Мерекедегі марапат

0 58

Астана күніне орай медициналық қызметкерлерге
мемлекеттік наградалар табыс етілді.

Кеше елорда әкімі Алтай Көлгінов астана күніне орай бір топ медицина қызметкерлеріне мемлекеттік наградалар, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан алғыс хаттар және «Нұр-Сұлтан қаласының Құрметті азаматы» атақтарын тапсырды.

III дәрежелі «Барыс» орденімен көпбейінді медицина орталығының бас дәрігерінің орынбасары Сәуле Атығаева, «Парасат» орденімен жұқпалы аурулар госпиталінің бас дәрігері Анна Цепке, «Құрмет» орденімен дәрігер-реаниматолог Илья Логвиненко, жедел жәрдем станциясының директоры Мұрат Оразбаев, «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен анестезиолог-реаниматолог Иван Вахрушев, сондай-ақ дәрігер-инфекционист «Нұр-Сұлтан қаласының Орталық жол ауруханасы» ЖШС бөлімшесінің меңгерушісі марапатталды. Коронавирус індетімен күресте алдыңғы шепте келе жатқан 20-дан аса медицина мамандарына мемлекеттік наградалар табысталды.
Пандемия кезінде қала тұрғындарына азық-түлік себеттерін, дәрі-дәрмектерді жеткізіп, блок-посттардың жұмысын реттеуге атсалысқан еріктілер ел басшылығының атынан алғыс хаттармен марапатталды.
Сонымен қатар елорда әкімі ­Алтай Көлгінов астананың құрметті тұрғындары атағын екі ардагерге табыс етті. Олар – 30 жылдан аса уақыт білім саласында еңбек еткен Отызбай Сүйіндіков пен белгілі хирург Владимир Баумейстер.
«Бүгінде марапатталушылардың басым бөлігі онлайн-режимде қатысып жатыр. Әрқайсыңыз коронавирусқа қарсы күреске үлкен үлес қосып жатырсыз. Мен үшін сіздерге Мемлекет басшысының атынан наградалар тапсыру – үлкен құрмет. Қала қауіпсіздігін қамтамасыз ететін полиция қызметкерлері, күн сайын медициналық қызметкерлерді жұмысқа алып келетін автобус жүргізушілері де алғыс хаттармен марапатталды. Әр адамның індетпен күреске қосып жатқан үлесін бағалаймыз. Келе жатқан астана күні құтты болсын» деді қала әкімі Алтай Көлгінов.

Наима НҰРАЛЫҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

20 − nineteen =