«Менің Қазақстаным» қалай әнұранға айналды?

0 77

Осыдан тура 15 жыл бұрын Шәмші Қалдаяқов пен Жұмекен Нәжімеденовтің «Менің ­Қазақстаным» әні Мемлекеттік әнұран болып бекітілді. Бірақ сол 15 жыл бұрын «Мемлекеттік нышандар туралы» заңымыздың қалай қабылданғанын, тарихи оқиға қалай болғанын әрбір қазақ баласы біле бермейді. Мен сол заңның Мәжілісте қалай қабылданғанын көзіммен көріп, құлағыммен естіген едім. Ендеше жас ұрпаққа үлгі-өнеге, тарихтан тәбәрік болсын деп, сол оқиғадан дайындаған репортажымды оқырман назарына ұсынып отырмын.Ескі әнұран өз міндетін атқарды

Сол жолы (2006 жылы) қос палатаның бірлескен жиыны жөпелдемеде өтті. «Ит жылын белсенділікпен бастайық» деді ме екен, әйтеуір депутаттар мәселеге білек сыбана кірісіп, заңды қабылдау­ға бір деммен кірісті. Олар алдымен Шәмшінің «Менің Қазақстаным» әнінің оркестрмен өңделіп, түзетілген жаңа нұсқасын тыңдады. Бірден белгілі болғаны – әннің қайырмасынан басқа мәтініне ішінара өзгертулер енгізіліпті. Бірақ әуені толығымен сақталған. Үкімет те «Мемлекеттік нышандар туралы» заңға алдын ала жедел сараптама жасап үлгеріпті. Қос палатаның алқалы жиынына сақадай сай әзірленіп келген Мәдениет, ақпарат және спорт министрі Есетжан Қосыбаев жаңа әнұран қабылдаудың мезгілі жеткенін қуана мәлімдеуі сол екен, жарыссөз басталып кетті. Әуелі ескі әнұранға қатысты пікірлер айтылды.
«1992 жылы қабылданған бұл әнұран өз міндетін толық өтеді, – деді топ ішінен суырылып сөйлеген сенатор Қуаныш Сұлтанов. – Ол Тұңғыш Президентімізбен бірге әлемді шарлап, ең құрметті де мәртебелі төрлерде шырқалды. Ендеше ол тарихтың төріне алтын әріптермен жазылады». Ал жаңа әнұранға қатысты әңгімені Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеу­хан бастап берді: «Әнұран айтылғанда егілуің керек, екіленуің керек. Ол ән жеңіс тұғырына көтерілген қыранның аузынан табылуы қажет. Етігімен су кешкен ұланның аузынан табылуы керек ол ән. Толқыған топтың аузынан, шалқыған көптің аузынан табылған ардақты әуен болғанда ол әнұран болады. Ал енді ет-жүрегің езілмей, екіленбей айтқан ән – ән болады, ол ұран болмайды. Осындай талапқа қандай лайықты ән бар десеңіз – ол, сөз жоқ, кез келген қазақстандықтың аузына оралатын Шәмшінің «Менің Қазақстаным» дейтін әні». Одан әрі сөз кезегі тигендердің бәрі де осы пікірді қолдады.

Құпия автор Елбасы екен…

Күн тәртібіндегі негізгі мәселені талқылауға көшерден бұрын халық қалаулылары демдерін ішіне тартып, тына қалысты. Оларды ынтықтырған – «Жұмекеннің сөзіне өзгерістер енгізген автор кім?» деген сауал еді. Сол сауалға жауап беремін деп Мәжіліс төрағасы Орал Мұхамеджанов Елбасының депутаттарға арнаған хатын оқығанда бар құпияның сыры ашылды. Жұмекеннің сөздерін ауыстырған автор өзге емес, Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі екен. Бұл мәтін осыдан біршама уақыт бұрынырақта жазылыпты: «Менің Қазақстаныма» ресми мәртебе беретін күн жетті. Бұл әннің Қазақстан тыңын игерушілердің құрметіне жазылғаны ешкімге құпия емес. Ал әнді әнұран ретінде қабылдау үшін бірқатар өзгерістер енгізу керек деп есептеймін. Біріншіден, онда ғасырлар бойы тәуелсіздік үшін күрескен бабалар ерлігі көрсетілуі тиіс. Екіншіден, мәтінде ата-бабадан қалған асыл мұра – жеріміздің кең байтақтығы орын алуы керек. Үшіншіден, еліміз бен жеріміздің байлығы біздің ұрпақтарымыздың болашағына жарқын жол ашатыны да айқын көрініс тапқаны жөн. Ең бастысы, тәуелсіздігіміздің алтын діңгегі – ел бірлігі баса көрсетілуі керек. Елбасы ретінде емес, мен азамат ретінде осы әннің сөзіне жоғарыдағы талаптарға жауап беретін тиісті өзгерістер ұсынып отырмын. Авторлыққа еш таласым жоқ».
Елбасы өз хатында «авторлыққа еш таласым жоқ» дегеніне қарамастан депутаттардың дені «Қосалқы авторлыққа Елбасының атын қосайық» деп жан-жақтан үн қосты. Қызық болғанда өзге депутаттар бір жақ болды да, оларға Амангелді Айталы ғана қарсы шықты: «Біз Жұмекеннің сөзін жаттап өскен ұрпақпыз, – деді ол. – Біз осы сөзді айттық, айтып келеміз, айта береміз. Ал Үкіметтің ұсынысы, яғни бүгінгі Елбасының ұсынысы – халық үшін күтпеген жағдай. «Құқықтық жағынан барлығына көз жеткіздік, қайшылық жоқ» деді. Дұрыс. Бірақ мұның кейіннен саяси-сыни салдары болуы мүмкін. Біріншіден, жалпы мәдени мұраға өзгеріс енгізу ертеңгі күні белең алып кетпей ме?.. Абайдың ұрпақтарынан рұқсат алып, өлеңдерін өзгертіп жүрмейік. Осы жерде ойлана­йық. Қазақстанның Тұңғыш Президенті бүгінге де, тарихқа да керек. Сондықтан мен «Менің Қазақстанымды» Жұмекеннің авторлығымен, Шәмшінің музыкасымен халықтың сыйлап келген қастерлі әні күйінде қабылдауды ұсындым».
Бұл ұсынысқа қос палатаның әнұранға қатысты комиссиясының төрағасы Қуаныш Сұлтанов: «Бұл жерде өлең өзгерту жаппай белең алады деп қауіптенудің қажеті жоқ. Өйткені әнұран біреу-ақ. Барлық мұрагерлермен заңдық, техникалық жағы түгел қамтамасыз етілген. Бір ескеретініміз, Ж.Нәжімеденовтің мұрагерлері «егер Елбасы авторлыққа қосылса қолдаймыз» деген тілек айтқан. Екіншіден, мәтін сөзді ешқандай әлсіретіп тұрған жоқ. Біз кешегі Жұмекеннің сөзін жаттап өссек, біздің балаларымыз осы сөзді жаттап өседі» деген уәж айтты.
Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан да осы тұста былай деді: «Басқа елдерде бұл қайшы көрінуі мүмкін, – деді ол. – Бірақ тарихқа үңіліңіздер. Қазақтың ханы Абылайы «Көкболат», «Қаражорға» деп күй шығарды. Біз өнер адамы емес, Алашорданың идеологы, лингвист-ғалым деп білетін Ахмет Байтұрсынұлының 36 әні бар. Ал Нұрсұлтан Назарбаевтың поэзияға жақындығы жөнінен бүкіл ел құлағдар. Анау «Елім менің», «Үшқоңыр» әндерін елдің бәрі естіп жүр. Сондықтан бұл жерде заңға томпақ келетін дүние жоқ».
Ақырында депутаттар көпшілік дауыспен Елбасыны қосалқы автор етті.
Әнұранға қатысты депутаттар енгізген тағы бір жаңалық бар. Бұдан былай әнұран орындалғанда тік тұрып қана қоймай, оң қолыңызбен жүрек тұсыңызды басасыз. Сөйтіп жаңа әнұранға қатысты заң жобасын депутаттар бекітті. Ал жаңа әнұран алғаш рет Елбасының ұлықтау рәсімінде орындалды.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

10 + 20 =