©2020 Астана Ақшамы
Мерейтой белгісі бекітілді
Кеше Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына орай өткізілген брендбук байқауының жеңімпазын марапаттау рәсімі өтті.
Астана қаласы әкімі аппаратының басшысы Берік Жәкенов байқауға елордадан басқа еліміздің барлық өңірлерінен де дизайнерлер өз жобаларын ұсынғанын жеткізді. 61 өтініш берушіден 150-ден астам жұмыс келіп түсіпті. Әсіресе, жастар жоғары белсенділік көрсеткен көрінеді. Нәтижесінде байқау комиссиясы 8 жобаны Астананың 20 жылдық мерейтойын ұйымдастыру және өткізу жөніндегі республикалық комиссия қарауына жіберген.
Шара барысында жұмысы үздік деп танылған 8 дизайнер марапатталды. Ал байқаудың бас жүлдесін қанжығалаған «КазЮнион Консалт» ЖШС арт директоры Ақмарал Еспенбетоваға Астана қаласы әкімі аппаратының басшысы 8 миллион теңгенің сертификатын салтанатты түрде табыс етті.
– Логотипті үш апта ішінде әзірледік. Жұмысымыз Астана қаласын паш етеді. Онда сұңқар құсы бейнеленген. Мемлекеттік рәміздердің түсін пайдаландық. Мысалы, логотиптегі «20» саны тудағы күннің түсімен, ал «Астана» деген жазу көкшіл түспен жазылған. Жалпы, байқауға үш жұмыс ұсынған едік. Соның бірі жеңімпаз атанып отыр. Өте қуаныштымыз, – дейді байқау жеңімпазы Ақмарал Еспенбетова тілшілерге берген сұхбатында.
Нұрдәулет КӘКІШЕВ