Мерекеде мерейі тасыды

0 26

Конституцияның 25 жылдығына орай өткен онлайн жүгіру және веложүгіру жарысына 200-ден аса әуесқой және кәсіби спортшы қатысты. Нұр-Сұлтан қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастырған онлайн жарыстар елорданың саябақтарында өтті.

Үш күн қатарынан өткізілген жарысқа жастармен бірге ардагер жасындағы азаматтар да қатысты.
Орталық қалалық саябақта өткен ардагерлер, яғни 40 жастан асқандар арасындағы жарысқа қатысушылар 5 шақырымға жүгірді. Бұл жарыста Қайрат Қоянбаев бірінші орынға ие болса, Серік Сағымбаев пен Рашид Есхожин екінші және үшінші орыннан көрінді.
Ал 10 шақырымға жүгірген әйелдер арасында Ольга Вернер белгілі қашықтықты 48 минутта жүгіріп өтіп, жеңімпаз атанса, Кристина Окладникова екінші, Гүлназ Жүкенова үшінші орынға ие болды.
Ер-азаматтар да 10 шақырымға жүгірді. Бұл сында Асқар Жаңабергенов 35 минут 29 секунд көрсеткішпен жеңімпаз болып танылды. Ерсұлтан Тұрсынбай екінші, Русланбек Сарсенбаев қола жүлдегер атанды.
Веложарыстың ерлер сайысында (25 шақырым) Сергей Ершов алдына жан салмаса, Азамат Ескермесов – екінші, Александр Осьмак үшінші орынға ие болды. Әйелдер бәсекесінде Яна Хан жеңімпаз атанса, Мәдина Жанбусинова мен Сәуле Амангелдина жүлдегерлер қатарынан көрінді. Ал ардагерлер жарысында Қайрат Қоянбаев пен Өміргүл Жухан – бірінші, Серік Сағымбаев пен Күләнда Ахметова – екінші, Бақытжан Бектенов пен Раушан Нұрқатова үшінші орыннан көріне білді.
Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне диплом, медаль және бағалы сыйлықтар табыс­талды. Ұйымдастырушылар алқасының шешімімен басқа да белсенді қатысушыларға сыйлықтар берілді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді № 6 Балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резервтің спорт мектебінің директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Мерей Ақшалов, Мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға мамандандырылған Балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Нұржан Аубакиров, Street Workout мектебінің негізін қалаушы Айтым Жакупов және ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Диас Кабдуов пен бокстан жастар арасында Олимпиада чемпионы Айбек Оралбай мен бокстан жастар арасында әлем чемпионы Нұрбек Оралбай құттықтап, салтанатты жағдайда жүлделерін табыс етті.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nine + 11 =