МЕРЕЙІ ТАСЫҒАН «МУЗАРТ»

0 1  334

Елорданың туған күніне орай ұйымдастырылған мерекелік іс-шаралар легін кеше «МузАрт» тобы қорытындылады. Халықтың сүйіктісіне айналған аталмыш ұжымның 15 жылдық мерейтойы «Қазақстан» орталық концерт залында өтті. Оған Астана қаласының Мәдениет басқармасы тікелей қолдау көрсетті. «Көрген де арманда, көрмеген де арманда» деген теңеу дәл осындай кештерге арналып айтылса керек.

????????????????????????????????????
Концерт «МузАрт» мүшелерінің әсерлі естеліктерімен басталды. «Дәл бүгін шындықты айтудың реті келіп тұр. Топ құрарда Мейрамбек пен Мақсат өзара ақылдасып, алғашында Саят Медеуовті алмақшы болады. Кейін мені көріп қалып, талантты әрі қазақи жігіт екен деп ұнатыпты. Осылайша үшеуміз трио ретінде сахнаға шықтық» деген Сәкен Майғазиев жиналған жұртшылықты әдемі әзілдерімен қағытып, ду күлдіріп қойды. Үш жігітті «МузАрт» ансамблі мен Астана қаласы әкімдігі жанындағы эстрадалық-симфониялық оркестр сүйемелдеді. Түрлі аспаптың құлағында ойнайтын өнерпаз жастар концертті одан әрі жандандырып, көрерменнің құлақ құрышын қандырды.

????????????????????????????????????

Реті келгенде айта кетейік, қазіргі таңда Қазақстанның түкпір-түкпірінде Музарт есімді сәбилер бар екен. Жақында ғана Атырау өңірінде танымал топпен аттас тағы бір бөбек дүние есігін ашыпты. Мұндай үрдіске ризашылығын білдірген музыкалық ұжым әу бастағы идеялары туралы түсіндіруді ұмытқан жоқ.

– Триоға қандай ат қоямыз деп көп ойландық. Топ түгілі, адамның атын қою қиын ғой кейде. Бастапқыда жарты жылдай атаусыз шығып жүрдік. Кейіннен өнердегі ағамыз әрі досымыз, белгілі сатирик Сағаділдә Үсіпәлі осы атауды ұсынды. «МузАрт» сөзі екі ұғымнан тұрады. «Уз» – түркі сөзі, қазақшалағанда сал-сері, әнші, нағыз ер деген мағынаны білдіреді. «Арт» сөзі таудың ұшар биігі, құзар шыңы дегенге саяды, – деді топ мүшелері.

????????????????????????????????????
Кеш барысында тұсауы кесілген жаңа әндерді қалың қауым өте жақсы қабылдап, қошеметтерін аямады. Ал «Есіңе ал», «Сен келерсің бір күні», «Жайлаукөл кештері», «Үшқоңыр» секілді әндерге бұқара еріксіз қосылып, бірге орындады. «Бұларды ескі әндер емес, есті әндер десе дұрыс шығар» деп «МузАрт» жігіттері айтқандай, әні мен мәтіні үйлескен сапалы туындылар ешқашан ұмытылмай, әр кез жоғары бағаланатынына тағы бір мәрте көз жеткіздік. Айтпақшы, «Сағындым Алматымды» әні шырқалғанда, залдың іші түгел теңселіп, ұялы телефондардың жыпырлаған шамынан жап-жарық кейіпке енді. Әнді тыңдаған кісінің жүрегі қаттырақ дүрсілдемеуі, кеудесі шымырламауы мүмкін емес еді. Ән аяқталған соң Сәкен:

– Астана ауысқан шақта осы әнді Конгресс-холда айтқанбыз. Ол уақыт тұрмыстың қысылтаяң кезеңі болды. Тірлік іздеген халықтың Алматыдан Астанаға көшіп келіп, ерлі-зайыптылардың бірі – Алматыда, бірі Астанада жүрген тұсы ғой. Сіздерге өтірік, бізге шын, сонда әнді естіп отырып залдағылардың 80 пайызы егіліп көздеріне жас алған, – деді.

????????????????????????????????????
Әр ән тәмамдалғанда қызылды-жасылды гүл шоғын құшағына қысып, сахнаға ұмтылған кісілер қатары еш сиремеді. Бәрі де Сәкен Майғазиев, Мейрамбек Беспаев, Кенжебек Жанәбіловке аппақ алғыстарын жаудырып, мерейтойларымен құттықтауға асықты. Солардың бірі астаналық ақсақал ұжымға «Өнердегі өмірлерің бір ғасырға созылсын. Өнерлерің мінсіз, өмірлерің мұңсыз болсын!» деп батасын берді. Бұл тілекке біз де қосылып, бет сипадық.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

13 − 6 =