен өнер танушылары жоғары пікір білдірген. Мәселен, мәскеулік сыншы Алим Сабитов: «Е.Мергенов – екі мәдениеттің суретшісі. Оның көптеген жұмыстары ХХ ғасырда орын алған еуропалық пластиканы жай ғана зерделеуге жатады. Бірақ негізгі тақырыбына келгенде көкейкестілігі басым тұрады. Дала мәдениеті, Шығыс өркениеті бөлекше көрініс табады. Ол әр­қашан өз­геше жұмыстарымен өз зама­нының озық болуы саналады. Кеңестік бейнелеу өнерінің бағаланбай қалған классигі және жаңа Қазақстанның «ашылмай қалған» алғашқы мүсіншісі» деп айтқан.
Көрменің ашылуында сөз ал­ған өнертанушы Камила Ли дарынды азаматтың адами болмысы мен шығармашылығы жайында ой өрбітті.
«Еркін Тілекұлының арамыздан кеткеніне 3 жылға таяп қал­ды. Ол, ең алдымен, мү­сін­ші, суретші, азамат болды. Ақи­қатқа келгенде алмас қы­лыштай жарқылдап тұратын. Ешқашан шындықтың алдында бұғып көрген емес. Ал оның шығармалары өмірдің шынайы бейнесін түсінудің қыр-сырын айтады. Шындық пен өтіріктің күресі қатар өріліп отырады. Оны көрмеден әрбір адам сезеді деп ойлаймын» деді ол. Мүсіншінің ұлы Әлібек Мергенов те әкесі туралы естелігімен бөлісті.
Бүгінде талантты тұлғаның туындылары ҚР Ұлттық музейінің, Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейінің, Мемлекеттік Третьяков галереясының, Украина­дағы орыс өнерінің мемлекеттік музейінің, Қыр­ғызстан мемле­кеттік өнер музейінің топтамаларында және сол секілді жақын және алыс шетелдердің жеке коллекцияларында сақтаулы.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды