Мерекеңмен, медбике!

0 302

 Бүгін – Халықаралық медбикелер күні. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы биылғы 2020 жылды медициналық бикелер мен акушерлер жылы деп те атады. Қазіргі таңда Қазақстанның медицина саласында 150 мыңнан астам медбике қызмет етсе, елорданың медицина саласында 19440 қызметкер бар. Соның ішінде Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасында- 10853 адам жұмыс істейді. Оның 2934-і дәрігер, 7919-ы орта және кіші медицина қызметкерлері. Республика бойынша жыл сайын медициналық көмекке шамамен 9 миллионға жуық адам жүгінеді. Медбикелер жұмысының қаншалықты ауыр әрі жауапты екенін осыдан-ақ байқауға болады. Ал жаһандық пандемия кезінде жалпы медицина қызметкерлеріне, соның ішінде медбикелерге салмақ көбірек түскені сөзсіз.

Медбикенің әр күні –   індетпен күрес  

Елордада карантин жарияланған сәттен бастап қалалық  Фтизиопульмонологиялық орталықта ашылған инфекциялық изоляторда   COVID-19 коронавирус инфекциясымен күресуге жұмылдырылған медбикелердің бірі  –  Зәуреш Жылқыбаева. Медицина саласында 35 жылдан бері еңбек ететін ол соңғы 11 жылда Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі Көпсалалы медициналық орталығының инфекциялық блогында бас медбике болып қызмет атқарады.

Зәуреш Жылқыбаева, бас медбике:

Таңертең жұмысымыз күн тәртібін пысықтаудан басталады. Жұмысқа келген медбикелер мен тазалықшылардың қандай бөлімге баратыны, қандай іс-шаралар атқаратыны түсіндіріліп, нұсқау беріледі. Эпидемиолог дәрігер Сағыныш Дәуленова мен инфекциялық бақылау медбикесі Махаббат Түгелбаева өзін-өзі сақтандыру ережесін, қол жуу тәртібін қайталап, эпидемиялық күрес бойынша нұсқаулық өткізеді және тазалықшылардың жұмысын тексереді. Инфекционист дәрігерлер жаңадан түскен науқастарды қарап, емдеу шарасын жоспарлап жазады, қаншасы ауруханадан шығатынын анықтайды, тексеруден соң қандай талдау сараптамасын алу керектігін айтады. Медбикелер пациенттердің қан қысымын, дене қызуын уақытылы өлшейді, дәрігерлердің жазған ем шараларын бұлжытпай орындайды. Қағаз толтыру жұмыстары тағы бар. Одан бөлек науқастарға 5 мезгіл тамақ берілуін қадағалайды. Тазалықшылар күніне 3 мезгіл палаталарды жуып тазалайды, қоқысты, аса қауіпті «В» класына жататын медициналық қалдықтарды шығарады. Жұмыс кестеміз өте тығыз. Осы изоляторда кәдімгі ауруханалар сияқты емес, короновирус «аса қауіпті инфекция» қатарында болғандықтан барлық медициналық персонал таңертең жұмыс орнына келе сала аса қауіпті инфекцияға арналған киім киіп, жұмыс істеуге міндетті. Тек таза аймаққа кіргенде ғана шешініп, жуынып тамақтанады. Бұл изоляторда тек Нұр-Сұлтан қаласынан ғана емес еліміздің барлық өңірі мен іргелес көрші елдерден, тіпті алыс шетелдерден, мәселен, Қытайдан келген азаматтар да карантинде жатып шықты. Карантин басталғалы осында жұмыс істеп жүрген медициналық жұмыскерлер үйімізге мүлдем барған жоқпыз. Тек телефон арқылы хабарласып, амандықтарын біліп отырмыз. Алғашқы күндері отбасымызды қатты сағынып, үйрене алмай жүрдік. Бірақ кәсіби міндет пен азаматтық борыш деген бар. Жауапты қызмет болғандықтан шыдаймыз. Ешкім мұнда еріккеннен келген жоқ. Сондай-ақ барлық қызметкерлер өз еріктерімен қызмет етуде, ешқандай мәжбүрлеу, қысым болған емес. Ақ халатты абзал жандар халыққа қызмет ету үшін осы мамандықты таңдады. Қандай жағдай болса да өз ісін адал атқарып, соңына дейін қызмет ету керек.

Алғы шептегі мамандар

 Бүгінгі таңда дүние жүзін дүрліктірген дертпен күресте ең алғы аса қауіпті шепте қазақстандық 3 мыңнан астам медицина маманы жүр. Одан бөлек қауіпті және орташа қауіпті шептерде он мыңдаған сала мамандары коронавируспен күрес жұмыстарына өз үлестерін қосуда. Нұр-Сұлтан қаласындағы Фтизиопульмонологиялық орталықта ашылған инфекциялық изоляторға қызмет етуге елордадағы барлық медициналық мекемелерден, қалалық емханалардан дәрігерлер, медбикелер, тазалықшы кіші медициналық персоналдар жіберіліп жатыр. Олар изоляторға жатқызылған науқастарға аянбай адал еңбек етуде. Көпсалалы Медицина Орталығының директоры Мұхтар Төлеутаев коронавирусқа қарсы ем-шара жасау үшін қажет дәрі-дәрмектер, медициналық қызметкерлерге арналған жеке қорғаныс құралдарын, аса қауіпті инфекцияда киетін киімдердің жеткілікті болуын қадағалауда ұстап отыр. Наурыз айының аяғынан бастап Темір жол ауруханасының бас дәрігері Татьяна Цечоева және медбикелер жетекшісі Раушан Абдрахманова келгеннен бері де көп жұмыс атқарылды. Көпсалалы Медициналық Орталық басшысының Терапия ісі бойынша орынбасары, бас инфекционист Сәуле Атығаева және бірнеше инфекционист дәрігерлер, атап айтқанда Гүлнар Жүсіпбекова, Элмира Адишова, Қарлығаш Сартаева, Татьяна Ткаченко, Қайрат Түрекеев, реаниматолог Әбдісабыр Орынбекұлы, Тасқын Бабақұмаров, Құралай Марамытова, медбикелер Айсұлу Бакеева, Айгүл Матенова, Несібелді Айтпаева, Ләззат Батыр, Сәндігүл Ашкенова, Гүлжауһар Дәуірбаева, А. Оралбаева, Р.Даданбаева, Ж.Загатова, У.Айтмағанбетова, Наргиз Жаманбалаева, И.Сейтова, М. Түгелбаева, сонымен қатар кіші медициналық персоналдар Л.Нұрғалиева, З.Убаева, М.Байшина, Л.Жұмкенова, Н.Рыспекова сынды мамандар күні-түні дертке шалдыққан науқастардың ем-домын, жағдайын жайластырып жүр.

Жұмыс кестесі бойынша демалатын барлық медициналық  қызметкерлер елорданың сол жағалауындағы  «Hilton»  қонақ үйінде тұрып жатыр. Осы қонақ үйде медициналық қызметкерлерге арнап үш мезгіл тамақ беріледі. Оларды арнайы ұйымдастырылған автобустар  фтизиопульмонология орталығындағы изоляторға алып барып, кешке кезекшіліктен шыққан жұмысшыларды қонақ үйге алып келеді. Изоляторда қызмет етіп жүрген медицина қызметкерлері Президенттің жарлығы бойынша наурыз айынан бері сыйақы алып жатыр,  ай сайын үстемақы да төленуде.

Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан сый-құрметке медицина қызметкерлері атынан рахметімді айтамын! Осындай қиын жағдайда еңбек етіп жүрген жандарға сіздердің ерекше назар бөліп, қаржылық көмек беруіңіз болашаққа деген сенімділікті арттырып, жұмыс барысында күш – қуат береді. Мереке қарсаңында әріптестеріме зор денсаулық, отбасыларына амандық тілеймін. Науқастардың сырқатынан айығып кетуіне сіңірген еңбектеріңіз зор. Жазылған адамдардың бақытты жүзін көріп, алғысын, батасын алуларыңызға тілектеспін! Біз біргеміз, Біз күштіміз! Біз Короновирусты жұмыла жеңеміз!- дейді бас медбике Зәуреш Жананқызы.

 

АХУАЛ ТОЛЫҚ БАҚЫЛАУДА

Қазақстандық дәрігерлер пандемия туралы әлемде сыбыс шыққан өткен жылдан бастап сырттай мониторинг жүргізе бастапты. Ал елімізді шарпыған сәттен бері дер кезінде қабылданған шұғыл карантиндік шаралардың арқасында эпидемиялық ахуалды қазір толық бақылауда ұстайтын деңгейге жетті.

Соңғы апталарда дерт жұқтырғандардың Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында қайтадан көбеюі көпшілікті алаңдатқаны рас. Бірақ мамандар мұны профилактикалық тесттердің көбейтілуімен байланыстырады. Яғни, бұл дерттің таралуының екінші дүмпуі емес, ауруды анықтау белсенділігінің артуынан болған жағдай.

Эпидемиологиялық зертханалық қадағалау басталады

Қазір Қазақстанда тәулігіне 19 мыңға дейін осы тест алынады. Оны мамыр айының аяғына дейін тәулігіне 25 мыңға жеткізу көзделуде. Бүгінге дейін елде 320 мың тест жүргізілді. Бұл тесттің жан басына шаққандағы мөлшері 1 млн адамға 20 мыңнан келеді деген сөз. Бастапқыда ПЦР тесттен өту бәріне тегін болды. Ақылы тест тек бір апта бұрын енгізілді.

Жақында елордада коронавирусқа тест тапсыратын медициналық мекемелер саны көбейтіліп, ақылы түрінің құны төмендетілгені хабарланды. Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың мәлімдеуінше, қазіргі жағдайда әлеуметтік жауапкершілік танытудың қажеттілігі зор. Сондықтан мұнда талдау жүргізу жеке клиникаларға қарағанда екі есе арзан бағада, яғни 10 мың теңгеге шығады. Осы бағадағы тестіні елордада аталған орталықпен қатар соған қарасты балалар кардиохирургиясында, Ұлттық сараптама орталығында, сәл көтеріңкі бағамен «Олимп» диагностикалық зертханаларында тапсыруға болады.

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

 – Профилактикалық тестілеу көбейтілді. Соның есебінен ауру көп анықталуда. Бірақ бұл жаңа жұқтырушылар көбейді деген сөз емес. Бұған дейін Қазақстанда 5 мың адам ауру жұқтырған болса, соның 60%-ында ауру профилактикалық скринингтер барысында анықталған. Яғни, бұл адамдар ауырып аурухана түспеген, ауру белгілері әлі білінбеген жұқтырушылар, олар дертті жұқтырғанын тек тесттен өту барысында анықтаған. Соңғы аптада елордадағы 80% жағдай сол симптомы жоқ азаматтар арасында белгілі болды. Мұндағы біздің тәсіліміз – халық арасында ПЦР тест жүргізу арқылы аурудың бастапқы кезеңіндегі жұқтырушыны анықтау, оның одан әрі басқаларға жұқтыруына жол бермеу. Инфекция бойында бар бір адам айналасындағы 4 адамға жұқтырып үлгереді. Елімізде ауруды алғаш жұқтырған адам анықталған кезде біз карантин шараларын тез қабылдадық. 16 наурызда карантин жарияламағанда 8 тәуліктен кейін-ақ біз қазір екі айда жеткен ауру көрсеткішіне бірден жетер едік. Бастапқыда аурудың анықталуы тәулігіне 50-60% болса, қазір екі ай өткенде ол 3-5%-ды құрап отыр. Біз қазір іс жүзінде науқастардың өсімін бақылауда ұстап отыратындай жағдайдамыз.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twenty − eleven =