Мерейлі де берекелі белес

0 47

1990 жыл

Ел жүрегі – елорда шежіресіне айналған «Астана ақшамы» газетінің шыға бастағанына биыл 30 жыл толады. Ақпарат айдынына «Ақмола ақиқаты» атауымен қанат қаққан басылымның алғашқы саны 1990 жылдың 13 қазанында жарық көрді. Бастапқыда аптасына бір рет «Халық билігінің тұғыры биік!» ұранымен шығып тұрған газеттің сол жылы 10 нөмірі оқырманға жол тартты.Бүгіндері орда бұзар жігіт жасына жетіп отырған басылым тігінділерін ақтарып отырып, оның қалыптасу кезеңдерін, осы жылдар ішіндегі қаланың тыныс-тіршілігін, өзекті мәселелерін, сол уақытта шаһар тұрғындарын не толғандыр­ғанын бағамдап, әр жылдардағы газет кейіпкерлерімен, авторларымен танысуға болады. Яғни өткен ғасырдың аяғындағы Целиноградтың, кейіннен байырғы атауы қайтарылған Ақмола мен елдің бас ордасы Астананың, қазіргі Нұр-Сұлтан шаһарының тынысы «Астана ақшамының» беттерінде сайрап тұр. Газеттің осы санынан бастап біз артқа шегініс жасап, бір-бірімен ұштасып тұрған қала мен басылым тарихын жаңғыртамыз. Бүгінгі әңгімеміз басылым алғашқы қадамдарын басқан 1990 жыл туралы болмақ.ҚАЛАНЫҢ АЛҒАШҚЫ РЕСМИ ҚАЗАҚ БАСЫЛЫМЫ

1990 жылы қалада қазақ тілінде облыстық «Коммунизм нұры» (қазіргі «Арқа ажары») және «Қараөткел» газеттері шығып тұрды. Бірақ ана тіліміздегі қалалық басылым болмаған еді. Жергілікті зиялы қауым осы мәселенің пісіп-жетілгенін қала билігіне жеткізіп жүріп, мұны құп алған Целиноград қалалық атқару комитетінің төрағасы Аманжол Бөлекбаев аталмыш комитеттің үні болатын қазақша газетті ашуға айрықша мән берді. Осы істі ұйымдастыруды ол қалалық атқару комитетінің хатшысы Марат Жақыповқа тапсырды.
Алдымен жаңа басылымды басқарып, газет шығаруды алып кететін адам керек болды. Таңдау Целиноград облыстық телевидениесінің жас тілшісі Кенже Жұмағұловқа түсті. Алғашқы бас редактор бұл іске ыждаһаттылықпен кірісіп, алдымен баспасөз өнімін шығару тәжірибелерін зерттеді. Газетке «Ақмола ақиқаты» атауын да өзі ұсынды. Бастапқыда қол астында екі-ақ адам – ақынжанды азамат Еділ Демеуқұлов пен жас журналист Жұмагүл Сәтмұхамбетова жұмыс істеді. Үшеулеп жүріп қоңыр күзде басылымның бірінші нөмірін шығарды.
Газет «Армысың, оқырман!» атты редакция алқасы атынан жазылған алғысөзбен ашылды.
«Құрметті оқырман қауым! Қазақ баспасөзінде, Ақмола өңірінде тағы бір қазақша газет жарыққа шықты. Бұл облыс орталығы Целиноград қаласының ресми органы болмақ. Еліміздегі, сонымен қатар облыс орталығындағы жаңалықтарды, әлеуметтік-­экономикалық жағдайды, қоғамда орын алатын өзекті мәселелерді жазып тұратын боламыз. Бұл іске Сіздер де, құрметті оқырман қауым, белсенділікпен қатыссаңыз­дар нұр үстіне нұр болар еді…» делінген сол мақалада.ҚАЛАЛЫҚ КЕҢЕСКЕ ҚҰЛАҚҚАҒЫС

Расымен, алғашқы нөмірлерінен бастап газетте әр­алуан тақырыптарда ақпараттар беріліп, әртүрлі ойлар қозғала бастады. Оқырмандармен берік байланыс орнап, солардың пікірлері мен өтініштері басылым беттерінен орын алды. Мәселен, 24 қазанда шыққан екінші нөмірде жұмысын бастағанына бір жылға жуықтап қалған халық депутаттарының қалалық кеңесіне құлаққағыс ретінде шағын ақпарат жарияланды.
«Қазіргі күндері қала халқының күнделікті тыныс-тіршілігінде қордаланып қалған проблемалар жетіп артылады. Сондықтан оны жедел шешуге депутаттардың батыл ұсыныстары қажет. Олай болса халық қалаулылары етек-жеңдерін жинап, күн тәртібінде тұрған мәселелерге шындап араласатын кез жетті деген ойдамыз» деп түйінделген бұл мақала.
«Дастарқан молшылығы» атты ақпаратта автор қайта құру кезеңінде халықты азық-түлікпен қамтамасыз етудің маңызын айта келе, көкөніс өнімдерін сақтау қоймасында 13 мың тонна картоп, 1760 тонна сәбіз, 50 тонна тұздалған қызанақ, 727 тонна қызылша, 3200 тонна сарымсақ, 105 тонна тұздалған қияр, 50 тонна тұздалған қарбыз, 2 мың тонна қырыққабат дайындалғанын тілге тиек етті.

ДҮКЕНДЕРДЕН ДОМБЫРА ТАБА АЛМАҒАН

№2 автомобиль комбинатының жүргізушісі, еңбек ардагері Рахманқұл Нұров пен Айгүл Әбдірайымова деген оқырман газет арқылы ұлттық мәселелерді көтерді. Алғашқысы «Домбыраға зәруміз» атты мақаласында «…Қазағымның мұңына да, жырына да, сырына да серік болған қайран домбыраны бұл күнде шырақ алып, қоймадан қойма қалдырмай кезсең де таппайсың. Жыл басынан-ақ шаһарымыздағы «Мелодия» сауда орнын нысанаға алған едім. Содан бері қаншама рет іздеп бардым. Музыка аспаптары сатылатын бөлімге кіре беріп, көзіммен сөрелерді шарлай жөнелемін. Одан өз көзіме өзім сенбегендей сатушыға қарай бұрылам. Ол да: «Келесі аптада келіп көріңіз, мүмкін, әкеп қалар. Әзірге домбыра жоқ» деген жауабынан жаңылмайды» дей келе, «Айналайын, «Ақмола ақиқаты!», Домбыраға зәру жамағаттардың өтініші қашан орындалар екен? Соны біліп берші» деген базынасын жеткізеді.ГАЗЕТ АТАУЫНА РИЗАШЫЛЫҚ

Ал екінші оқырман «Қазақы киім неге тапшы?» мақаласында басылымның «Ақмола ақиқаты» атанғандағы қуанышын «Газеттің дәл осылай аталуы көптің көңілінен шыққаны анық. Құрбыларым мен замандастарымның атынан да, өзімізден де ризашылығымызды білдіреміз. Бұл газеттің жасаған алғашқы қадамы туған қаламызға өзінің төл есімін, тарихи атауын қайтаруға сеп болады деп сенеміз» деген сөздерімен жеткізе келе, қалада ұлттық үлгідегі киім тігетін тігін орындары ашылса деген тілегін айтады (Айгүл Әбдірайымова, «Ақмола ақиқаты» газеті, №2, 24 қазан 1990 жыл).

ЗАУЫТ ЖҰМЫСШЫЛАРЫНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК ЖАҒДАЙЫ

Осы нөмірдегі сүйекті материалдардың бірі «Кәсіподақ кімді қорғайды?» аталған. Газет тілшісі Жұмагүл Сәтмұхамбетова бұл мақаласында «Целиноградсельмаш» зауытының кәсіподақ ұйымы төрағасының орынбасары Виктор Еронченкомен әңгімесінде мәселе көтерген. Журналистің мәліметінше, сол уақытта ауыл шаруашылығына қажетті құрал-саймандарды шығаратын бұл зауытта 6960 адам еңбектенген. Соның жартысына жуығы, яғни 3300-дей әйел болған. Алдымен олардың өндірістегі еңбегі оңай емес екенін айтқан тілші жұмысшыларға жағдай жасау мәселесін қозғаған.
Бұған қоса, жұмысшыларды баспанамен қамту жайы қозғалып, пәтер кезегінде 1890 адам тіркелгені, жеңілдікпен кезекте 400 адам тұрғаны, бұл санатқа өндіріс мүгедектері, зауытта еңбек еткеніне 15 жыл толғандар, соғыс ардагерлері, Ауғанстанда жауынгерлік интернационалдық борышын өтеп келгендер жататындығы, бұл топқа 1991 жылдан бастап Чернобыль апатын жоюға қатысқандарды қосу жоспарланып отырғаны айтылған. Ал 1990 жылдың жартыжылдығында 255 отбасы жаңа пәтерлерге қоныстанған екен.
Тілші мақаласын «Жұ­мыс­тан соң азық-түлік іздеп, қала дүкендерін кезуге мәжбүр жұмысшы – аналардың мұқтажын өтейтін арнайы дүкенді, ал жастар үшін мәдениет үйін, спорт ғимаратын тұрғызу қашан жүзеге аспақ? Бұл сауалдардың жауабы зауыт кәсіподағы үшін де, қалалық атқару комитеті үшін де беймәлім дүние» деп түйіндеген.ҰЛТ ҰПАЙЫН ТҮГЕНДЕГЕН ОҚИҒАЛАР

1990 жылдың 25 қазанында ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің қаулысымен Мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылданғаны белгілі. Газет ел үшін аса маңызды тарихи оқиғаны назардан тыс қалдырмады. Басылым беттерінде бұл туралы әртүрлі пікірлер берілді.
Жалпы, сол жылы тың астанасы атанып жүрген, соның құрметіне Целиноград атауы қойылған шаһарда ұлт ұпайын түгендеуге қатысты екі ірі оқиғаны бөле-жара айтуға болады. Оның алғашқысы қалалық қазақ газетінің құрылуы болса, екіншісі – қазақ музыкалық драма ­театрының ашылуы.
Театр газеттен сәл ертерек, халық депутаттары облыстық кеңесінің 1990 жылғы 28 шілдедегі №6/169 қаулысымен ұйымдастырылды. Тағы бір сәйкестік, «Ақмола ақиқаты» газеті редакциясы ең алдымен қазір Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театры отырған ғимаратта орын тепті. Бұл – бұрынғы Октябрьдің 50 жылдығы, кейіннен театрдың негізін қалаған Жақып Омаровтың аты берілген көшедегі №47 Б үй.

КУӘЛІК АЛҒАНДАҒЫ ҚУАНЫШ

Газеттің 12 желтоқсан күні шыққан нөмірі оған мерзімдік басылым ретінде тіркеу куәлігі берілгендігі жөніндегі сүйінші хабармен ашылды.
«Құрметті оқырман! «Ақмола ақиқаты» газетінің редакциясы сіздерге Қазақ КСР Министрлер кабинетінің Баспасөз жөніндегі мемлекеттік комитеті газетімізге мерзімдік басылым ретінде тіркеу куәлігін бергендігін қуанышпен хабарлайды. Қала өмірінің барлық тыныс-тіршілігін жазуды өзінің негізгі бағыты етіп ұстаған басылымның алғашқы жеті шығарылымы қолдарыңызға тиіп, оқыдыңыздар.
«Ақмола ақиқаты» газетіне қаламыздағы барлық байланыс бөлімшелерінде жазылуға болады. Жылдық бағасы – 8 сом» делінген «Оқырман назарына!» тақырыбымен шыққан сол материалда.

ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІК ҚАТЫНАСЫНА ШАҒЫМ

Қаланың байырғы тұрғындары біледі, бұрын шаһарда автобустармен қатар троллейбустер жолаушыларды тасымалдайтын. Басылымның 8-санында А.Бөкеев есімді оқырман осы қоғамдық көліктерге шағымын жеткізді. Оның жазуынша, кешкілікте К.Маркс (қазіргі Кенесары) көшесі бойындағы «31 мектеп» аялдамасынан облыстық аурухана кешеніне жету мұңға айналған. Сол аялдамадан өтуге тиіс №9 автобус пен №3 троллейбус тоқтамастан өте шығатын болған. Соған қарағанда, қаладағы қоғамдық көлік мәселесі сол уақытта күрделі болған.
Кейінгі кезде мерзімді басылымдар арқылы нағыз еңбек адамдарын дәріптеу үзіліп бара жатыр. Ал 1990 жылғы 12 желтоқсандағы «Ақмола ақиқаты» газетінің бірінші бетіне Целиноград жөндеу-құрылыс тресінің ағаш ұстасы Тоқтарбек Уақбаевтың суреті мен ол туралы шағын мәлімет шықты. Суретті газеттің фототілшісі Орынбай Балмұрат түсірген.ЖАСТАРДЫҢ ҚАЛА БИЛІГІНЕ АШЫҚ ХАТЫ

Сол нөмірде қаланың жұмысшы жастарының Целиноград халық депутаттары қалалық кеңесінің төрағасы А.Косенко мен атқару комитетінің төрағасы А.Бөлек­баевқа жолдаған ашық хаты жарияланды. Қ.Отарбаев, Н.Төлепов бастаған, барлығы 1200 адам қол қойған сол хатта бірнеше мәселе көтерілді.
«Әуелі қаламыздың және облысымыздың атауын қайтару жайына келейік. Ақмола атын қайтару жөнінде былтырғы жылдың май айында Одақтық топономиялық комиссия шешім қабылдаған болатын. Ол жөнінде баспасөз беттерінде жарияланды да…
Біз облысымыздың өркендеуіне үлкен үлес қосқан тың игерушілердің, аға ұрпақ өкілдерінің еңбегін жоққа шығарудан аулақпыз. Бірақ қалай десек те, Ақмола – қаламыздың тарихи атауы…
Екінші тілегіміз – қаламыздың орталық, көрнекті көшелерінің бірі Абай атамыздың атымен аталса екен. Қала шетіндегі әрі тар, әрі лас, ескерусіз қалған көшені біреуге «мынау біздің ұлы ақынымыздың атындағы көше» деуге бетің күйеді. Алдағы уақытта Абайдың 150 жылдық торқалы тойын ЮНЕСКО арқылы тойлауға талпыныс жасалып, сол үшін арнайы қор ашылып жатқанда, біздің мұнымыз ұят емес пе? Біздің ойымызша, қаладағы Октябрь немесе Революция көшелерінің біріне Абай Құнанбаевтың есімін берген дұрыс» деп жазылған сол хатта («Ақмола ақиқаты», 12 желтоқсан 1990 жыл, №8).
Жастардың талабы орындалды. Бірақ бұған алдағы сандарымызда қала мен газеттің шежіресін тарқатуды жалғастырғанда арнайы тоқталатын боламыз.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 + four =