МЕРЕЙІ ӨСКЕН МҰҒАЛІМ

0 153

Салауатты өмір салтын ұстанып, үнемі жайдары жүретін Айсұлтан Жақыпбеков өскелең ұрпаққа өнеге болып жүрген абзал азаматтың бірегейі десек жарасады. Бүкіл саналы ғұмырын балалар тәрбиесіне арнаған ұлағатты ұстаз әлі де мектепте, әлі де мұғалім…

Айсұлтан Түсіпбекұлы қаһарлы жыл­­дар­­­дың баласы, яғни Ұлы Отан со­ғы­­сы­­ның нағыз қызған шағында 1943 жы­лы Ақ­мола қаласында дүниеге келген екен. Бала­лық шағы соғыспен тұспал келген­дер жанкешті болады деген сөздің жаны бар ма екен, Айсекең де еңбекке елге­зек болып ер жетті. Табиғатынан бала­жан­ды болған азаматтың бар ойы мектепте мұғалім болуды қалайтын еді. Со­лай болды да, Айсұлтан Түсіпбекұлы өмі­рінің 45 жылын жүрегі қалаған мұғалім маман­дығына арнады.

Қарағанды қаласындағы мұғалімдер институтының дене шынықтыру факуль­тетін бітірген жас маман еңбек жолын ауыл мектебінен бастады. Қорғалжын ау­да­нының Кеңбидайық ауылдағы сегіз­жылдық мектепте балаларды спортқа баулыды. Кейіннен туған қаласы Ақмолаға ора­лып педагогика училищесінде сабақ берді. Облыстық білім беру басқармасы өз ісіне аса жауапкершілікпен қарайтын жас ма­манды жергілікті мұғалімдер білі­мін жетілдіру институтына жолдайды. Бір­неше жыл дене шынықтыру кабине­тінің меңгерушісі қызметін абыроймен атқарды. Балалар ортасында жүргенді жаны қалайтын Айсұлтан аға қайтадан мектепке оралғанды жөн санады. Содан бері, яғни 1994 жылдан бері қала мектептерінде мұғалім болып жемісті еңбек етуде. Жоғары санатты әдіскер атанды.

– Айсұлтан аға бізге әріптес әрі өнеге болып жүрген азамат. Жасы жетпіске толып отырса да, жұмыстан қол үзген адам емес. Қашан көрсеңіз де оқушылардың ортасында жүреді. Балалар да оны жақсы көреді. Өйт­кені, ол уақытпен санаспай жұмыс іс­тейді. Ол тек қана сабақ беріп қоймайды, бокс­тан бапкер, тоғызқұмалақтан әдіскер бо­лып та үлгеріп жүр. Осындай еңбекқор аға­мен бірге жұмыс істеудің өзі бір ғанибет деп айтар едім, – дейді №62 мектеп-гим­назия­ның мұғалімі Сайын Құндыбаев.

Иә, Айсұлтан Түсіпбекұлының біз әлі айтпаған тағы бір қыры бар. Ол – бап­кер­лігі. 1962-1965 жылдары Беларусь әске­ри округінде әскери қыз­метін атқарып жүр­ген­де боксқа қатысып, бірқатар жарыстарда жүлдегер атанға­ны бар. Әскерден кейін де былғары қолғап­ты тастамай респуб­ли­калық жарыс­тар­да ол­жа салып жүрді. Осы бокста жина­ған тәжі­рибесі бапкерлікке де жете­леді. Көп­те­ген шәкірттері елге танылды. Мәселен, бокс­тың әліппесін Айсұлтан ағадан үй­ренген Д.Елубаева, Н.Өмірбаева, Л.Абдрах­манова, А.Жұмағұлова сынды боксшы қыздар бүгінде республикалық және халықаралық жарыстарда жүлде­герлер қатарынан көрініп жүр.

Ұлттық спортқа да айрықша қарайтын ұлағатты ұстаз тоғызқұмалақ пен асық ату спортын да жандандыруға айтарлықтай атса­лысып жүр. Мектепте үйірме жүр­гізіп, шәкірттерін жарысқа қосады.

Тағы бір қосарымыз, Айсұлтан аға елордамызда өтіп тұратын бұқаралық спорт шараларына белсенді қатысушылардың бірі. Қыста шаңғы, жазда жүгіру жарыста­рынан бір қалмайды. Осындай спортқа деген құштарлығы және жастарға көрсе­тіп жүрген өнегесі үшін Астана қала­сы­ның Туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасы мен Білім басқармасы Айсұлтан Түсіпбекұлына бірнеше мәрте алғыс жариялап, марапат көрсетті.

Айсұлтан аға – ұлағатты ұстаз ғана емес, бала­ларына өнегелі әке, немерелеріне ар­дақты ата болып отырған жайдарлы жан. Құдай қосқан жары Гүлнар екеуі ұлдарын ұясына, қыздарын қиясына қондырған бақытты жандар.

Жетпіске келсе де жастар мен балалар­дың ортасында жүріп, еңбектен қол үзбей келе жатқан Айсұлтан ағаның ұстанған өмір салты кімге болса да өнеге болатынына сенімдіміз.

Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

ten + two =