Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/vhosts/elorda.info/astana-akshamy.kz/wp-content/themes/publisher/includes/libs/bs-theme-core/theme-helpers/template-content.php on line 1164

Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/vhosts/elorda.info/astana-akshamy.kz/wp-content/themes/publisher/includes/libs/bs-theme-core/theme-helpers/template-content.php on line 1165

Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/vhosts/elorda.info/astana-akshamy.kz/wp-content/themes/publisher/includes/libs/bs-theme-core/theme-helpers/template-content.php on line 1166

Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/vhosts/elorda.info/astana-akshamy.kz/wp-content/themes/publisher/includes/libs/bs-theme-core/theme-helpers/template-content.php on line 1177
«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Мен үшін қазақтар туған бауырларымдай

Шерзод ПУЛАТОВ, Астана қаласы өзбек этномәдени орталығының төрағасы, Қазақстан халқы ассамбелясының мүшесі

0 427

Бала күнінде анасына «Үлкейгенде Президент көмекшісі болғым келеді» деген Шерзод кешегі өткен сессия отырысында осы арманы туралы Елбасыға айтып берді. Мұны естіген Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Сен онсыз да менің көмекшім болып жүрсің ғой» деп шынайы ризашылығын білдірді. Елбасының барлық бас­тамаларына қолдау білдіріп, жүзеге асыруға атсалысып жүрген ҚР Президентінің жанындағы қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасының іске асыру жөніндегі Ұлттық комиссияның мүшесі Шерзод Пулатовпен мереке қарсаңында әңгімелесудің сәті түскен еді.

– Шерзод Аббосұлы, сіздің үнемі білім жолында ізденіп жүретін қасиетіңіз ұнайды. Сегіз тілді, оның ішінде қазақ тілін де еркін білесіз. Адамның білімді болуы алған тәрбиесіне байланысты. Өскен ортаңыз туралы оқырмандарға айтып берсеңіз…
– Мен 1978 жылы Өзбекстан Республикасы, Әндіжан қаласында дәрігерлер отбасында
дүниеге келдім. Мен туған кезде ата-анам студент болғандықтан шығар, бәлкім, осы жасқа жеткенше ізденуден, ілім үйренуден жалықпаймын. Әрине, балалық шағым бұрынғы Жамбыл, қазіргі Тараз қаласында өтті. Сегіз жылдан бері Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесімін. Өзіңіз айтқандай, қазақ, орыс, ағылшын және араб тілдерін жақсы меңгергенмін. Урду, түрік және парсы тілде­рінде де сөйлесе аламын. 2010 жылдан бері Астана қаласының өзбек этномәдени бірлестігінің басшысымын.
– Ислам құқығына байла­ныс­ты көптеген еңбектердің де авторысыз. Ғылымға ден қойып жүрсіз бе?
– Бұйыртса, Пәкістанның Исламабад қаласындағы Халық­аралық Ислам құқығы мен құ­қықтану біліктілігі бойынша PhD докторлықты аяқтаймын. Жалпы, ислам құқығымен бай­ланысты ұлтаралық және құ­қықтық тақырыптарға қалам тербеймін. 2015-2016 жылдар аралығында АҚШ-та «Planning Change» медиаторларды да­йын­дау орталығында және Нью-Йорк қаласындағы «Peace» инс­титутында медиаторлар да­йындығынан табысты өттім.
– Биыл өзіңіз басқаратын орталықтың құрылғанына 10 жылдан асты. Ал Астананың 20 жылдық мерейтойын қалай атап өтпексіздер?


– Биыл бірлестігіміз үшін ерекше тарихи жыл болғалы тұр. Алдымен Астана қаласының өзбек этномәдени бірлестігінің белсенділері қаламыздың түрлі са­ла­­ларында еңбек етіп жүрген отандас­тарымызбен бірге Ел­ба­сының биылғы жылғы Жолдауын тал­қыладық. Астана қаласының 20 жылдығына арнап орталығымыз­дың іс-шаралар жоспарын жаса­дық. Аталмыш жоспарды өт­­кен жылдың қаңтар айында өткен спорт тәдбірлерімен бастадық десек болады. Отандастарымыз футбол бойынша жастар арасында қала турнирі­не белсене қатысуда. Ал өткен жылдың ақпан айында ұлы ақын және ойшыл Әлішер На­уаидың 576 жылдығына арналған әдеби кеш ұйымдастырылды. Ұлттық академиялық кітапханада өткен жиынға Науаи бабамыз­дың шығармашылығына әуес отандастарымыз қатысты. Әдебиетке деген қызығушылықты арттыру, түркі ойшылдарының бай әдеби мұрасын жандандыру және сақтау мақсатында өткізілген кеш жоғары деңгейде өтті. Ұлылардың құдіреті – олар қалдырған мәдени мұраларында. Ғалымдар Әлішер Науаи өлең жазуда 1 млн 378 мың 660 қайта­ланбаған сөздің пайдаланғандығын анықтаған. Себебі ол тек түркі емес, парсы, араб, урду, қытай, моғыл және басқа тілдердегі сөздерді шеберлікпен пайдаланған. Осылайша, ақынды еске алу кешінде бір-біріміздің рухани әлемімізді, көзқарасымызды игіліктерге толтыру мақсатында қызмет етіп жүргенімізді тағы бір мәрте дәлелдедік.
– Қазақ халқын қаншалықты сүйесіз? Жалпы, осындағы өзбек жастары жиналғанда қазақтың қандай мәселелерін қозғайсыздар?
– Бір Алланың қалауымен Қазақстанда өсіп, осы жерде тұру мүмкіндігі бұйырды, бәйтерегімді жайып келемін. Осы жерде сапалы білім алып, шаңырақ көтердім. Енді, міне, сүйікті еліміздің өркендеуі үшін үлес қосып жатқан жайымыз бар. Кез келген адам үшін ең бастысы білім екенін айт­қым келеді. Қазақстанда жеткен жетістіктерім – алған білімім. Отанына алғысы шексіз ұл ретінде, бүгінгі таңда еліміздің өркендеуіне үлес қосу мақсатында осы білімімді пайдаланып жүрмін. Отбасын құру да жетістік. Үйленгенмін, үш тәтті балапаным мен сүйікті жарым бар.
Жалпы, еліміздегі өзге ұлт өкіл­дерінің мәдениетін дамытуға бағытталған жұмысқа көңілім толады. Мәселен, 2015 жылдан бері Астана қаласындағы өзбек мәдени орталығында «Зиё» атты жексенбілік мектеп жұмыс істеп келеді. Әртүрлі жастағы балаларға білім беретін ресми алаң 2017 жылдан бері мемлекет тарапынан қолдау көріп келеді. Астана қаласындағы бұл мектепке жыл сайын қызығушылық танытушылардың саны артуда. Бүгінде бұл мектепте 60 бала оқиды. Сондай-ақ, бұл санатқа біздің бірлестіктің қамқорлығымен жастар қанатының құрылуын қосқым келеді. Аталған жастар қанатының құрамына әртүрлі өмірлік қызығушылықтары бар студенттер мен оқушылар кіреді. Осы жастармен жүздесу барысында елімізде білім алуға барлық мүмкіндіктер жасалғанын, ендігі жерде оқымау, жұмыс істемеу ұят екенін ылғи айтып келемін. Басымыз қосыла қалған жағдайда еліміздің дамуын, алға жылжуын, Президент көтерген бастамаларға қолдау білдіруге шақырамын. Осы елде болып жатқан барлық өзекті мәселелер бізге де ортақ. Мен үшін қазақтар – осы аймақта өзбектер үшін туған бауырына айналған адамдар. Тарих бізге қазақтар мен өзбектер тұрып жат­қан территориядан ма­ңызды сауда жолдарының, бұдан өзге, бұл халықтың басынан түрлі қиын-қыстау кезеңдер өткенін көрсе­теді. Осының барлы­ғы елімізде
тұрып жатқан ха­лықтар мен­тали­те­тінің қалып­та­суы­на әсер етті. Айт­­­қан сөздерім мен өмірлік тәжірибеме сү­йене отырып, қазақ халқын жаны жайсаң, мейірімді, ашық, дос бола білетін, қолында ба­рын бөлісуге әрдайым дайын және бауырмал
ұлт ретінде жақсы кө­ре­тінім ақиқат.
– Күні кеше өткен Ассамблеяның сессиясында сөз сөйлеп, тарихта қалдыңыз. Президент алдында не айттыңыз?
– Өткен сессияның біз үшін маңызы зор. Өйткені Елбасы ортаға ортақ мәселелерді айтып, тапсырма береді. Мен де өз тарапымнан Мемлекет басшысының бес әлеуметтік бастамасына қолдау білдіріп, оның маңыздылығы туралы өз пікірімді айттым. Ең біріншіден, еліміздің жастарын бес бастама аясында жұмыс істеу­ге шақырдым. Биыл, өздеріңіз білесіздер, Қазақстандағы Өзбекстан жылы. Осыған байланысты Президентке барлық өзбектер атынан алғысымды жеткіздім. Қазіргі уақытта Өзбекстан жылына байланыс­ты түрлі іс-шаралар атқарылып жатыр. Қарым-қатынасымызды одан әрі нығайтатын мәдени іс-шаралар, конференциялар, түрлі семинарлар өтуде. Бізді Қазақстан Үкіметі де, Өзбекстан елшілігі де үнемі қолдап келеді. Сессия кезінде осы іс-шаралар туралы Президентімізге қысқаша мәлімет бердім. Оның ішінде Астана қаласында Еуразия
ұлттық университетінде Әлішер Науаи атындағы өзбек әдебиеті орталығын ашуды жоспарлап отырмыз. Дәл қазір Өзбекстан тарапынан арнайы топ келіп, ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде.

Сұхбаттасқан
Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды