Менің мектебім!

0 298

Бүгінде қазақ журналистикасында «мектеп көрген» дерлік замандастарымыз сирек. Кейінгі жастардың денінде «тәжірибе» деген іргетас қаланбаған. Ал елордалық «Астана ақшамы» газеті – мен үшін өткен үлкен мектеп!

2001 жылы ұлттың туын да, сөзін де ұстаған қырағы қырандар мекені – Торғай даласынан келіп, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика бөліміне оқуға түстім. Сол жылы жергілікті «Астана ақшамы» газетінде өзімнен бір курс жоғары оқитын Арман Асқаров пен Саягүл Жарылқасынның шағын ақпараттары мен мөлтек ойлары жиі жарияланып тұратын. Кафедра оқытушылары екінші курс­тың сол екі «беткеұстарын» әжептәуір мақтан тұтып жүрді. Содан мен де өзімнің «журналист болып туғанымды» дәлелдеу үшін бірінші курста елордадағы екі-ақ қазақша басылым – қалалық «Астана ақшамы» мен облыстық «Арқа ажарына» еркін тақырыптағы мақалалар мен ақпараттарды нөмір сайын жаза бердім. Тіпті, Арман мен Саягүлден асып түсу мақсатында оған сауалнама, блиц-сұхбат дегендей жанр­ларды қосып қойдым.
«Ақшамдық» Еренғайып Қуатайұлы, Төлен Тілеубай, Қымбат Тоқтамұрат, кейде бас редактор Мағжан Садыханұлының өзі де еркін тақырыпта жазуға біраз тапсырма беріп тұрды. Сұрағандарын айтқан уақытында әкеп тастай бердім. Сөйтіп бір жыл сынаған соң, яғни 2-інші курста оқып жүргенімде Мағжан Садыханұлы мені газетке жарты айлыққа жұмысқа қабылдады…
Сонымен не керек, бұл газетте Мағжан Садыхан­ұлының редактор кезінде кетіп қалып, оның орнына Нұртөре Жүсіп келгенде, одан кетіп, Амантай Шәріп басқарғанда, содан кейінгі тізгінді Ерболат Қамен ұстағанда, қысқасы, төрт редактордың тұсында төрт мәрте келіп, тілші, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқардым. Әр жылдардағы тігіндісінде өзіндік қолтаңбам бар.
Жалпы, «Астана ақшамы» газеті – менің журналистика биігіне көз тігерде аңдап басқан алғашқы сатым. Университетте Ақселеу Сейдімбектің шәкірті болсам, қызметте осы басылымның арқасында Нұртөре Жүсіп, Бауыржан Омаров, Мақсот Ізімұлы деген «сен тұр, мен атайын» сөзмергендердің қоластында шыңдалдым. Қазіргі қазақ журналистикасында аты-сойы бар көптеген әріптестермен таныстым. «Ақшамда» қаланған іргетас мықты болғандықтан, «ақшам бар» деген кез келген қаламгермен иық теңестіріп, үзеңгі қағыстыра жүріп сөйлесе аламын.
«Астана ақшамы» газетінен соң республикалық «Ел», «Нұр Астана», «Қазақстан», «Ана тілі», «Ұлт times», «Қазақия», «Сақшы», «Полиция.kz» басылымдарында, Қазақ радиосында, «Таң» телеар­насында, Skifnews.kz порталында тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі барлық сатыдан өтіп, журналистиканың барлық саласын еркін меңгеріп алдым десем де, «қыздың бетін кім ашса, сол ыстық» қой. Демек, елордалық басылымның мерейтойы қарсаңында кеуде керіп тұрып айта алатын бір ауыз сөз: бұл – менің мектебім!

Еркеғали БЕЙСЕНОВ,
Skifnews.kz ақпарат
порталының бас

редакторы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × three =