Мерекелік шаралар онлайн өтеді

0 179

Нұр-Сұлтан қаласында алдағы 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні және 9 мамыр – Жеңіс күні мерекелеріне арналған іс-шаралар карантиндік шектеулерге байланысты онлайн форматта өтеді.Қазір елорданың мектептеріне дейін Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күніне арналған сынып сағаттары және әскери-патриоттық тәрбие­дегі әндердің онлайн байқауы өтіп жатыр. Онлайн шараларды Instagram желісіндегі @astana_jastary және @jas_sarbaz_nursultan парақшаларынан көруге болады.
Кеше «Білім-инновация» лицей-интернаты «Бір үзік сыр» сұхбатын өткізді. Сыр-сұхбатты білім мекемесінің Instagram желісіндегі ресми парақшасынан тамашалауға болады. №4 қалалық емханада Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен оған теңестірілген тұлғаларға арнап медициналық тексеру ұйымдастырылды. Ал №2 қалалық емхана Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне арналған үй күтімі жөніндегі дәрігерлер кеңесін өткізді.
«Саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешені «Малиновка» іздеу клубымен бірлесіп, тыл ардагерлерімен, «Ауған соғысының ардагерлері мен мүгедектері» ҚБ өкілдерімен, сондай-ақ «Ерлікке – тағзым, ардагерге – құрмет» әскери қызметшілерімен кездесу өткізді.
5-10 мамыр аралығында Ұлы Отан соғысының жауынгерлеріне арналған монументалды кешенге, «Отан қорғаушылар» мемориалдық кешеніне, М.Мәметова, Б.Момышұлы ескерткіштеріне онлайн экскурсия жүргізіледі. 7 мамырда «Ақиқат пен аңыз» атты концерт-спекталь «Қазақстан» ұлттық арнасынан көрсетіледі.
Отан қорғаушылар күніне орай «ANK Live» студиясының тікелей эфирі Қорғаныс министрлігінің өкілдерімен өтетін іс-шараны ұсынады. Онлайн шараны Facebook, Instagram әлеуметтік желілерінен көруге болады.
Нұр-Сұлтан қаласы мемлекеттік академиялық филармониясы оркестрінің қатысуымен 8 мамыр күні 22 соғыс ардагеріне арнап жылжымалы концерт ұйымдастырылады. Сол күні «Jas sarbaz» әскери-патриоттық жобасы аясында ардагерлерге азық-түлік себеттері табыс етіледі.
Ал 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күніне орай елорда көшелерінде «Жеңіс жолдарымен» мобильді іс-шарасы өтеді. Дәл осы күні «Хабар» телеарнасында «Ер есімі – ел есінде» концерті жұртшылық назарына ұсынылады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twelve − one =